Еңбекмині: Биыл аналарға 612 мың теңгеден үлестіріледі
Жыл басынан бері жәрдемақы мөлшері 10%-ға өсіріліп, индекстелді.
Фото: canva
Фото: canva12026 жылы жас босанған жұмыссыз ананың өзі перзенті 1,5 жасқа толғанға дейін жалпы көлемі 612 766 теңгеге дейін мемлекеттік қолдау ала алады. Төлемдердің ақырғы сомасы ананың (не декретке кеткен әкенің) жұмыс істейтін-істемейтініне және отбасындағы балалар санына байланысты.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің түсіндіруінше, қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көпдеңгейлі жүйесі арқылы жүзеге асырылады.
"Қазіргі уақытта Қазақстанда балалы отбасылар республикалық бюджеттен берілетін жәрдемақының 5 түрімен және Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (МӘСҚ) берілетін әлеуметтік төлемнің 2 түрімен қамтылған", – деп хабарлады министрліктегілер.
Баланың тууына байланысты біржолғы мемлекеттік жәрдемақы (барлық әйелдер үшін) көлемі келесідей:
• бірінші, екінші және үшінші балаға – 38 АЕК (2026 жылы 164 350 теңге);
• төртінші және одан кейінгі балаларға – 63 АЕК (272 475 теңге).
Осы жәрдемақы барлық босанған, жұмыс істейтін, сондай-ақ жұмыс істемейтін әйелдерге мемлекеттік бюджеттен тағайындалады.
Баланың 1,5 жасқа толғанға дейінгі күтімі бойынша әлеуметік жәрдемақы (жұмыс істемейтін әйелдер үшін) көлемі келесідей:
• бірінші балаға – 5,76 АЕК (биыл әр ай сайын 24 912 теңге);
• екінші балаға – 6,81 АЕК (әр ай сайын 29 454 теңге);
• үшінші балаға – 7,85 АЕК (әр ай сайын 33 952 теңге);
• төрінші және одан кейінгі балаларға – 8,90 АЕК (әр ай сайын 38 493 теңге).
Бұл жәрдемақы міндеті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің қатысушылары болып табылмайтын, баланың күтімін жүзеге асыратын және жұмыссыз әйелдер мен ер адамдарға тағайындалады.
Осылайша, егер анасы жұмыс істемесе, бір баланы өмірге әкелген ана біржолғы 164 350 теңге және 18 ай ішінде ай сайынғы төлемдер есебінде 448 416 теңге ала алады. Бұл жиынтығында 612 766 теңгені құрайды.
Жұмыскер аналарға арналған төлемдер
Жұмыс істейтін әйелдер үшін МӘСҚ төлем төлейді. Өйткені босанғанға дейін қызметкер әйелдерге – жұмыс берушілері, жеке кәсіпкер әйелдер – өзіне-өзі дәл осы қорға жарна аударып тұрады.
"Бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда берілетін әлеуметтік төлем соңғы 2 жылдағы орташа айлық табыстың 40%-ын құрайды, бірақ 7 ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайды", – деп нақтылады ведомство. 2026 жылы 7 ЕТЖ 595 000 теңгеге тең.
"Электронды Үкімет" порталының мәліметінше, жұмыс істейтін әйелдерге арналған бұл әлеуметтiк төлем тек жүктiлiкке және босануға ғана емес, сондай-ақ жаңа туған баланы асырап алса да төленеді.
"Әлеуметтік төлемге құқық жаңа туған баланы асырап алған немесе жүктiлiк және босану бойынша демалыс берiлген, еңбекке уақытша қабілетсіздік туралы парақта көрсетiлген күннен бастап туындайды. Осы әлеуметтік төлем тек жұмыс істейтін әйелдерге арналған және бір рет төленеді. Төлем мөлшерін соңғы 12 айдағы орташа айлық табысты еңбекке жарамсыздық күндерінің коэффициентіне көбейтіп, одан 10% міндетті зейнетақы жарналарын алып тастау арқылы есептеуге болады", – деп түсіндірді портал.
Әлеуметтік аударымдар төленген табыстың орташа айлық мөлшері әлеуметтік төлемге құқық туындаған айдың алдындағы соңғы 12 ай ішінде (осы кезеңде әлеуметтік аударымдарда үзілістер болған-болмағанына қарамастан) әлеуметтік аударымдар жүргізілген табыстардың сомасын 12-ге бөлу арқылы анықталады.
Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күндер санын 30 күнтізбелік күнге бөлу арқылы анықталады. Егер уақытша еңбекке жарамсыздық парағы 126 күнтізбелік күнге берілсе, онда коэффициент 126 / 30 = 4,2-ге тең болады.
Айталық, бір жыл ішінде міндетті зейнетақы жарналарын (МЗЖ) шегергенде сіз 1 944 000 теңге жалақы алдыңыз, не табыс таптыңыз делік:
• 1 944 000 тенге / 12 = 162 000 тенге,
• 162 000 тенге х 4,2 = 680 400 тенге;
Әлеуметтік төлемнен 68 040 теңге сомасында 10% МЗЖ ұсталады және сіздің БЖЗҚ шотыңызға аударылады. Ақырында банктік шотыңызға 612 360 теңге сомасында бір жолғы әлеуметтік төлем аударылуға тиіс.
Орташа айлық табыс мөлшері соңғы 12 ай ішінде түскен әлеуметтік аударымдар негізінде есептеледі. Сондықтан, егер сіз, мысалы, есептік 12 айдың ішінде қорға тек 8 ай жарна аударсаңыз, онда 8 айдағы жалпы сома 12-ге бөлінеді.
"Егер ананың айлық табысы 7 ЕТЖ-дан асса, мысалы, жалақысы 700 000 теңгені құраса, бұл "Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры туралы" заңның 15-бабының 5-тармағына сәйкес, әлеуметтік төлемдерді есептеу объектісінің ең жоғары шегінен, яғни 7 ЕТЖ (595 000 теңгеден) асып кетеді. Бірақ әлеуметтік төлем мөлшерін анықтау үшін айлық табыс 595 000 теңге деңгейінде ғана есепке алынады. Осылайша, егер 12 ай бойы қорға аталған табыстан әлеуметтік аударымдар түсіп тұрса, онда әлеуметтік төлем мөлшері: 595 000 тенге х 4,2 = 2 499 000 теңгені құрайды. Бұдан 249 900 теңге сомасында 10% зейнетақы жарнасы ұсталады. Банктік шотыңызға 2 249 100 теңге аударылады", – деп хабарлады eGov порталы.
Яғни, мәселен, жеке кәсіпкер ретінде сіздің босанғанға дейінгі айлық табысыңыз бірнеше миллиондап саналса да, төлем есептеуге тек соның 595 000 теңгесі алынады.
Осылайша, жұмыс істейтін ата-аналар үшін қолдау мөлшері жеке есептеледі және оның ресми табысына тікелей байланысты болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы мемлекеттік жәрдемақылармен, сондай-ақ МӘСҚ-тен баланы босануға және бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалпы сомасы 112,2 млрд теңгені құрайтын төлемдермен 597,4 мың адам қамтылды.
Ал, биылғы жыл басынан бала туғанда берілетін жәрдемақыны республикалық бюджеттен барлығы 10,1 млрд теңге сомаға 50,9 мың адам алыпты.
МӘСҚ-тан төленетін біржолғы төлемді жыл басынан бері жалпы сомасы 29,7 млрд теңгеге 30,8 мың адам алды. Биылғы екі айда тағайындалған төлемнің орташа мөлшері 1 158 107 теңгені құрады. Яғни, бала туған аналар қордан 5–8 миллион теңгеге дейін алатын заман келмеске кеткендей.
Сондай-ақ МӘСҚ-тан бала 1,5 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайы бойынша ай сайынғы әлеуметтік төлем 2026 жылдың 2 айында 385,9 мың адамға тағайындалды, жалпы төлемнің сомасы 64,1 млрд теңгені құрады. Төлемнің ай сайынғы орташа мөлшері – 78 394 теңге.













