Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерейтойы мол жыл

Мерейтойы мол жыл

Былтырғы барыс жылында мемлекеттік деңгейде бірқатар атаулы күндер аталып өтілді. Мәселен, жыл бойы Ахмет Байтұрсыновтың 150 жылдығы, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125, көрнекті мемлекет қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың 110, Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдық мерейтойлары жоғары деңгейде ұйымдастырылды.
Жылдың басты тойы – қазақ тіл білімі және әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ұлт ұстазы, Алаштың рухани көсемі Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы. Президент тапсырмасы аясында да, ғалымдар ізденісінің нәтижесінде де Алаш арысының есімі қайта түлеп, еңбектері жанданды. Ұлт ұстазының мерейтойы елімізде ғана емес, әлемдік деңгейде де атап өтілді. Қазан айында Париж қаласындағы ЮНЕСКО штаб-пәтерінде мерейтойға арналған дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Мерекелік шаралар ұлт ұстазының туған жері, Торғайда да жалғасын тапты. Сарытүбек қонысында Ахмет Байтұрсынұлының кесенесіне тағзым жасалып, музей-үйдің тұсаукесері өтті. Торғай ауылында спорттық шаралар, ескерткіштің ашылуы, реэкспозициядан кейінгі А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлының әдеби музейінің тұсаукесері, ғылыми-практикалық конференция ұйымдастырылды. Сондай-ақ Тіл білімі институты, Әдебиет және өнер институты, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – қазына» ғылыми-практикалық орталығы, Халықаралық Түркі академиясы, Еуразия ұлттық университеті мен Қостанай университеті сияқты мүдделі, ұлт мұрасына жанашыр мекемелер мен оқу орындары өз тарапынан түрлі зерттеу жүргізді. Қостанай зиялылары Ақаңның жолымен бірсыпыра экспедиция ұйымдастырды. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ақаңның бірнеше томдығын, Әдебиет және өнер институты 4-5 томдығын толықтырылған түсініктермен жариялады. Түркияда «Ахмет Байтұрсынұлы. Таңдамалы шығармалары» кітабының тұсаукесері өтті. Елордада, Алматы мен Шымкент қалаларында ұлт ұстазына ескерткіш қойылды. Алматыдағы ескерткішті Президент Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы барып ашты. Іс-шараға ақынның туыстары мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Мемлекет басшысы ескерткіштің ашылу рәсіміне жиналғандар алдында сөз сөйлеп, тұлғаның ұлт тарихындағы рөлі жоғары екенін айтты. Сондай-ақ Қостанай қаласындағы әуежайға Ахмет Байтұрсынұлының есімі берілді. Осының бәрі – халқымыз-дың ұлт ұстазына деген ерекше құрметінің белгісі.
Ал заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойы аясында республика бойынша барлығы 82 іс-шара ұйымдастырылған. Оның ішінде Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музейі ғимаратына ғылыми-реставрациялау жұмыстары жүргізіліп, Шолпан-Атада жазушының бюсті орнатылды. Мектеп оқушыларына арналған «Әуезовтану» бейнедәрістер циклі әзірленіп, әдеби подкасттар жасалды. Халықаралық театр фестивалі өткізіліп, «Ақан-Зайра» трагедиясы алғаш рет сахналанды. Сондай-ақ «Қилы заман» повесі бойынша телехикая түсірілді. Мәдени іс-шаралар аясында шетел мұрағаттарында Мұхтар Әуезовке қатысты құжаттар зерделеніп, тың материалдарды іздестірілді. Одан бөлек, өңірлік деңгейде жоспардан тыс 500-ден аса мерекелік шара өтті.
Сонымен қатар биыл аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед Қонаевтың 110 жыл толды. Ел сүйіспеншілігіне бөленген біртуар азаматтың мерейтойына орай республиканың түкпір-түкпірінде мәдени іс-шаралар өткізілді. Дінмұхамед Қонаев есімі жаңа Қазақстан қоғамында жаңаша жаңғыруда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Қапшағай қаласына Қонаев есімі беріліп, Алматы облысының орталығына айналды. Елімізде тұлғаның бірқатар ескерткіш бой көтеріп, ғылыми конференциялар өтті. Дінмұхамед Ахметұлы басқарған жылдары кең-байтақ қазақ жерінде 43 қала салынған. Жүздеген өндіріс орны ашылып, ірі құрылыстар бой көтерді. Осылайша, қайраткердің ерен еңбегі биыл халық алдында тағы бір мәрте жоғары бағаланып, ерекше құрметке бөленді.
ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткен мерейтойлардың бірі – Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығы. Мерейтой республика көлеміндегі іс-шараларға ұласты. Ең бірінші, мерекелі күнге орай «ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL» коллекциялық монеталары айналымға шықты. Номиналы 100 теңгелік мельхиордан құйылған монета «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясы аясында жарық көрді. Монетаның бірінші бетінде Елтаңба, екінші бетінде Роза Бағланованың суреті, портреттің сол жағында мерейтойлық датаны білдіретін «100 JYL» деген жазу бар. Монетаны айналдыра «Ах, Самара-городок» әнінің ноталары, «ROZA BAǴLANOVA», монетаның шыққан жылын білдіретін «2022» деген жазулар бар. Сондай-ақ биыл еліміздің бас концерттік ұйымы Қазақконцертке Роза Бағланованың есімі берілді. Алғаш рет «Astana Musical» мемлекеттік театры «Роза Бағланова» мюзиклін ұсынды. Мюзикл қалың көрерменге халықтың сүйікті әншісінің ішкі жан дүниесі мен қайталанбас өнер әлемін паш етті. Сонымен қатар Парижде, Астана мен Алматыда, облыс орталықтарында Роза Бағлановаға арналған концерттік бағдарламалар қойылды. Осылайша, қалың көпшілік қайталанбас дауыс иесін сағына еске алды.
Біз атап өткен мерейтойлар атаулы күндердің бір парасы ғана. Сонымен қатар биыл ХХ ғасыр басында «Айқап» журналын шығарып, сол кезеңде қазақ журналистикасының қалыптасуына үлкен үлес қосқан ақын, аудармашы, ағартушы Мұхамеджан Сералиннің туғанына да 150 жыл толды. Алаш қайраткері Елдес Омарұлының, мемлекет қайраткерлері Жалау Мыңбайұлы мен Нәзір Төреқұловтың, қазақ ұлттық кәсіби театр өнерінің негізін қалаушы режиссер Жұмат Шаниннің туғанына 130 жыл. Қазақ әдебиетінің классиктері, қос Ғабең – Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафиннің, Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рахимовтың туғанына 120 жыл. Сонымен қатар осы жылы ақын-жазушылар Зейін Шашкиннің, Жайық Бектұровтың, көрнекті ғалым Лев Гумилевтің, КСРО Халық әртісі Күләш Байсейітованың, ҚазКСР Халық әртісі Шара Жиенқұлованың туғанына 110 жыл толды. Алаш автономиясының құрылғанына – 105 жыл. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигелдиновтің, Ұлы Отан соғысында асқан ерлік көрсеткен қыздарымыз – Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметова мен Хиуаз Доспанованың, ақын-жазушылар Сырбай Мәуленов, Сафуан Шәймерденов, Әзілхан Нұршайықовтың ғасырлық мерейтойлары да осы жылдың еншісінде кетті. Дегенмен бұл мерейтойлардың біразы назардан тыс қалғандай. Елге еңбегі сіңген тұлғалардың есімі ешқашан ұмытылмаса екен дейміз.
Абзал БАҚЫТҰЛЫ
05 қаңтар 2023 ж. 375 0

Тазалық-өмір айнасы

24 сәуір 2024 ж. 87

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930