Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ротация нені реттейді?

Ротация нені реттейді?

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов білім беру ұйымдары басшыларына бір орында көп отыруына жол берілмеуі тиіс екенін айтты. Бұл науқанға – мемлекеттік мектепке дейінгі, орта білім беру, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру ұйымдарының бірінші басшылары ілігеді. Қағида солар арасындағы лауазымдық ауысу тәртібін айқындайтыны белгілі. Тек зейнеткерлікке шығуына 3 және одан аз уақыт қалған директорлар ғана ротациялаудан босатылады. Бұл үшін лауазымды тұлғаның өзі өтініш жазуы шарт екені айтылды.
«Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 11 қарашадағы № 559 бұйрығына сәйкес, облыстық білім басқармасының ротациялауды жүргізу бойынша комиссиясы отырысының 2022 жылғы 16 қыркүйектегі №4 хаттамалық шешімінің негізінде аудандағы бірнеше мекемеде ауыс-түйіс жүргізілді.
Жыл ішіндегі екінші мәрте өткізілген ротациялау бойынша №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Көланова Жанат Қуанышқызы №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі, №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі болған Нұрмағанбетова Эльмира Жалпақбайқызы №7 «Балдырған» санаториялық бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі қызметіне тағайындалды. Сонымен бірге, №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасының басшысы Ерішова Айгүл Қайыржанқызы бұдан былай №4 «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасына жетекшілік етеді. Ал бұрын №4 «Шұғыла» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі қызметін атқарған Мұхашова Саулегүл Мырзабайқызы №11 «Балапан» бөбекжай-балабақшасындағы қызметін бастады.
Білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялау жұмыстары бұған дейін де өткізілген. Мемлекеттік білім беру ұйымдарының бірінші басшыларын ротациялауды жүргізу бойынша комиссиясы отырысының шешімімен сәуір айында Шермаханов Төребай Жаңқожа батыр атындағы №70 орта мектептің, Сермахан Қымбат С.Сейфуллин атындағы № 165 білім ордасының, және Ізбасқан Ләззат Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің директоры қызметіне тағайындалған еді.
Айта кетейік, мектеп директорларын бұлайша орын ауыстыруының бірнеше себебі бар. Ең алдымен осы құжат арқылы білім беру ұйымдары жұмысының тиімділігін және білім беру қызметтерінің сапасын арттыру көзделеді. Екінші себебі ретінде бірінші басшылардың кәсіби әлеуеті мен басқарушылық тәжірибесін тиімді пайдалану айтылса, үшіншіден, ротация – директорлардың басқарушылық біліктілігін кәсіби дамытуға және жетілдіруге түрткі болады деп күтілуде. Осылайша, бірінші басшылардың кәсіби тұралап қалуының алдын алу жоспарланған еді. Бәрінен маңыздысы, бір орнында көп отырған директорлардың әсіресе, ата-аналар арасында тамыр-таныстығы кеңейіп, бармақ басты, көз қысты тірліктер өрістеуі ғажап емес.


Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

24 қыркүйек 2022 ж. 259 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930