Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Көңілді тербеген кеш

Көңілді тербеген кеш

Әрбір ақынның өлең туралы өз шындығы бар. Осылай деп шабыт шақыратын жерлесіміз, жас ақын Ақжол Түменбай Сырдың төрінде шығармашылық кешін өткізді. Бір ай бұрын «Сүйемін» деген атпен кеш өткізетінін айтып, атой салған Ақжолдың шығармашылық кешіне шығарылған билет көп ұзамай таусылды. Сәйкесінше, Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында жиналған өлең сүйер қауымның қарасы қалың болды.
Кеш басталмас бұрын өлеңге адал берілген ақынға аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың Құттықтау хаты табысталды. Сонымен бірге Ақжолдың кіндік қаны тамған Қазалыдан аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен Көларық ауылдық округ әкімінің жылы лебізі жеткізілді. Қазаны ортаймаған қасиетті мекеннен ақынның әкесі Ғабит Түменбай мен анасы Кенішкүл Дошан шешей де жанашыр, аға-бауырлардың көшін бастап, концерт төрінен көрінді.
Ақжол Түменбай – сайыс-додаларды айтпағанда, заманауи жастардың жүрегінен сырлы лирикасымен ойып тұрып орын алған ақын. Осындай талантының арқасында әншілердің мерейін арттырып, олар ақынның атын танытқан жайы бар. Эстрада жұлдыздарының бір парасы кешке келіп, құйқылжыта ән салды. Тыңдарман құлағының құрышын қандырды. Қазалылық жас жұлдыздар Ринат пен Асылжан Шамшырақ, Еркебұлан Тұмар, Жандос Қаржаубай, Мәлік Жамбылұлы, Үкітай Ернияз, Кеңес Әлімжан және Нұрболат Абдуллиндер сахнаға көтерілгенде қошеметтен құлақ тұнып, хорға ұласқан үн ақынның да көңілін босатып, керемет күйге бөледі. Әсіресе, «Өз жүрегіңнен ұялмайсың ба?» «Бозторғай ана», «Рақмет әке», «Сүйемін», «Аралдың адамдары» әндері телефон жарығын жоғары көтере тербелген залдың көркін арттырып жіберді.
– Кез келген қалам ұстаған ақынның бір арманы – шығармашылық кеш өткізу. Қолдап келген әр қазақтың ниет-пейілі, қошеметі жүрегіме жетті. Онан бөлек, концерт үстінде «Қазақтың бәрі туысқан» әнінің тұсауын кестік. Оқырмандарым мен тыңдармандарым барында менің тосырқап қалмасым анық. Қазағым, Сыр анам мәңгі жасауын тіледім.
Бұдан бөлек, Алаш анасының құшағында осындай көлемді кеш ұйымдастыруға жәрдем берген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев ағама, қос қанатымдай қолдау көрсеткен Мұхтар Ниязов пен Жақпар Айтбайұлы есімді азаматтарға, ауылдан ат арытып келген барша жерлестерімді қысып құшақтадым. Лайым аман жүріңіздер, – дейді Ақжол ақын.
Кеш иесі көрермен алдында біршама өлеңдерін оқыды. Оның ішінде «Қасиетті сыр ана», «Біздің ауыл», «Бүгін менің апамның туған күні» атты шығармалары тыңдаған жұртты ауылға апарып қайтса, кейінгі оқылған махаббат хақындағы жырлары тыңдарманды түрлі сезімге бөледі.
Айта кетейік, қазалылық жасынның жырларын тыңдауға бірқатар сыйлы азаматтар келді. Олардың қатарында «Сыр медиа» холдингінің директоры Аманжол Оңғарбаев, белгілі ақын Дүйсенбек Аяш пен Серік Ыдырысов бар.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
28 ақпан 2023 ж. 298 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930