Мен қазақпын!
Ұлт пен ұлыстың татулығы арқасында бүгінде мемлекетіміз өркендеп, ілгері дамып келеді. Көпті көрген қариялар: «Қиындық атаулыны жеңетін бір-ақ күш бар, ол – бірлік»,– дейді. Өзі түгілі, өзгені өгейсітпеген қазақ еліндегі көпұлтты отбасылар да - ұлтаралық татулықтың дәнекері. “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді”. Достық пен ынтымақ бар жерде ғана береке мен ырыс болары айдан анық. Нұрлан мен Ольга Тайғараевтардың отбасылық өмірдегі негізгі қағида осы.
Отағасы Нұрланның анасы – татар, әкесі – қазақ ұлтынан. Жарасымды отбасынан шыққан ол жастайынан нәсіліне, тіліне, қарамастан тату да баянды ғұмыр кешуге болатындығын санасына сіңіріп өскен. Ер жете келе ұсталыққа зейіні ауып, сол саланы жетік меңгерген. Бүгінде ағаштан тұрмысқа қажетті бұйымдардың түр-түрін жасайды. Ал Ольганың әке-шешесі тұрмақ ата-әжесі де қазақ елінің байырғы тұрғындары. «Үлкендер заманның ауыртпашылықтары көп тұста өздеріне қазақтардың бауырмалдылық көрсеткенін, жанашырлықтары мен достықтарын көп әңгіме ететін. Көрші қазақ отбасылармен бір үйдің балаларындай ынтымақты тұрғындарын айтатын. Осының бәрін естіп ержеткесін болар өзімді қазақ сезінемін», – дейді Ольга.
Тайғараевтар отбасы бүгінде 6 баланы жарық дүниеге әкеліп, бағып-қағып отыр. Балаларының үлкені Заринаны құтты ұясына қондырған, ал кенжесі Айтжанның дүние есігін ашқанына 3 ай болыпты.
Өнегелі шаңырақ иелерімен сұхбаттасуға барғанымызда алдымыздан шыққан 8 жасар Арманға: «Орыс бала, қалайсың?» деп әзілдеген едік. Сонда балақай: «Мен орыс емеспін, қазақпын! Руым – Төртқара. Көп адамдар қай ұлттан екенімді сұрайды. Ал мен осылай жауап беремін»,– деп бізді аң-таң етті.
Баланың бұлай сөйлеуіне не түрткі болғанын әкесі Нұрланнан сұрағанымызда жеткіншектің әрбір сөзі алған тәрбиесінен болатындығын айтты. «Менің көңілім алаң болмауы үшін үйдегі жайлылық аса маңызды. Балаларымның анасы осының бәрін үйлестіре біледі. Оның ұлты орыс болғанына қарамастан, отбасымызда қазақы үрдіс жүз пайызға сақталған»,– дейді отағасы.
Болашағымыз баянды, еліміз қарқынды дамуы үшін әрбір отбасында осындай береке-бірлік болуы керек-ақ. Қазақстанды ғұмырлық тұрағы еткен әрбір отандасымыздың жүрегінде Ольга сияқты «Қазақ елінің азаматын тәрбиелеймін» деген мақсаты болса, жасарымыз көп болары анық.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ