Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Сыр жастарына жаңа мүмкіндік

Сыр жастарына жаңа мүмкіндік

Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны. Сондықтан да мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастарды қолдау болып табылады. Бұл мақсатта елімізде жастар жылын өткізумен қатар көптеген ауқымды шаралар және жеңілдетілген баспана алу бағдарламалары жүзеге асырылып келеді.
Өткен жылдың желтоқсан айында «Жасампаз шақ – жастық шақ» атты облыстық жастар форумында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын құруды сөз етіп, бірнеше бастаманы көтерген еді.
Онда ол жас отбасылардың баспаналы болып, қоғамда әлеуметтенуі – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екенін де атаған болатын. Сол себепті облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетұлы мен Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Өмірбекұлына тиісті салалық басқармалармен бірлесіп, «Сыр елі жастары» облыс жастарына жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасын қабылдау бойынша бір ай мерзімде нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды.
Жуырда аймақ басшысының осы тапсырмасы аясында облыстық мәслихаттың әлеуметтік және мәдени мәселелер жөніндегі тұрақты комиссиясы өтті. Жиында «Сыр елі жастары» жеңілдетілген ипотекалық несие беру бағдарламасы алдын ала талқыланды. Мәслихат депутаты Гүлнара Есқалиеваның төрағалығымен өткен комиссия отырысында жастарға арналған бағдарламаның ережесі мен талаптары таныстырылды.
Мамандардың айтуынша, бұл бағдарламаға 18-35 жас аралығындағы Қызылорда облысының жастары қатыса алады. Жеңілдетілген несие «Отбасы банк» арқылы 5% үстемемен 19 жылға беріледі және талапкер банкте баспана бағасының 10 процентін құрайтын салымын жинауы қажет. Сондай-ақ жолдама беру балдық жүйемен іске ­асады. Жолдама беру және қатысушыларды бағалау «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы электрондық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Сонымен қатар басты талаптардың бірі – баспанаға ниетті жас Қызылорда облысында соңғы 2 жылда тіркеуде болуы керек.
«Сыр елі жастары» бағдарламасына білім, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет, журналистика саласының мамандары, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, ғылыми қызметкерлер, ұлттық холдингтердің жергілікті филиалдарының, екінші деңгейлі банк мамандары, құрылыс, қоғамдық тамақтану және басқа да қызмет көрсету саласы мен әлеуметтік қызметкерлер қатыса алады.
– Қаржының көлеміне сәйкес 100-130 жасқа үй беріледі деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ баспана бағасын 13-14 миллион теңгеден асырмауға жұмыстар жүргізіліп жатыр, – дейді облыстық қоғамдық даму басқармасының бөлім басшысы Гүлнәр Сәрсенбай.
Айта кетейік, Сыр өңірінде 30 мыңнан астам азамат баспана кезегінде тұрса, соның 7 мыңға жуығы жастар екен.


Серік АҚМЫРЗА

17 қаңтар 2023 ж. 315 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930