Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қарыз қамытын шешетін күн жақын

Қарыз қамытын шешетін күн жақын

Әз-Наурызда жердің жүзі жадырайды, көктің қабағы ашылады. Ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді, дүние жаңғырады. Бұл адамдардың қордаланған қарыз бен қиыншылық ауыртпалығынан құтылып, жаңа өмір бастауына да мүмкіндік бермек. Неге десеңіз, Президенттің банкроттық турасындағы бастамасы қазір жұртшылықтың басты назарында. Осы арқылы билік азаматтардың даму әлеуетінің қайнар бұлағын ашып, жоқ-жітікке жәрдемдеседі.
Өшкен үміт оты қайта жанды
Бұл жаңалықты естіген адамдар тыныш отыра алмайды. Өтініш қабылдау 3 наурызда ғана басталды десек, әлі күнге дейін ағылған жұрттың легі азаяр емес. Мемлекеттік кірістер комитетінің дерегінше, тек бастапқы бір күнде банкрот атанғысы келген 2,5 мыңға жуық қазақстандық банкроттыққа өтінім берді.
– 3 наурызда азаматтардан банкроттық туралы өтініш қабылдау басталды. Алғашқы күнгі сағат 16.00-дегі жағдай бойынша соттан тыс банкроттыққа 1 469 өтініш келіп түсті. Оның ішінде «eGov» арқылы 1 399, ал «e-Salyq Azamat» арқылы 70 өтініш бар. Алғашқы өтініш электронды Үкімет порталы арқылы Жамбыл облысынан сағат 09.05-те келді, – деп хабарлады ведомство.
Ал сол күнгі кешкі сағат 21.00-дегі жағдай бойынша республика көлемінде 2 466 өтініш берілген. Алдын ала қорытынды апта соңында шығарылмақ. Әзірге демалыс және мереке күндеріне қарамастан, бұл көрсеткіш он мыңнан асып жығылған көрінеді.
Бұл уақытша науқан емес
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Миятовтың мәліметінше, «eGov.kz» порталында, «Salyq Azamat, eGov Mobile» мобильді қосымшасында жеке тұлғалардың соттан тыс банкроттықты қолдануы үшін электронды арыз берудің жаңа қызметі енгізілді. Аумақтық мемлекеттік кірістер органдарына келіп түскен өтініштер «Ақпараттық есепке алу орталығы» АҚ-ның Qoldau.kz веб-порталындағы бэк-жүйеде автоматты түрде өңделеді. Бұл жүйе 30-дан астам мемлекеттік орган мен ұйымның деректер базаларымен интеграцияланған.
Форматтық-логикалық бақылауға құрылған скоринг жүргізу арқылы арыздарды өңдеу арқасында «адам фактор» толығымен жойылыпты. Яғни, бармақ басты, көз қысты тірліктерге тосқауыл қойылды. Мұның сыртында автоматты жүйе өтініштің қанағаттандырылғаны немесе одан бас тартылғаны туралы SMS хабарламаны да өз бетінше азаматтарға жолдайды екен. Әрине, құлтемірдің аты құлтемір, ол аяушылық дегенді білмейді әрі бір құжаты дұрыс болмаса, кері қайтарып тастауы мүмкін. Бұл жағдайда не істеу керек?
– Соттан тыс банкроттық рәсімін қолданудан бас тарту туралы хабарламаны алған жағдайда азамат бас тартуға себеп болған негіздер жойылғаннан кейін, бірақ бас тартуды алған күннен кейінгі күнтізбелік 3 айдан соң қайта жүгіне алады. Мүлкі бар болса немесе онысы осы аралықта пайда болса, онда аза¬маттың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру немесе сот арқылы банкроттау рәсімінің бірін қолдану үшін сотқа арыз беруге құқығы бар», – деді Қайрат Миятов.
Ол қазақстандықтар банкроттыққа арызды eGov.kz порталында, eGov Mobile, Salyq Azamat қосымшаларында электронды түрде бере алатынын еске салды. Сонымен бірге өтінішті қағаз түрінде өзі ұсынуы үшін халыққа қызмет көрсету орталығының бөлімшесіне барып жатқан халықтың легі де қалың көрінеді.
Атап өтер жайт, ХҚКО мамандары өтінішті тапсыруға жұбайын, баласын не таныстарын жібергендердің болғанын, оларды кері қайтаруға тура келгенін айтады. Себебі тәртіп бойынша банкроттыққа арызды банкрот болуға ниетті адамның өзі ғана бере алады.
– Банкрот болудан үмітті адам өзіне қатысты деректерді өңдеуге өзі рұқсат етуі керек. Банкрот ретінде өз мойнына бірқатар міндет пен шектеу алатынын растап, қол қояды. Яғни, адам жауапты қадам жасап тұрғанын шын түсінуі және бұл процеске бастанаяқ өзі қатысуы тиіс. Тағы бір ескертер жайт, азаматтардан банкроттық туралы өтініштерді қабылдау – уақытша науқан емес, оның мерзімі шектелмеген. Мұны біраз адам білмейтін болып шықты. Бір әйел құжаттарыңыз толық емес дегенге жылап жіберді. Халық мемлекеттік баспана алу, автокредит рәсімдеу сияқты шаралардың мерзімі қатаң шектелетініне қатты үйреніп қалған. Мына жағдайда да қарыз кешіруге үлгеріп қалайық, сайлау біткен соң билік ниетінен қайтып қалар деп алаңдаушылық білдіргендер болды, – деді ХҚКО қызметкері Салтанат Қайрақбай.
Ол мұның уақытша акция емесін, 2023 жылғы 3 наурызда «Азаматтардың төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» заңы күшіне енгенін, енді ол жылдар бойы жұмыс істеп, төлем қабілеттілігі нашарлаған қазақстандықтарға демеу болатынын нықтады.
Қарыз бен парыз
Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтарға банкроттыққа өтініш тапсырар алдында келесі мәліметтерді тексеруге кеңес берді. Біріншіден, банктер, микроқаржы ұйымдары, коллекторлық агенттіктер алдындағы берешек 5,5 миллион теңгеден аспауы және кешіктіру мерзімі 12 айдан кем болмауы керек. Борыш сомасы асса, онда сот арқылы ғана банкрот бола алады. Немесе төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсіміне жүгініп, сот арқылы қарыздарды 5 жылға дейін бөліп төлеу мүмкіндігіне қол жеткізе алады.
Екіншіден, мүлікке, соның ішінде ортақ меншіктегі мүлікке меншік құқығы болмауы керек. Оны eGov.kz порталынан тексереді. Үшіншіден, өз телефоныңыздың және жұбайыңыздың нөмірін мобильді азаматтар базасында тіркеу қажет. Ұялы телефон нөмірін тіркеу үшін my.egov.kz сілтемесі бойынша өтесіз.
Төртіншіден, арызға кредитормен: банкпен немесе микроқаржы ұйымымен арадағы қарызды реттеу туралы құжат қоса беріледі. Егер банк немесе МҚҰ ондай өтінішке жауап бермесе, оған өтініш жібергеніңізді растайтын құжатты тіркесеңіз, жетеді. Мысалы, өтініштің көшірмесі не өтініштің электронды поштаға жіберілгені реттеу құжаты деп танылады. Егер қаржы ұйымынан теріс жауап келсе, оның реттеуден бас тарту туралы хатын қосқан жөн. Ал коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыз бойынша реттеу құжаты қажет емес.
Банкрот болғандарға нақты шектеулер қарастырылған. Ол 5 жыл бойы жаңадан қарыз және несие ала алмайды. Тек ломбардтардан микронесие алу қалдырылыпты. 7 жылдан кейін ғана қайтадан банкрот бола алады. Банкрот болғаннан кейін 3 жыл бойы оның қаржы жағдайына мониторинг жүргізіледі, картасына, есепшотына ақша түсуі бақыланады.
Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Қарызбен жұмыс басқармасы басшысының орынбасары Меруерт Сисембаева:
– Заңда банкрот болған адам 5 жыл бойы жаңа несие ала алмайтыны жазылған. Бірақ ол мерзім одан да көп болуы мүмкін. Себебі несие беру туралы өтінішті мақұлдайтын банк. Сондықтан олар ішкі ережелеріне сәйкес, банкрот болғандарға 7 жыл өтпей, қарыз бермеуі, қосымша талаптар қоюы мүмкін. Ендеше бұл рәсімге азаматтар жауапты қарағаны, оның салдары болатынын түсінгені маңызды, – деді сарапшы.
Қалай болғанда, қарыз алдында қауқарсыз болып, оның құрдымынан өз бетінше шыға алмаған азаматтарға мемлекет көмекке келіп, қол ұшын созып отыр. Ал әлгі шектеулер құтқарылған адамның артынша шыңырауға кері секірмеуі үшін жасалған.
Абзал БАҚЫТҰЛЫ
21 наурыз 2023 ж. 272 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031