Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Театр: Бүгінгі тыныс – ертеңгі тарих

Театр: Бүгінгі тыныс – ертеңгі тарих

Белгілі жазушы Мұхтар Әуезов «Театр – біздің ішкі дүниемізге, жан жүйемізге әсер етіп, адамдық қалпымызды тәрбиелейді» деп оны жоғары бағалаған. Тіпті ғажайып ғалам тұрғындары театр өнеріне бас иіп, пәлсапасын түсінгені соншалық, күнтізбеде ойып тұрып орын алар мерекелік күнді де белгілеген. Бұл күнді тойлаудан қазалылық өнерпаздар да шет қалмады.
Кеше Роза Бағланова атындағы мәдениет үйінде 27 наурыз – Халықаралық театр күніне орай «Театр – өмір айнасы» атты драма ұжымдарының аудандық фестивальі өтті.
Киелі сахна саңлақтарының мерекесінің жоғары дәрежеде өтуін қолға алған мәдениет бөлімі шара қонақтарына бұл күннің маңыздылығын кіреберістегі ауданның театр тарихының көркем көрмесімен жеткізе білді.
Одан әрі театрсүйер қауым көрермендер залына жылжып, мінберден алғы сөз алған Қазалы ауданының мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Болат Әбенұлы мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін жеткізді.
– Сіздерді Халықаралық театр күнімен құттықтаймын!
Көрермен көңілін нұрға, жүректерін жырға бөлеп, халқымыздың ұлттық құндылықтарын ұлықтап, өнерсүйгіш ұрпағымызды тәрбиелеу жолындағы игілікті еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!
Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, істеріңізге сәттілік, шығармашылық табыстар тілеймін. Ұлтымыздың саф өнерін жандандырып, биік белестерден көріне беріңіздер. Мереке құтты болсын! – деді ол.
Театр ұжымдары фестивальіне ауданға қарасты жеті ауыл өнерпаздары қатысты. Олардың әрқайсысы реттілік бойынша көңіл жібітер, терең мағыналы, тарихи қойылымдарды қалың көрермен назарына ұсынды.
Талапкерлер өнерін сарапқа салып, оң бағасын берер қазылар алқасы қатарында Мәдениет саласының үздігі, актриса, қазылар алқасының төрайымы Ұлжан Ахметова мен Жәдігер Тұрсынов атындағы халықтық театрының режиссері Индира Рсалиева сынды мәдениет майталмандары болды.
Барша өнерпаздар қойылымдарын тәмамдап болған соң, әділқазы алқалары номинация иегерлері тізімін жария етті. Аудандық театр ұжымдары фестиваль нәтижесі бойынша, Абай ауылы, №90 мектеп оқушылары жүрек жылытар «Дауыл әкелген дәрігер» атты көрінісін сәтті сахналап «Үздік қойылым» номинациясын иеленді. Ал «Үздік режиссер» номинациясын Бозкөл ауылдық мәдениет үйінің драма үйірмесінің режиссері Ляззат Тәңірбергеноваға бұйырса, «Үздік әйел бейнесін» Түктібаев ауылынан келген Назерке Дәулетжанова иеленді. Сонымен қатар Жалаңтөс батыр ауылының өнерпазы Ербол Ізтілеуов «Үздік ер адам бейнесін» қанжығаласа, өркендеулік Болатбек Рсалы «Үздік актерді» алды. Басқа да, «Ең жас актер» мен «Көрермен көзайымы» бағамы басықаралық Нұрсат Қожабаев пен Бекарыстан би ауылынан келген Шерхан Тілеуназарға бұйырды.
Рухани азыққа қаныққан жұрт көңілі көншіп, сахна төрінен орын алған марапат иелері ыстық ықылас пен ду қол шапалаққа бөленді.
– Қазіргі әлем қайғы-қасірет пен жағымсыз көңіл-күйге толы. Олардың кезегін кейде тіпті, позитивті және қуанышқа толы сәттер үзу керек. Мысалы, театр. Театр – заманауи адам үшін өнердің қызықты түрі ғана емес, бұл - қуатты антидепрессант. Ол – қуаныш, жеңілдік және жақсы көңіл-күй сезімін тудыратын жағымды эмоциялардың үлкен қуатын береді. Сол себепті де бүгінгі фестивальге келген едім. Бәрі ойдағыдай, керемет өтті. Ауданда театр өнерінің қарыштап дамып келе жатқанына және театрдың жастар арасында сәнге айналғанын көріп қатты қуанып қалдым. Алдағы уақытта керемет, мәнді де сәнді сахналық қойылымдар күтетін боламыз, – дейді кент тұрғыны Тұрар Әбілқанұлы.
Театрдың бүгінгі тынысы – ертеңгі тарих. Ұлт құндылықтарын насихаттап, рухани жаңғыру жолында тарихтың бет-бедерінен тағылымы мол дүниелерді көрермен назарына ұсыну – ұлтымыздың рухани темірқазығын сақтау. Осындай ұлы істерге дара да сара жол салып келе жатқан аудан театрының ұжымына сәттілік тілейміз!
Серік АҚМЫРЗА
28 наурыз 2023 ж. 348 0

Музей – тұнған тарих

18 мамыр 2024 ж. 80

Бегім ана берген сый

18 мамыр 2024 ж. 118

ҰБТ: қам қалай?

18 мамыр 2024 ж. 88

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031