Алаш азаттығын аңсаған
Ұлт көсемі, Алаш көшбасшысы Әлихан Бөкейханның туғанына 157 жыл. Алаш қозғалысының жетекшісі, Алашорда үкіметінің алғашқы төрағасы Әлихан Бөкейхановтың қазақ ұлты үшін орны бөлек. Қазақ қоғамында Әлихан Бөкейханды ХХ ғасырдың ең көрнекті тұлғасы деп қарастырады.
Үндістан халқына «жұмсақ күштің» азат рухын дарытып, Британия отарынан құтқарған Махатма Ганди, талан-таражға түскен Осман империясының жұрнағынан өркениетке бет түзеген бәсекеге қабілетті Түркияны құрған Мұстафа Кемал Ататүрік, Чехияны коммунистік жолдан арашалап, демократияға бағыттаған Вацлав Гавел, Израильді араб әлемінің ортасынан қайта құрып, екі мың жылдық иврит тілін тірілткен Давид Бен-Гурион, Қытайдың қазіргі табысына іргетас құйып кеткен Ден Сяо Пин, Оңтүстік Африканы дамудың даңғыл жолына бастаған Нельсон Мандела, Оңтүстік Кореяны таңғы жұпар еліне айналдырған Пак Чон Хи. Өз елін өркениет көшіне табандылықпен іліктіріп кеткен осындай саясаткерлердің ортасынан ойып тұрып орын алатын қазақ көшбасшысы – Әлихан Бөкейхан. Уақыт озып, қоғам санасы жаңғырған сайын Алаш лидерінің тұлғасы биіктеп келеді.
70 жылға созылған ұлтсыздандыру саясатына қарсы ұлттық иммунитет қалыптастырып, қазақтың алдынан тосар қатердің бәріне дауа дайындап кеткен Алаш ардақтыларының серкесі Әлихан Бөкейхан еді.
Арғы тегі Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошыдан тарайтын Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1870 жылы, наурыздың 5 жұлдызында бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезінде, Тоқырауын болысының 7-ші ауылында дүниеге келген. Бүгінде Шабанбай би селолық округы болып кетті. Әлиханның тегі алғашында Нұрмұхамедов болған деп көрсетіледі, кейіннен жоғарғы оқу орнының соңғы курсында ол өз қалауымен тегін Бөкейханов етіп өзгерткен.
Ә.Бөкейханов Қарқаралыдағы ауыл молдасынан арабша тіл сындырады. Кейіннен қаладағы үш сыныпты, орыс тілді бастауыш мектепке ауысады. Оны тәмамдаған соң, 1879-1886 жылдары Қарқаралы қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепке қабылданады. 1886-1890 жылдар аралығында Омбыдағы техникалық училищеге түседі. 1890-1894 жылдары Санкт-Петербургтегі Орман технологиялық институтының экономика факультетінде білім алады.
1905 жылдан бастап Ресей конституциялық-демократиялық партиясының (кадеттер) мүшесі болады. Осы жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жақып Ақбаевпен бірге Қарқаралы петициясын ұйымдастырушылардың бірі болды. Петицияға 14 500 адам қол қойған.
1905 жылдың күз айында ғалым-публицист Семей облысы қазақтарының атынан Ресей патшалығына 1-ші Мемлекеттік думаға депутат болып сайланады. Алайда ол дума жұмысына қатыса алмады. Себебі, дала өлкесінің генерал-губернаторының негізсіз айыптауымен 3 ай Павлодар абақтасына жабылады.
Абақтыдан шыққан Әлихан Бөкейханов сол кезде тарап кеткен дума мүшелерінің артынан Финляндияның Выборг қаласына келеді. Выборг үндеуіне қол қояды. Сол үшін жазаланып, 3 айға Семей түрмесіне жабылады.
6. Шығармашылық жұмыстары
Әлихан Бөкейхановтың мұрасы әр салаға арналған мыңдаған очерктер мен мақалалардан тұрады. Олар Ресей мен қазақ елінің барлық басылымдарында жарық көрді. Зерттеуші ғалымның, көрнекті публицист Әлиханның экономика, әдебиеттану, ормантану, ауылшаруашылық салаларына арналған көптеген жазбалары сақталған.
1917 жылы Әлихан қазақ тарихындағы алғашқы саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастыруға кіріседі, артынша желтоқсан айында Алаш автономиясын жариялайды. Оның үкіметі болып Алашорда құрылады. Қазақ даласындағы тұңғыш үкіметтің төрағасы болып Әлихан Бөкейханов тағайындалады.
1920 жылы Алаш автономиясы тарих сахнасынан біржолата жоғалып, оның мүшелері қудаланады. Әлихан Бөкейханов Мәскеуге жер аударылып, сонда 10 жыл бойы үй қамақта отырады.
Бутырка абақтысына қамалған Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов 1937 жылы 67 жасында Мәскеуде ату жазасына кесіледі. Әлиханның қабірнің қайда екені жайлы мағлұмат тек 2007 жылы жария етілді. Ол Мәскеудегі Дон бауырластар зиратына көмілген.
Әлихан Бөкейханов Яков Севостьяновтың қызы Ольгаға үйленген. 1903 жылы қызы Елизавета, ал 1910 жылы ұлы Өкітай дүниеге келеді. Бөкейхановтың қызы Смағұл Сәдуақасовқа күйеуге шыққан. 1957 жылы ұлы Өкітай жұмбақ жағдайда өмірден озған.
Дайындаған
А.ҚАЗМАҒАМБЕТОВА