Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Азаттық қамытынан құтылған Қазалы

Азаттық қамытынан құтылған Қазалы

Үш жүз жылға жуық уақыт бойы қазақ ұлты аңсаған азаттыққа жетер жол санаға салмақ, жүрекке жара салғаны рас. Осы жолда ұлттың маңдайы жарық азаматтары шейіт кетті. Қой терісін жамылған кеңестік қасқыр саясат зиялыларды су бетіп шығарып, сүзіп алып, қалың жұрт арасына іріткі салды да, ұлт ретінде жоюды мақсат тұтты. Тек 1991 жылы тәуелсіздікке исі қазақтың қолы жетіп, дара жолдағы жаңа дастанының кіріспесін жазды. Біз естелік арқылы сапар шеккелі отырған азат өмірдің басын Қазалы ауданындағы жағдаятпен баяндап көрейік.
«Кеңес үкіметі құлдырағанға дейін далада түнеп, аш-құрсақ жүрген жанды көрген емеспіз», – деп бастайды үлкендер әңгімесін. Шынымен партия ережесіне қайшы әрекет жасамаған адамның әрбірінің жыртық шаңырағы, айналысар ісі болды. Дәл осы артықшылыққа тарих коммунистік режимнің озық тұсы деген баға береді. Басында білімі, таудай талабы барлар ғана жоғары оқу орнының есігін ашса мақұл. Қалғаны екі қолға бір күрек ұстап, далалыққа, техникадан алыс еместер өндіріс орындарында тер төкті. Тастай кезекте талонмен тамақ алатын кездер болса да тұрақтылықтың болғаны даусыз. Кейбір көнекөздер «әділдік үстемдік құрған ел еді» деген тіркесті де қандықол жүйеге қаратып айтатыны бар. Әп сәтте мұның барлығы түн жарымда көрген мың жарым жылдық түс сияқты ғайып болған тұста ел жұрт өмірге жаңа келгендей күй кешіпті-мыс. Қазақстанның тәуелсіздік тойы басталған бойда бодандық қамытына бойы үйренген елдің болашаққа деген болжамы әр түрлі еді. Дәл осындай дүрбелең кезінде алып уездің бірі саналған Қазалы ауданында да анық байқалды. Мұндағы тұрғындар таңертең ұйқыдан тұра сала қайдан тамақ табарын білмейтін күйді де бастан өткерген.
1991 жылы аудан орталығы Әйтеке би кентіндегі 175 көшеде 45 мыңнан астам адам өмір сүрді. 11 ұлттың өкілі қазақтармен біте қайнасып, тіршілік етіп жатты. Осы жылдары кент әкімі қызметін атқарған қазіргі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекпанов штаттағы төрт қызметкермен бірге сол тұста елді ауызбіршілікте ұстау жайында, аудан дамуында қандай өзгешелік болғанын баяндап берді.
– Қазалылықтар 1981-2005 жылдар аралығында кент әкімі болғанымды жақсы біледі. Тарихи сәтте ауданды Жарылқасын Шәрипов басқарып тұрды. Бүкіл елдің экономикасы, қазынасы аянышты күйде тұрғандықтан мемлекеттік қызметкерлермен бірге халық біраз қиналды. Базардағы, дүкендегі азық-түлік сөрелері бос қалды. Ақырындап жұмыссыздық  деңгейі аспандап кетті. Мұндай қоғамда қылмыс көбейетіні түсінікті. Тәртіпсіздіктің етек алғаны соншалық ұрлық-қарлық пен біреудің барын күшпен тартып алу сияқты бассысдық жер-жерде орын алып жатты. Ауыл әкімдері совхоздың төрт-түлігін талан-таражға салып, жоқ қылды. Салдарынан елдімекендердегі күнкөріс тіптен қиындап кетті. Сол сияқты мекемелер мен ғимараттарды қолында күші барлар жекешелендіріп алды. Бұрын ошақ қасында отырып көрмеген атпалдай азаматтардың істерге істің жоқтығынан салы суға кетті. Бәрінен бұрын білікті мұғалімдер мен епті дәрігерлерге мән берілмей, көбісі шетел асып кетті. Қалғаны нарықтық экономикаға бейімделмек болып, дорба арқалап Ақтөбе, Түркістан қалаларынан тауар тасыды. Есесіне базардағы тіршілік жанданды. Көзге анық байқалатыны – адамдардың титықтап кеткені соншалық, сөз көтермейтін деңгейге жеткені. Бәрін сананы билеген тұрмыс титықтатқаны, жоқшылық қажытқанына ешкім дауласпайды, – деп еске алды бұрынғы әкім.
Тоқсаныншы жылдары аш-жалаңаш болса да халық дербес ел болғаны үшін қуанды. Қазалылықтар да сананы құлдыратпай, қиын-қыстау заманда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруға тырысып бақты. Осы тұстағы жергілікті басшылардың орталықтан басқару жүйесі бұзылғанда елді ауызбіршілікте ұстап отырғанына тәнті боласың. Өйткені мұндай қимыл жасалмаса көңіл мен қарынның аштығы ағайынды бірліктен айырушы еді. Абырой болғанда ел сыйлайтын азаматтар қолынан іс келетін еңбеккерлерді біріктіріп, тығырықтан шығар жол іздеді. Күн жылыған бойда далалықта бау-бақшалар ұйымдастырып, көкөніс, жеміс-жидек өсірді. Мал басын көбейту де көп ұзамай қолға алынып, қора іші қомпая бастады. Бір жағынан үкіметтің жұмысына сеніп, кәсіп қылуды білмеген жұрт елдің азаттығымен қатар ойдың еркіндігін қатар алғандай көрінді. Жұмысынан айырылған небір мүйізі қарағайдай банкирлер, дәрігерлер мен мемлекеттік қызметкерлер осы тұста кәсіпке көшіп, мал басын көбейтуге, бәсекелестік жоқ іске жең түре кірісіп, қазір жұрттан көші ілгері жүр. Азаттық алғаннан кейінгі нан табудың кәсіпкерлік түрі бүгінде мемлекет қос қолдап қолдайтын саланың біріне айналғаны да заманның бағытын аңғартса керек.
Тәулесіздік жарияланған уақытта Қазалыда Жеңіс паркінің құрылысы қызу жүріп жатқан. Бірақ халыққа азық жеткізу мұң болып тұрғанда нысан жұмысы бәсеңдеп қалды. Есесіне қолына балтасын алып, түн ауа ағаш шабуға келетіндер көбейе бастады. Ұрлыққа түскендер же жетісіп жүрмегені анық. Сатылымда отын болмағасын осындай амалға барып жүрді. Дегенмен кент әкімі әлгі штаттағы төрт қызметкер кезектесіп күзетіп жүріп, парк құрылысын аман-есен, айтарлықтай шығынсыз аятауға атсалысқанын айтты. Бұл азатықтың алғашқы жылдары Қазалыда ашылған алып нысанның бірегейі еді.
Өткен жылы қос ауданды біраз шығын әкелген Сыр суының тартылуы мемлекеттер өз алдына отау тігіп кеткенде де көрініс тапты. Бірақ ол қуаңшылықтың зардабы бүгінгіден әлдеқайда күрделі болғанын көп адам біле бермейді. Өзбекстан мен Қырғыстан тоқсаныншы жылдары табиғи ресурсты меншігі екен деп ойлап, тіршілік көзінің төменге ығысуын тоқтатып тастады. Бұдан сағада отырған қазалылықтар көбірек зардап шекті. Ауызсу жетіспеушілігінен жұрт арасында сары ауру жұқтырғандар дентеп кетті. Ал оны емдейтін ақхалаттылардың біразы белдеріне сөмке тағып, саудаға кеткелі қашан?! Оның үстіне қабырғасы сөгілгелі тұрған аурухана да аты болмаса, сырқат адам жанына дәру табатын жер емес еді. Осыдан кейін сары ауру жұқтырғандар «дикарьдің» етінен сорпа ішіп, емделгендер болған. Білетіндер құнарлы тамақ ішуді аңсаған жұрттың жаны қиналғанда жабайы, бірақ таза құстың көмегі көп тиген.
Аудандағы барлық саланың тамыры байланған кезде теміржолшылардың дәурені жүріп тұрды. Теміржол мекеме басышларының сөзі әкімнің сөзінен өткірлеу болды десек те қателеспейміз. Сол азаматтардың көмегімен жоғарыдағы басшылыққа сырқаттар жағдайы жеткізіліп, аурухана ұйымдастыруға көмек сұралды. Нәтижесінде қазіргі бесінші кварталдағы теміржол ауруханасы мен перзентханасы бірнеше жыл ішінде пайдалануға берілген. Ал су тапшылығы сол тұстағы кент әкімінің ықпалымен Сарыбұлақ, Байқожа су торабын салдыру арқылы шешіліпті-мыс. Кейін «Водакачка» жұмысын қалпына келтіріп, ауызсуға қол жеткенін көнекөздер ұмыта қоймаған. Соның арқасында сары ауруды түпкілікті жеңу мүмкін болған деседі.
– Ауданды гүлдендіру жайы жайына қалғанын жасырмаймыз. Тамақ таба алмай жүрсек те орталық көшелерге ағаш отырғызуды құп көрдік. Шелекпен тасып суарған сол өскіндер қазір мәуелі бәйтеректей жайқалып, кент көшелеріне сән, ыстықта көлеңке болып тұр.
Алмағайып заманда қазалылықтардың ауызбіршілігі мен сабыры басқа өңірлердің сүйіспеншілігіне бөленгені бар. Әсіресе Сексеуілде халық жоқшылықтан шаршап, ашаршылық жариялап жатқанда осындағы азаматтар басу айтып барғаны орынды болды. Бұл мұндағы жұрттың мықтылығын көрсетсе керек. Қиындыққа мойымай, ертеңге сенген адамдар Қазалы ауданын екінші Түркістанға айналдырды. Тәуелсіздік алған жылдары 3 базар тұрғызды.
Дәл қазіргі, молшылық заманға жетеміз деп сол тұста біреу айтса сенбес едім. Құдайға мың да бір шүкіршілік етемін. Жүз жыл кеткен ақымыздың есесін отыз жыл ішінде қайтардық десек артық айтпаймыз. Бастысы өсіп келе жатқан буын азаттықтың, қолда бар игіліктің қадірін білсе екен, – дейді ардагер О.Бекпанов.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
09 желтоқсан 2022 ж. 123 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031