Келешекке қадам жасалған күн
Ел тарихындағы елеулі оқиғаға бейжай қарамай сайлауға белсенді қатысу – әрбір азаматтың басты борышы. Себебі бұл – бүгінгі Қазақстанның ғана емес, келешек ұрпақтың тағдырына тікелей әсер ететін маңызды сәт. Өткен жексенбі қазақстандықтар үшін маңызды күн болды. Яғни, елде Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Жоғары жауапкершілікті сезінетін Қазалы жұрты таңғы сағат 7.00-ден бастап дауыс беруді бастап кетті. Бұл тұста ауданда 40 сайлау учаскесі жұмыс істеді. Мұнда 46 488 дауыс беруші тіркелген.
Әйтеке би кентіндегі №226 мектеп-гимназияда орналасқан №62 сайлау учаскесінде дауыс беру Қазақстан Республикасының мемлекеттік Гимнін шырқаудан басталды. Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген науқанда сайлаушылар әрбір сайлау учаскеде наурыз көшеден дәм татып, алғашқы болып дауыс беруге келгендер сыйлықтар иеленді. Ол қатарда ғасыр жасаған Шамша Аймашқызы да бар. Немере-шөберелерімен бірге келген кейуана Ғани Мұратбаев ауылындағы №64 сайлау учаскесі ресми түрде ашық деп жарияланған соң, дауыс берушілердің алғашқы легін бастап кірді.
– Бүгін елімізде өтіп жатқан саяси науқанға өз үлесімді қоссам деген ниетпен ертемен келіп, таңдауымды жасадым. Ел тағдырына алаңдайтын барлық тұрғын бүгінгі шарадан қалыс қалмауы тиіс деп ойлаймын. Халқымыз аман болсын! Өзгерістердің барлығы оңынан болсын! – деді кейуана.
Қазіргі күні алты ұл-қыз тәрбиелеп өсірген батыр ана бүгінде 15 немере, 28 шөбере, 8 шөпшек сүйіп отыр. Ойы анық, денсаулығы бірқалыпты әже саналы ғұмырындағы барлық саяси науқандарға белсенді қатысып келеді.
Бұл тұста Әйтеке би кентіндегі Қазалы көлік-техникалық жоғары колледжінде орналасқан №92 сайлау учаскесінде «Қазалы локомотив жөндеу зауытының» қызметкерлері ұжыммен бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Ал №64 сайлау учаскесінде
Ғани Мұратбаев ауылындағы «РЗА-Агро» ЖШС диқандары белсенділік танытты. Сол секілді Қазалы ауданаралық ауруханасының жедел жәрдем фельдшерлері мен жүргізушілері және әрбір жұмысына селсоқ қарамайтын, жұртшылықтың амандығы мен тыныштығын күзетіп кезекшілікте жүрген төтенше жағдай қызметкерлері де саяси науқанда төбе көрсетті.
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Әуесұлы бүгін аудандық Оқушылар үйінің ғимаратында орналасқан №56 учаскелік сайлау комиссиясына барып, өз дауысын берді.
Қарапайым халықпен бірге кезекке тұрып, олардың сайлау күнгі көңіл-күйлері мен саяси шараға деген көзқарастарын сұраған аудан басшысы «Мен сайлауға дауыс беруде қазалылықтар өздерінің балалары мен немерелері, тұрақтылық пен өркендеу үшін біркісідей дауыс береді деп ойлаймын», – деді. Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевпен бірге оның жары Эльмира Жетібаева дауыс беріп, ел ертеңіне бей-жай қарамайтындығын көрсетті.
Қазалы қаласында тұратын үшемдер Дариға, Әлия, Динара Шәкірлер саяси науқанда өз таңдауларын жасауға асықты. Бір-бірлерінен ешқашан ажырамаған олар өз таңдауларын жасауға Қазалы аграрлы-техникалық колледжінде орналасқан №66 сайлау учаскесінде де бірге келген.
– Әрбір саяси науқанды құр жібермейміз, міндетті түрде келіп дауыс береміз. Біздің жасаған таңдауымыз, берген дауысымыз еліміздің болашағы үшін маңызды, – дейді үшемдер.
Маңызды науқаннан соғыс ардагерлері де тыс қалмады. Айталық, Бекарыстан би ауылында тұратын 100 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұл да өз аудан тұрғындарына қосылып, дауыс берді.
– Бүгін біздер үшін маңызды күн. Бұл күн еліміздің болашағын айқындайды. Бұған дейінгі сайлаулардан да еш қалып көрген жоқпын. Меніңше, әр тұрғын мұндай жауапты кезде бейжайлық танытпауы тиіс. Бүгін балаларым мен немерелерімнің болашағы үшін дауыс бердім. Бастысы, елімізде тыныштық, соның құнын білуіміз тиіс. Сол үшін ойланып, саралап, өлшеп, екшеп, ел болашағы үшін таңдау жасадым, – дейді қарт майдангер.
№84 сайлау учаскесі тарапынан Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұлдың иығына шапан жабылып, сый-құрмет көрсетілді. Өз кезегінде Отан соғысының отты жылдарынан елге аман-есен оралған ардагер батасын берді.
Сондай-ақ, Әйтеке би кентінде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Тілеуберген Тобабергенов те дауыс берді. №58 учаскелік сайлау комиссиясының мүшелері қарт майдангердің үйіне сайлау жәшігін апарып, таңдау жасатуға мүмкіндік тудырды.
Дауыс беріп, саяси науқанда белсенділік танытқаны үшін ..-ші сайлау учаскесі тарапынан ардагерге шапан жауып, сый-құрмет көрсетті. Соғыс ардагері ақ батасын жаудырып, сайлаудың сәтті өтуіне тілек білдірді.
Ел үшін маңызды сәтте Аудандық оқушылар үйінде орналасқан №56 сайлау учаскесі сайлаушыларға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Мұнда Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында «Этноауыл» құрылды. Киіз үй тігіліп, алтыбақан орнатылды. Сайлауға келген дауыс берушілерге ұлттық ас өнімдері ұсынылып, жыршы-термешілер ән-шашуын тарту етті. Сонымен қатар, дауыс беруге келген білім саласының ардагерлері тал егіп, мереке қарсаңындағы игі іске өз үлестерін қосты.
Айта кетейік, таң сәріден бері ауданның әр аймағында орналасқан 40 сайлау учаскесінің барлығында дерлік сайлаушыларға арналып түрлі шаралар ұйымдастырды. Сайлау учаскелерінің бірінің алдында келушілерге арналып тәтті бәліштер мен ыстық бауырсақ таратылса, енді бірінде сайлаушыларға арналып түрлі естелік сыйлықтар табысталды.
Сонымен бірге осындағы бірқатар сайлау учаскелерінде арқан тартыс, гір көтеру, қол күрес, футбол, фристайл секілді спорттық ойындар ұйымдастырылып, жеңімпаздарға сый-сияпаттар табысталды.
Абзал ЖОЛТЕРЕК