Қазақстанда жеңілдетілген автонесие беру қашан қайта басталады - министр айтты
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев жеңілдетілген автонесие алуға өтініштерді қабылдау қашан қайта басталатынын айтты деп хабарлайды stan.kz ақпарат агенттігі.
Министрдің айтуынша, кезекті автонесие бағдарламасын іске қосу үшін бір айдың ішінде тағы миллиард теңге жинау керек.
“Қазір ай сайын миллиард теңгеге жуық қаржы қайтарылады. Бұл қаражат 100 көлікке жетеді. Енді 500-ге жуық техникаға жеткілікті қаражат болған соң ғана бағдарламаны іске қосатындай етеміз. Бұл бес миллиард және одан да көп ақша. Қазір төрт миллиард айналымда бар, бір ай ішінде біз тағы бір миллиард жинаймыз, содан кейін біз тағы да онлайн режимінде бағдарламаны жариялаймыз. Бұл ең ашық механизм”, – деді Марат Қарабаев.
Бұған дейін Қарабаев жеңілдетілген автонесие бағдарламасында қарастырылатын негізгі тармақтарды жариялаған еді. Атап айтқанда, бастапқы жарнаны енгізу, жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік алғандардың аты-жөнін жариялау, жалақы деңгейіне шектеу енгізу көзделген.