Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жауапты да, табысты қызмет

Жауапты да, табысты қызмет

Аудан бойынша халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде 29 жасқа дейінгі 3337 жұмыссыз жастар хабарласқан. Одан 751-і жұмысқа, әлеуметтік жұмыс орнына 10-ны, жастар практикасына 365-сі, ақылы қоғамдық жұмысқа 431 жас орналасқан. «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негізде 1008-і, «Алғашқы жұмыс орнына» 17-сі, «Ұрпақтар келісім шарты» жобасына 5-еуі, қайта даярлау курсына 18-і барса, 159 жас мемлекеттік грант алып кәсіптерін ашуда. Солардың қатарында Үміт Қазанбайқызы да бар. Ол 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның екінші бағыты «жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік өтеусіз грант 1225200 теңге алды. Қайтарымсыз қаржыға 1 шаңсорғыш, 2 тазалау жабдық жинағы, 2 қорғаныш құралдары, 2 шикізатқа қол жеткізіп, «WATER» тазалау қызметін ұйымдастыру орталығын іске қосты.
– Қазіргідей технология көз ілеспестей дамып жатқан уақытта қандай да бір жаңашыл дүние ұсынсаң ғана халықтың ықыласына бөленесің. Сондықтан заман талабына сай шаруаны қолға алғым келетін. Соңғы кездері барлығымыз күйбең тірліктің жетегіне еріп, кейбір атқарылуы қажет жұмыстарға шамамыз жетпей қалып жатады. Әсіресе нарықтың қыспағына төтеу үшін әйелдер де күні бойы қызмет етіп, үй шаруасына уақыт бөле алмай қалады. Сондықтан клининг орталығын ашуды жолға қойдым. Бұл қызметтің ішінде тазалау, жуу, яғни клинингтік қызмет бар. Мұндай компаниялар шет елдерде жақсы дамыған. Бізде үлкен қалаларда осындай орталықтар бар.
Кәсіпкерлікте клининг қызметінің түрлері қандай, оны ашу үшін не қажет, қалай бастау керек деген сауалдар туындады. Клинингтік қызметті бастау үшін төмен мөлшерде қаражат пен тазалау жабдығының аз көлемі ғана қажет. Алайда клинингтік қызметті жолға қойғанда арнайы жабдық, орынжай мен жұмысқа қабілеті жоғары мамандар қатары қажет болады. Мұндай компанияға салынатын қаражат көлемі де ауқымды. Әзірге алғашқы қадамымды шағын орталықпен бастаудамын, – дейді жас кәсіпкер.
Бүгінде жеке кәсібін ашуды, өз уақытын өзі басқаруды қалайтын жандардың қатары артуда. Мемлекет тарапынан да қолдау ретінде түрлі мүмкіндіктер енгізілген бағдарламалар бекітілуде. Мәселен кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» жобасы секілді оқыту курстары тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
– Кәсіпкерлік негіздері туралы білім алуға келген азаматтардың көбі бизнес-идеяны курстан өту барысында ойға алады. Осы ретте бастапқы қаражаты мен тәуекелі аз жобалардан алатын тәжірибе мол болатындығын ескерген мемлекет бағдарламасына көпшіліктің алғысы шексіз. Олардың қатарында мен де бармын. Мұндай берілген көмек өз ісін бастау үшін қаражаттан қысылғандарға үлкен демеу болуда. Сондықтан маған қолдау және бағыт-бағдар көрсеткен сала мамандарының ықпалына ризашылығымды білдіремін, – дейді Үміт Қазанбай.
Соңғы уақыттары елімізде сауда және қызмет көрсету салалары кеңінен қолға алынып келеді. Жұмысқа орналастыру қызметі, түрлі жеке қызмет көрсету салаларының даму қарқыны бар.
Жалпы клинингтік компаниялар 3 түрге бөлінеді екен. Бірі пәтер мен кеңсе тазалауға бағытталса, екіншілері коммерциялық жылжымайтын мүліктерге күн сайын қызмет көрсетуді қолға алады. Ал енді үшіншілері қызметтің бір ғана түрін таңдайды. Мәселен, кілем жуу, киімдерді химиялық тазалау қызметін ұсынады. Мұндай компанияның ісі алға басып, үлкейген сайын, оның көрсететін қызмет түрлері де артады. Кім болса да қолға алған шаруасын ұршықша иіріп, дамығанын қалайды. Бүгінгі жаңашыл кейіпкеріміздің де алға қойған жоспары көп. Қай кезде де алдына нық мақсат қойып, үмітін үзбейтін Үміт осы ісін тоқтатпай, ауқымын кеңейтуді көздеп отыр.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА

04 наурыз 2023 ж. 572 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930