Атқарылған жұмыстар мен жоспарлар екшеленді
Қазалы ауданында әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия құрамы Қазалы ауданы әкімінің өкімімен қайта жасақталып, құрылды.
Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру, неке және отбасылық қарым-қатынастарды нығайту, отбасындағы тәрбие рөлін арттыру бағытында жыл көлемінде 56 мәдени-көпшілік іс-шаралар ұйымдастырылған. Қазалы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан әйел-аналар мен қыз-келіншектерді насихаттау, олардың мерейін көтеру мақсатында наурыз айында «Қыз дәурен – Ана ғұмыр» атты салтанатты жиын, ауылдық әйелдер кеңесінің форумы, кәсіпкер әйелдердің бизнес форумы болып өтті.
Ұлттық салт-дәстүрлерді қайта жаңғырту мақсатында облыстық әйелдер кеңесінің ұйытқысымен «Төркіндеу» жобасы аясында тағылымы мол кездесу, 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында «Отбасым – бақыт мекенім» тақырыбында тәрбие сағаттары, Отан – қуат, отбасы – шуақ» және «Отан – өз отбасың» атты үлгілі отбасылармен кездесу кештері өткізілді.
Одан бөлек, қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күніне орай «Менің отбасым – менің Отаным» тақырыбында отбасылық сайыс, «Отбасы құндылықтары және ұлттық тәрбие» тақырыбында дөңгелек үстел, «Отбасылық арт терапия – отбасылық мәселелерді шешу құралы ретінде» атты тренинг, «Отбасы ағашы» акциясы, «Отбасы тәрбиенің алтын ұясы» атты үлгілі отбасылармен кездесу кештері, «Отбасы – өмір аясы» атты мерекелік шаралар ұйымдастырылған.
Мамыр айында аудандық білім беру саласының ардагерлер ұйымының ұйымдастыруымен «Айтуға оңай» бағдарламасы негізінде «Ұлтымыздың болашағы – қыз тәрбиесінде» атты сұхбаттасу кеші ұйымдастырылып, аудандағы ардагер ұстаздар мен көп балалы аналар қатысқан шарада қыз бала тәрбиесіне қатысты келелі пікірлер қозғалды.
«Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсының аудандық деңгейіне 18 отбасы құжат тапсырып, облысқа ауданымыздан 2 отбасы қатысып, Сүлейменовтер отбасы «Өнерлі отбасы» номинациясына ие болды. Ауданда конкурс жеңімпаздарын марапаттау шарасы өткізіліп, байқауға қатысушы барлық отбасылар жүлделі орындармен және арнайы номинациялармен марапатталып, бағалы сыйлықтар табысталды.
Жастарды ұлттық нышандағы құндылықтарымызды бағалауға, оларды сақтай отырып, келер ұрпаққа жеткізуге тәрбиелеу мақсатында қыркүйек айында «Ата-ана – мектеп – оқушы» үштік одағының облыстық форумы болып өтті.
«Қазалы ауданында жергілікті әйелдер кеңестері жұмысын дамыту және отбасы мен неке құндылықтарын насихаттау бағытында шаралар ұйымдастыру» қызметі бойынша облыстық форум, семинар-тренинг, 1 облыстық, 1 аудандық байқау ұйымдастырылды. Атап айтқанда, «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» жобасы аясында «Сыны мен сыры бөлек Сыр аналары» атты облыстық аналар форумы, Әйел-Аналардың қатысуымен «Текті сөздің төресі - терме» атты термешілер байқауы, қазан айында «Қыз бала ұлттың ұяты, халықтың шырайы» атты аудандық семинар-тренинг, Басықара аулында еңбек ардагері, кезінде қоғамда өзінің белсенділігімен, халыққа қалтқысыз қызметімен танылған Әжімұратова Қарлығаны еске алуға арналған «Ақ босағаның алтын діңгегі – Әйел» атты әйел қызметкерлер арасында облыстық байқау өткізілді.
Сонымен қатар, жыл ішінде өмірлік қиын жағдайда жүрген отбасыларға, қарттар мен мүгедектерге 9 қайырымдылық акциясы ұйымдастырылған.
Аудандық білім бөлімімен 8-11 сынып оқушылары арасында «Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы жасалатын қылмыстық құқық бұзушылық фактілерін алдын алу және жою бағытында ведомсвоаралық бірлескен іс-қимыл» жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізілді. Кездесулер барысында оқушыларға құқықбұзушылықтың және нашақорлықтың алдын алу, интернет қауіпсіздігі мен суицид, зорлық-зомбылық, ерте жүктіліктің алдын алу бағыты бойынша тиісті сала (прокуратура, полиция, жастар денсаулығы, психологтар, т.б.) мамандарымен ақпараттық түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылып, бейнероликтер көрсетілді.
Жастар ресурстық орталықтарында отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын-алу және жолын кесу бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы Қазалы аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторларымен 4 брифинг, жастармен 6 кездесу өткізілді.
Әлеуметтік желілерде және жергілікті басылым беттерінде Отбасы институтын нығайту, отбасы қарым-қатынастарында әйелдер мен ерлер мүмкіндіктері теңдігіне қол жеткізу, отбасы және неке құндылықтарын сақтау тақырыптарында 78 материал (пост, ролик, құттықтау, т.б.) жарияланды.
Әйелдер – отбасының тірегі. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналармыз қоғамды елестету мүмкін емес. Бүгінде әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбектеніп, қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне өз үлестерін қосуда.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазалы ауданында бойынша түрлі саладағы қызметкерлер саны 12 мыңнан асса, оның жартысына жуығын әйел адамдар құрайды. 30-дан астам қыз-келіншектер түрлі саланың шылбырын қағып, басшылық қызметте жүр. Елдің елеулісі, халқының қалаулысы болып жүрген аудандық мәслихат депутаттарының 3-еуі әйел адамдар болса, аудандағы жалпы мемлекеттік қызметшілердің 30 пайызы нәзік жандылар. Биыл да аудандық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссиямен бірқатар шараларды атқару жоспарлануда.
Нақты айтқанда, «Сіз танисыз ба?» айдарымен арнайы бағдарлама жарыққа шығарылып, қыз-келіншектермен «Сырымды айтсам, деп едім...» жобасы аясында жұмыстар жүргізіледі. Әлеуметтік желілерде «Әйел – қоғамдағы бірліктің, жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесі» атты пікірлер топтамасы жарық көреді. «Отбасы және қоғам» тақырыбында беделді, танымал әйелдермен сұхбаттар және «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» атты үш буын өкілдерімен кездесулер өткізіліп, отбасы құндылықтары турасында ақпараттық-насихаттық жұмыстар күшейтілетін болады.
Жыл соңына дейін Батыр Аналармен және Алтын, Күміс алқа иелерімен, үлгілі отбасылармен кездесулер ұйымдастырылып, отбасылар арасында «Шаңырақ шаттығы» атты байқау, үй шаруасындағы қыз-келіншектер арасында «Мен – шебермін» атты сайыс өткізіледі.
Әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, мүмкіндігі шектеулі жеткіншектерге қолдау көрсету, тұрмысы төмен отбасылардағы көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсету мақсатында қайырымдылық акцияларын ұйымдастыру, басқа да игілікті іс-шараларды жүзеге асыру да қарастырылып отыр.
Сонымен қатар, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан әйелдер мен қыз-келіншектерді насихаттау, олардың мерейін көтеру мақсатында жыл соңында аудандық әйелдер форумы ұйымдастырылады. Бұл, әйелдердің қоғамдағы белсенділігін арттырып қана қоймай, тәжірибе алмасу, іскерлік байланыстарды орнату және дамытуға мүмкіндік бермек.
Сонымен бірге, мекемелер мен кәсіпорындарда, білім беру мекемелерінде әйелдерге қатысты түрлі бағыттағы жиындар, кездесулер, байқаулар және басқа да шаралар ұйымдастыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек, жыл көлемінде өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу жөніндегі жұмыстар жүйелі жалғасын табатындығы жайлы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия атап өтті.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат