Бала – елдің болашағы
1857 жылы Нью-Йорк қаласында аяқ-киім фабрикасында әйелдер ереуілге шықты. Олар жұмысшы ер азаматтармен тең құқық, бірдей жалақы алуды мақсат еткенін тарихтан білеміз. Ал 1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен II-халықаралық конференция өтеді. Сонда социал-демократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі жөнінде пікірін білдірді. Оның ұсынысы әйел құқығын қорғауға бағытталған үлкен ұран ретінде қабылданды. Бірақ бұл қоғам дамуының тенденциясы мен демографияны тежеуші фактор екенін аңғарғандар аз болды.Домалақ ананың ізінен ерген қазақ әйелдері өзіне лайық құрметке бағзы заманнан-ақ бөленіп келеді. Еріне бойұсынып, рухани демеу көрсететін, қазақ балаларының бәріне мейіріммен қарап, тәлімді тәрбие беріп жүрген ақжаулықтылар әлі де көптеп саналады. Сондықтан қазақ демографиясында соңғы он жылдағы бала өсімі де көңіл қуантарлықтай. Мереке алдында нәзікжандылардың негізгі бақыты – Ана бақытына ұмтылыс, жайында ізденіп көрдік.
Өлім мен өмір арпалысы
Жаңа туған сәби мен келесі бір тоқтаған өмірдің арасындағы алшақтық демографиялық көрсеткішті құрайтыны белгілі. Қазақстан халқының саны өткен айдың басында 19 миллион 848 мың адамнан асқан. 2023 жылы Қазақстан халқы 302 760 адамға өсті. Халықтың табиғи өсімі оң. Бір жыл ішінде шамамен 439 384 бала дүниеге келіп, 173 369 адам қайтыс болды.
«Countrymeters» сайтының сараптамасына сенсек, әйелдер ерлерден миллион адамға жуық көп. Қоян жылы басталғалы күн сайын 1200 сәби дүние есігін ашса, шамамен 475 отандасымыз бақилыққа аттанып жатыр. Сондай-ақ елге жүздеген адам уақытша немесе біржола көшіп келеді.
Туу көрсеткіші жағынан әдеттегідей Алматы облысының әйелдері көш бастап тұр. Сонымен бірге сәбилі болуға асыққан астаналықтардың үлесі басым екенін айта кету керек. Бала тууға асықпайтындардың көшін Солтүстік Қазақстан өңірі бастайды. Мұндағы халық саны былтыр 5 мың адамға кеміген. Мұнымен қоса, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарында демографиялық көрсеткіш мәз емес. Мұның негізгі себебі еуропалық стилде өмір сүретін өзге ұлт өкілдерінің көптігі екені даусыз.
Еске салайық, былтыр еліміз бойынша 128 мың шаңырақ бой көтерген. Салыстыру үшін айтайық, өткен жылы көршілес Ресейде 41 мың ғана неке қиылған.
Сан мен сапа сәйкестігі
«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ», – деген хәкім Абайдың сөзі маңыздылығын жоғалтқан жоқ. Қазақтың тегінде бар тектілік, мұқалмас мінез бен жаннан қымбат ардың әр қандасымызда бары анық. Бірақ тарихи факторлардың әсерінен білім жинау жағынан Батыстан кешеуілдеп келе жатқанымызды жасыру қиын. Есесіне, қуып жетуге деген ұмтылыс бар.
Статистикаға кезек берелік, Қазақстанда 15 жастан асқан 15 298 841 адам ана тілінде оқи және жаза алады. Бұл жалпы ересек халықтың 99,7 процентін құрайды. Бұл жағдайда ересек популяция 15 жастан асқан барлық адамдарға жатады. Сәйкесінше, 32 090-ға жуық адам әлі де сауаты жоқ десек қателеспейміз.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, ерлер мен әйелдердің сауаттылық деңгейінде пәлендей айырмашылық жоқ. Дегенмен жастар арасында нәзікжандылардың үйретері сәл де болса басым деген болжам бар. Ал жастардың жалпы сауаттылық деңгейі 99,84 процентті құрайды. Әңгіме 15 пен 24 жас аралығындағы халықты қамтып отыр.
Бала тууға ұмтылыс
Көпбалалы отбасы – қазақ дүниетанымы үшін қалыпты жағдай. Бірақ соңғы уақытта мүсін сақтағыш, мансап қуғыш, бір-екі баланы жеткізуді алдымен ойлайтын нәзікжандылар қатары артты. Заман талабы солай болғандықтан, қарсы уәж айту орынсыз. Бірақ әлі де болса бір шаңырақ ішінен футбол командасын қосалқы ойыншыларымен дүниеге әкеліп жүрген батыр аналардың мерейі үстем, абыройы асқақ болып қала береді.
Қазақстанда төртеуден көп бала тәрбиелеп отырған 500 мыңға жуық отбасы бар. Мұндай отбасыға бала 18 жасқа толғанға дейін, жоғары оқу оқыса, 23 жасқа дейін жәрдемақы төлейді. 4 бала үшін төлем 47 мың теңгеден басталады. Бұдан бөлек, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындағаны белгілі. Десек те демографтар алдағы уақытта бала туу көрсеткіші күрт төмендейтінін айтып, дабыл қағуда.
– Алдағы уақытта белсенді туу жасындағы аналар мен әкелердің саны азая бастайды. Мысалы, 1998, 1999 жылдардағы қиын экономикалық дағдарыс кезеңінде баланың ең аз туу саны белгіленген. Сол ең аз туған жылғы балалардың жасы қазір 23-25-те. Олардың саны оның алдыңғы жылдармен салыстырғанда аздау. Сондықтан алдағы уақытта туу да азаяды, – дейді Бәтжан Ақмолдина.
Маманның айтуынша, бала туу көрсеткішінің төмендеуіне Қазақстандағы некені қию жасының ұлғаюы да себеп. Репродуктивті жастардың туу белсенділігі бұрын 21-22 жаста болса, қазір 24-25 жаспен өлшенеді.
– Үшінші – экономикалық жағдай. 1999 жылғы бала туу санының аз болуына экономикалық дағдарыс әсерін тигізді. Сол секілді қазіргі экономикалық дағдарысқа байланысты бұрынғы жағдай ептеп қайталануы мүмкін. Қазір де инфляция жоғары, халықтың хал-ауқаты төмендеп, нақты табысы азайып жатыр. Осыған байланысты отбасылардың екінші, үшінші немесе кейінгі баланы сүю жоспары кейінге қалдырылуы мүмкін. Айталық, қазір үйленгеннен кейін көбі көп ұзамай балалы болады. Екінші баланы да арасында 1,5 жыл, не болмаса 3 жыл салып жоспарлайды. Ал үшінші баланы туу ол отбасыларда да экономикалық және әртүрлі әлеуметтік төлемге байланысты кейінге қалдырылады, – деді демограф.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ