Ел азаматтары ЖШС-ні мобильді қосымша арқылы тіркей алады
Бұл туралы Әділет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.
Әділет министрлігі Digital Justice жобалар жиынтығы шеңберінде жаңа қызметті іске қосты. Енді ел азаматтары мобильді қосымша арқылы ЖШС тез арада тіркеуге мүмкіндік алды. Бұл жайында Әділет министрлігінің ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Ол үшін Bereke Bank-тің B-Business мобильдік қосымшасын жүктеп алып, биометрия көмегімен авторизациялау және «ЖШС тіркеу» қызметін таңдау қажет. Қызмет Қазақстан резидентінен тұратын жалғыз қатысушысы бар ЖШС үшін қолжетімді.
Әрі қарай заңды тұлғаның атауын, құрылтайшының аты-жөнін, бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерін, салым сомасын, ЖШС құру туралы шешімнің деректемелерін, жылжымайтын мүлік туралы деректерді, қызмет түрін және т. б. ақпараттар көрсетеді.
Барлық қажетті жолақтарды толтырғаннан кейін тұтынушы өтінішке қол қояды және кәсіпкерлік қызметтің басталғаны туралы бірден хабарлама алады. Ол автоматты түрде мемлекеттік кірістер және статистика органдарына жіберіледі, сондай-ақ Bereke bank-те шот ашылады.