Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Күш атасын танымас

Күш атасын танымас

Осыдан он жыл бұрын «Жаңақұрылыс» елді мекеніндегі қайтыс болған құдағайымыздың жылдық асына барғанбыз. Алыс-жақыннан ат басын тіреген құда-жегжат, жақын-жуық, тума-туыстар үйге кіріп шығып, ас жабдығы дайын болам дегенше ауылдық жердің кең ауласының ішіндегі бұйырған орындарға жайғасып бір-бірінен амандық-саулық сұрасып жатты. Бұрыннан байланысы жолға қойылғандар мен ауылдың адамдары, әркім өзінің оңтайына қолайлы, ыңғайына бейім, тақырыбына тамызығы сай келетін кісілермен сөз жарастыра бастады. Негізінде өзі солай болғаны дұрыс-ау, «қасапшы қасапшымен, есепші есепшімен, өсекші өсекшімен» деген сияқты.
Қазан айының соңғы күндері болғасын, күннің көзі түсіп тұрса да, киімі жұқа адамның төзімін тауысатын өкпек жел бар. Біз ол жерден қыз алып отырған жаңа құда болғандықтан, ауылдың көпшілік қаймана қазағын тани қоймадым. Бір жағынан Қазалы мен Жаңақұрылыстың арасындағы қара жолмен қажыңқырап жеткендікі ме, өзгелерден шеткерірек, оңашалау отырғанды жөн көрігенімде, жаныма мен сияқты оңашалықты қалаған және бір кісі келіп жайғасты. Сырт келбеті ауылдық жердің адамына ұқсағанымен, түр-тұлғасы келісті, орта бойлыдан биіктеу, жауырынды, жасы шамамен жетпістерге жақындап қалса да, дене бітімі спортшыларға келіңкірейтіндей. Жөн сұрастық, таныстық, Сексеуіл кентінің адамы екен. Аты Өмірбек, құданың бажасы болып шықты. Сөзінің сыңайына қарағанда, шектен тыс еңбекқор, оған қоса алып күштің иесі сияқты. Қол еңбегін қажет ететін әртүрлі шаруамен айналыса береді екен. Айтуына қарағанда, биыл жазда басқа тірліктің арасында жүз мың кірпіш басып тастапты. Онысын елеусіздеу қылып айта салды. Бес мың, он мың, жиырма мың десе таң қалмас едім. Ал енді басқа шаруаларын былай қойғанда және осы жастағы адам үшін жүз мың кірпіш баса салу сенімсіздеу көрінді. Бірақ ішке кіріп шайға отырғасын Өмекеңді танитындардың ішінара айтқандары күдігімді сейілтті.
Сөз сөзден шығады, сөйлемесе қайдан шығады. Шай үстіндегі әңгіме арқауы Өмекеңнің еңбекқорлығына тірелгенде, жас шамасы жетпістерді орталаған, әжімсіз, күмістей аппақ сақал-мұрты бар ақсақалдың айтқандары көпшіліктің көңілінен шықты.
– Ілгеріректе, – деді ол кісі, – көмір жинауға арналған қойма есебінде каркастан әжептәуір көлемді қылып сарай салдық. Сыртын сылауға және үстіне лай құю үшін үлкендігі үй орнындай қамба бөктірдік. Азанда жиналған жұмысшылар әркім ыңғайына қарай бірі сылауға, бірі зембілмен батпақ тасуға, енді бірі қамбаға түсуге келісті. Мына Өмірбек қамбаны илеп, батпақ тасуға арналған он төрт зембілге батпақ салып беріп тұруды міндетіне алды. Жұмыс қыза келе, Өмірбектің қимылынан ығыры шыққан батпақ тасушылар дымы құрып отырып қалды. Олардың істеріне көңілі толмаған Өмекең үлкендігі өзіне лайық, батпақ толтырылған екі шелекті екі қарына және екі шелекті қолдарына ұстап сарайдың төбесіне қарай тартылған траппен жүгіріп апарып беріп тұрды.
Ақсақалдың айтқанын мақұлдай отырып тағы бір кісі:
– Ей батыр, сен ерегісте әлгі Батыс аймағына белгілі, халықаралық дәрежесі бар палуанды жыққаныңды айтшы, – деді.
– Өй, оны қайтесің?! Ол бір жай ғана күш сынасу болатын, – деп Өмекең күлді де қойды. Тарқатып айтуды қаламады. Соған қарағанда оның палуандығы да белгілі болса керек. Бір кісі тағы бір жағдайды баяндады:
– Қыстың күні мекемеге үш вагон көмір келді. Күн кешкіріп бара жатыр. Түнгі жарық жоқ. Қауіпсіздікті ойлаған қойма меңгерушісі көмірді түсіруді кейінге қалдырды. Ал вагондарды кешіктіру қып-қызыл ақша. Басекең қынжыла-қынжыла кетті. Айдың жарығы әжептәуір болатын. Өмірбекке қақпаның, қойманың кілттерін беріп күзетуге қалдырды.
Таңертең ертерек келген бастықтың жан дауысы шығады. Вагондар бос тұр. Көмір жоқ. Қойма құлыптаулы.
– Көмір қайда? – деген бастықтың сұрағына Өмекең: – Басеке, күзетшіге онсыз да ұйқы жоқ. Ай жарық, ішім пысқасын ермек болсын деп вагондағы көмірді қоймаға жиып қойдым. Кілтіңіз міне, – дейді. Үш вагон, жүз елу тонна көмірді бір түнде атып шыққан! Қойманы ашып қараған бастық өз көзіне өзі сенбепті. Көмір орнында. Осы оқиғаны айтып шыққан әңгімешінің сөзіне илансақ, бастық тек таңқалғаны болмаса, өкінішке қарай Өмірбектің еңбегін бағалай қоймапты. Елге есімі белгілі ерекше жандар қай кезде де болған.
1864 жылы орта шаруа Баймырзаның отбасында ұл бала дүниеге келеді. Ұлды болғанда қуанбаған қазақты қалмаған. Шама-шарқынша ауыл-аймақты шақырып той жасаған Баймырза баласына Нұрмағамбет деп ат қояды. Қайратты, асқан күш-қуаттың иесі болып өскен Нұрмағамбет жасөспірім кезінде қатарлары тұрмақ, өзінен әлдеқайда үлкен жігіттерді күресте жығатын болған. Жігіт кезінде Жаратқанның берген күш-қуатымен жұртшылықты қайран қалдыратын талай кереметтерді жасаған.
Нұрмағамбеттің Балуан Шолақ атануы жайлы мынадай әңгіме бар. Асқан байлығымен елге белгілі паң Нұрмағамбет есімді бай, бір жәрмеңкеде қарсыластарын шыдатпай қирата жеңген балуан жігітке риза болып «есімің кім?» деп сұрайды. Атының Нұрмағамбет екенін естігенде, бір қолының саусақтарының шолақ екенін көріп, «өзің балуан екенсің, өзің шолақ екенсің, бүгіннен бастап атың Балуан Шолақ болсын» деп батасын беріпті. Бала кезінде саусақтарын үсітіп алған Нұрмағамбет осылайша Балуан Шолақ атанған.
Омбы қаласында патша мұрагерінің келу құрметіне өткізілген мерекеде орыстың атақты Севр балуанымен белдесіп оңай жығады. Осы тойда Балуан Шолақ 51 пұт, яғни 816 келі кірдің тасын еңсеріп елді таң қалдырған. 49 жасында Қоянды жәрмеңкесінде орыстың белгілі балуаны Каронмен күш сынасып, оның қабырғасын сындырады. «Орыстың Карон деген балуанының, Қабырғасын қираттым жалғыз қолмен» деген өлең жолдары осы оқиғаға байланысты туса керек. Ал асқан әншілігі өз алдына бөлек әңгіме. 55 жылдық қысқа ғұмырында Балуан Шолақ өзін жан-жақты көрсетіп үлгерген.
Қай заманда да елге белгілі де, белгісіз, Жаратушы ерекше жаратқан жандар аз болмаған. Жоғарыда аты аталған Өмірбек ағаның да сондай адамдардың қатарынан орын алып, ел аузына ілігуі әбден мүмкін бе еді. Тек көзі қарақты жандардың назарына ілінбей бір қайнауы ішінде қалмаса. Қалай болғанда бұл кісілер ендігі жерде жастары келді. Қазақша айтқанда «болары болып, бояуы сіңді».
Қортындылай айтқанда, өнерге, білімге бейімі бар, ерекше қабілет, күш-қуат иесі ретінде, мейлі ол арнайы ұйымдастырылған сайыс болсын, мейлі ауыл-үйдің арасында өтсін. Сайыстарда жарқ етіп көзге түсіп қалып жүрген жасөспірімдердің түрлі ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихатталуы баланың бағытын да айқындары хақ. Қазақтың атын шығарып, абыройын көтеріп, алтынын көбейтуге септігін тигізер еді.

Әлімжан ҚИЯС,
Әйтеке би кенті
18 қараша 2022 ж. 388 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031