Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Интернет-банкингтегі қауіпсіздікті қалай сақтаймыз?

Интернет-банкингтегі қауіпсіздікті қалай сақтаймыз?

Бүгінгі таңда банктер өз қызметтерінің көп бөлігін онлайн режимге аударуда. Олар клиенттерге телефон, электрондық пошта және онлайн чат арқылы қызмет көрсете бастады. Қазір 4G және Wi-Fi желілері кеңінен қол жетімді болғандықтан, интернет-банкинг дербес компьютерлер мен мобильді құрылғылар арқылы жүзеге асырылады. Бұл жерде сіздің деректеріңіз бен қолма-қол ақшаңызды кибершабуылдардан қорғайтын сенімді банкті таңдау ғана емес, сонымен қатар өзіңіздің ақпараттық қауіпсіздігіңіз қамтамасыз ету де маңызды. Бүгін stan.kz ForteBank-пен бірге интернет банкингті сенімді қорғаудың жолдарын ұсынады.
Ақпараттық қоғамда өзіңіздің телефон мен компьютерді қорғау, жеке басыңызды қорғаумен пара-пар нәрсеге айналды. Себебі сіздің барлық қаржылық деректеріңіз гаджеттер, логин-парольдер мен sms-кодтарға байлаған. Оларды басқа адамның қолына табыстау арқылы барлық табысыңыз бен жеке өміріңізді де әшкере етесіз. Қазіргі таңда интернет-алаяқтықтың ең танымал түрі фишинг деп аталады.
Фишинг деген не? Одан қалай қорғанамыз?
Фишинг ағылшын тілінен "балық аулау" деп аударылады. Яғни алаяқтар сіздің қызығушылығыңызды оятатын ақпаратты қармақтың ілгішіне іледі. Егер сіз ол ақпаратты “жұтып қойсаңыз”, қармаққа ілінесіз. Фишинг жасайтын алаяқтар көбіне банктердің жалған сайттарын, жалған мобильді қосымшаларын, әлеуметтік желідегі жалған парақшаларын қолданады. Олар сіздің банктің атауы бар эмблеманы қолданады. Әлеуметтік желі, мессенджерлер немесе электронды пошта арқылы сізге жалған ақпарат жібереді. Ол ақпаратты ашып, жіберілген сілтемеге өткен жағдайда сізден тіркелу үшін логин-пароль сұрайды. Оларды енгізген жағдайда жоғарыда айтылғандай қармаққа іліндіңіз.
ForteBank фишинг шабуылдан қорғану үшін бар болғаны мұқият болу керегін ескертеді. Қауіпсіздіктің бірнеше түрі бар:
● Электронды поштаға немесе мессенджерге келген хаттарды мұқият оқыңыз. Әдетте алаяқтардан келген хаттарда асығыс шешім қабылдауға бағыттайтын сөздер болады. Мәселен, "үш сағатыңыз ғана қалды, үлгеріп қалыңыз" деген мағынада. Осы арқылы сезімдеріңізді оятуға, онымен ойнауға тырысады. Хат тақырыптары сіздің ірі "ұтысыңыз" немесе керісінше қомақты "қарызға" кіргеніңіз туралы болуы мүмкін. Мұндай кезде хат жіберуші адресті тексеріңіз, сілтемелерге өтуге асықпаңыз, картаңызға қатысты ақпаратты толтырмаңыз.
● Сайттар мен әлеуметтік желіде қауіпсіздік сақтаңыз. Алаяқтар банк атынан жалған сайт немесе парақша ашуы мүмкін. Сондықтан қандай да бір сілтемеге өтпес бұрын адресатты тексеріп алыңыз.
● Егер сіз интернет дүкеннен немесе басқа да сайттардан тауар немесе қызмет сатып алу үшін картаңыз туралы ақпаратты енгізу керек болса, алдымен сілтеменің оң жағында тұратын құлыпты басып, сайт иесі туралы ақпаратпен танысып алыңыз, фишинг сайттарда иесі туралы ақпарат болмауы мүмкін.
Несие алу кезіндегі қауіпсіздік
Ең жиі кездесетін алдау түрі тұлғаның атынан несие алу. Сіздің атыңыздан өзіңізден өзге адам несие алуы мүмкін емес. Тек өзіңіз оған жол ашып бермесеңіз. Интернет арқылы мүмкіндік ашу жолдарын жоғарыда көрсетіп кеттік.
Яғни күмәнді сілтемеге өту, сайтқа кіру, карта реквизиттерін жазу арқылы сіз өзіңіз жайлы ақпаратты басқа адамға сеніп тапсырасыз.
Бұдан бөлек ескере кететін жайт, көптеген банк несиеге өтінішті онлайн қабылдау жүйесін енгізген. Несиеге банктен келісім алу үшін бар болғаны өз ЖСН-іңізді енгізесіз де, жауабын күтесіз. Алайда банк сізге несиені беруі үшін бөлімшеге бару керек немесе биометрикалық тексеруден өту керек болады. Тек өз ЖСН-іңіз бен телефон нөміріңізді банктың ресми сайтында енгізіп отырғаныңызды тексеріп алыңыз.
ForteBank қауіпсіздік жөнінде мынадай кеңестер береді:
1. Интернет-банкке кіру үшін Google секілді танымал іздеу жүйесін қолданыңыз, алдын ала жасалған бетбелгілерді пайдаланыңыз немесе адресті қолмен енгізіңіз. Адрес HTTPS деп басталатындығына және жанында құлыптың суреті бар екендігіне көз жеткізіңіз.
2. Егер сіз өзіңіздің күнделікті жұмыс орныңызда болмасаңыз (кафе, қонақүй және т.б.) қорғалмаған Wi-Fi желісін қолданбауға тырысыңыз.
3. Жүйеде болған кезде өз компьютеріңізді назардан тыс қалдырмаңыз және қиын құпиясөзді қолданыңыз.
4. Егер сіз банк қызметтерін мобильді қосымша арқылы қолданатын болсаңыз. Мобильді қосымшаның кодын ешкімге айтпаңыз. Кодты қиынырақ ойлап табуға тұруға тырысыңыз. 1234 немесе 0000 деген код сізге жаттауға оңай болғанымен алаяқ үшін де оңай болады. Өзіңізбен тікелей байланысты цифрларды туған күн, жылыңыз болмауы тиіс.
5. Кодтан бөлек езге қауіпсіздік құралын қолданыңыз. Мысалы, бір реттік sms-пароль, Face ID немесе Touch ID
6. Мобильді қосымшада өз картаңызды реквизиттерін құпия етіп қойыңыз. Шот нөмірінің соңғы сандары ғана көрінетін болсын.
7. Шотыңыздағы қаржы көлемін жасырып қоятын қызметті пайдаланыңыз. Мәселен, Forte қосымшасында сіз құпиялық белгісі бар смайликті басу арқылы шотыңыздағы қаражат көлемімен транзакцияға қатысты ақпаратты құпия ете аласыз.
Құпиясөздің қауіпсіздігі
Үйіңізге жақсы құлып қойған секілді өзіңіздің шоттарыңызға да мықты құпиясөз қоя білу керек. Ол сіздің жеке ақпаратыңызды қорғап, хаттарыңыз, файлдарыңыз бен өзге де материалдарыңызды қорғап, аккаунтты бұзуға тырысатын алаяқтардан сақтануға көмектеседі.
Құпиясөзде 12-ден артық символ болғаны дұрыс. Оның ішінде әріптер, сандар мен өзге де символдардың комбинациясы болуы шарт. Оның неғұрлым ұзақ болғаны жақсы.
Құпиясөзіңіз тым жеңіл болмасын. Оның ішіне өз аты жөніңізді, туған күніңізді қосудың керегі жоқ. Оны есте сақтау үшін өзіңіз ғана білетін ассоциацияларды қолданыңыз. Сүйікті өлеңіңізде, әніңізде немесе фильміңізде айтылатын шумақ немесе цитата болуы мүмкін. Немесе сол цитатадағы сөздерден аббревиатура жасауға болады. Бірақ бұл ақпараттың баршаға аян болмауын қадағалаңыз. Сүйікті фильміңізден цитата алсаңыз, ол фильм туралы ой бөліспеуге тырысыңыз. Себебі жақын адам да ол ақпаратты сізге қарсы қолдануы мүмкін.
Бір құпиясөзді бірнеше аккаунтта қолданбаңыз. Барлық жерге әртүрлісін қоюға тырысыңыз. Қажеттілік болмаған жағдайда да құпиясөзді ауыстырып отырыңыз.
Егер сіздің шотыңызға беймәлім жолмен қомақты қаржы түскен болса, оны кері жібермес бұрын банкке хабарласыңыз. Келіп түскен қаржыны басқа адамға аудармаңыз, кішкене бөлігін болсын шығарып алуға тырыспаңыз, онымен төлем жасамаңыз. Ақшаны қандайда бір жолмен пайдалану арқылы сіз ол қаражатты өз еркіңізбен алғаныңызды дәлелдейсіз. Алдымен банкке хабарласып, өзіңізге қомақты қаржы түскенін айтып, оны аудару жолын сұраңыз.
Алаяқтарға алданған жағдайда не істеу керек?
Егер керісінше сіздің шотыңыздан сіздің шешіміңізден тыс қандай да бір көлемде ақша алынған болса, шоттарыңызды бұғаттаңыз. Банк пен полицияға хабарласып, сіздің жеке ақпараттыңызды алаяқтар қолданып жатқанын ескертіңіз. Өзіңізді және туыстарыңызды алаяқтар құрығынан қорғай біліңіз.
21 сәуір 2023 ж. 132 0

Музей – тұнған тарих

18 мамыр 2024 ж. 126

Бегім ана берген сый

18 мамыр 2024 ж. 179

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031