Бекарыстан бидегі басқосу
Мемлекет басшысының пәрменінен кейін әкімдер тоқсан сайын халық алдында атқарылған істер жайынан есеп беруі әдетке айналды. Өткен аптада басталған халықпен кездесу үшін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Қарашеңгел, Құмжиек, Басықара, Сарыкөл, Көларық, Арықбалық ауылдық округтеріне барды. Кеше түске дейін Майдакөл ауылдық округіне арнайы аялдап, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Бекарыстан би ауылдық мәдениет үйінде өткен басқосуда Мұхтар Әуесұлы алдымен жыл басынан бері ауданда қолға алынған жобаларды тілге тиек етті. Сондай-ақ ауылдардағы газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанын қуанышпен жеткізді.
Дәл қазіргі уақытта Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы және Ғ.Мұратбаев ауылының тұрғындары көгілдір отынның игілігін көруде. Жалаңтөс батыр, Басықара және Қ.Пірімов ауылдарын газдандыру үшін құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Сол сияқты Абай ауылын газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттарын дайындауға аудандық бюджеттен қаржы бөлінген.
Одан бөлек, жеке кәсіпкер Жылқайдар Тәңірбергеновтің демеушілігімен бірнеше елді мекенді газдандыру үшін жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Мұның көпшілігі жылу маусымына дейін іске қосылып, тұрғындар от жағу машақатынан құтылады деп күтілуде. Аудан басшысы мұнан соң алдағы жоспарларын бөлісіп, жыл аяғына дейін бірнеше жобалар іске асатынын жеткізді.
Ел ішінде уақыт пен қаржының үйлесімін күтіп отырған кемшіліктер бары рас. Бекарыстанбилік тұрғындар әсіресе, көшеге қиыршық тас төсеу, аяқ су мәселесін шешу сияқты өтініш-тілектерін бүкпесіз айтты. Аудан басшысы тұрғындар тарапынан айтылған әрбір мәселенің назардан тыс қалмайтынын жеткізді де жиында көтерілген халық тілегіне байланысты тиісті сала басшыларына ұсыныс дайындауды тапсырды.
Кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев, Ібайдулла Тілеп, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.
Тұрғындармен кездесуден кейін аудан әкімі Мұхтар Оразбаев елді мекендегі №24 мектепке арнайы барып, білім ордасының жаңа оқу жылына дайындығымен танысты.
Ринат ҚАЙРАТҰЛЫ