Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Кәрі жіліктің киесі

Кәрі жіліктің киесі

Қазақта кәрі жілік кәделі сый саналады. Етті, өте мығым, оңайлықпен шағылмайтын қатты сүйек болғандықтан оны тұрмыстық дүниелерге пайдаланады және оған қатысты түрлі наным бар.
Ет асылып, табақ тартылған уақытта бас пен жамбастан кейін қарияларға кәделі саналатын кәрі жілік ұсынылады. Қариялар өздеріне ұсынылған мұндай кәдеге ерекше қуанып жатады. Егер де дастарқанға қойылған табақта екі кәрі жілік болса, олар өзара таласып-тармасып, мүжіп жейтін болған. Мүжілген сүйекті өздерімен бірге үйлеріне алып кетіп, оны тұмар ретінде сандықта сақтаған. «Үйіме ұры түспесін, малыма қасқыр шаппасын» деп ырымдайтын болған, – дейді этнограф Болат Бопай өзінің «Қазақ кәдесі» кітабында.
Бабаларымыз кәрі жілікті «қаржілік» деп те атаған. Бұлай аталуының себебі мынада: мұндай сүйек адам қолының қар бөлігінде орналасады екен. Бұл жіліктің кәрі деп аталуы оның сыртқы тұрпатында болса керек. Сүйектің еңкейген қартқа ұқсайтындығына байланысты кәрі деп атау берілген.
Кәрі жілік – малдың басқа мүше сүйектеріне қарағанда ең қаттысы, шағылуы да қиын. Тарихи-археологиялық зерттеулерде кездескен мәліметтерге сүйенер болсақ, осы сөзімізді мына дүниелер растайды. Ертедегі тайпалар садаққа арналған жебенің ұшын малдың тісімен қатар кәрі жіліктің сүйегінен жасаған.
Қонақасы беріліп, ет асқан кезде үлкендер жағы «жастарға кәрі жілікті ұстауға» болмайды деп жиі айтып жатады. Егер кәрі жілікті тұрмысқа шықпаған қыз баласы ұстаса, кәрі қыз атанып, оң босағада отырып қалады деп болжаған. Бұл наным шаңырақ көтермеген ер жігіттерге де қатысты айтылған. Сондықтан да халқымыз бас пен кәрі жілікті ерекше қадір тұтып, үлкендерге ғана ұсынған. «Кәрі жілік болмаса, бастың қадірі болмайды» деп, екеуін қазанға бірге салып асатын болған. Егер кәрі жілік пен бас қазанда бірге қайнамаса, оған тағылар айып та қарастырылған. 9 аю айдап, 30-50 дүре соғылып, ірі қара ретінде жаза тағайындалған.
Этнограф ғалым Болат Ботпай: «Әкесі тірі бала бас мүжімейді» деп басты жастарға бермейді. Ал кәрі жілікті балаларға ерте қартайып кетеді деп бермейтін болған. «Кәрі» сөзі ұлы, үлкен, қастерлі деген ұғымды білдіріп тұрған соң оны балаларға бергенде құны қалмайды деп тек жасы үлкен кісілерге тартқан. Кәрі жілікте тұрған түк те жоқ. Тек үлкен мен кішінің арасындағы жарастық пен мәдениетті қалыптастыру мақсатында осындай ұғым қалыптасқан. Бұл – қазақтың ас мәзірін ұстана білгенінің, әр адамның қоғамдағы өз орнының болғанының көрінісі, – дейді.
Сондай-ақ үйдің босағасында ілініп тұрған кәрі жілікті батырлар жауға не барымтаға атттанарда бәле-жаладан сақтасын деген ниетпен ер-тоқымына байлап алатын болған. Оған қоса, халқымыз кәрі жілік аяғы ауыр әйелдің толғағын жиілетеді деп те сенген. Ерте уақытта әйелдер босанарда үйдің төбесінде кәрі жіліктерді іліп қойып, аман-есен босануыма септігі тиеді деп үміттенген.
Кәрі жілік ел жұртты апат-бәлекеттен сақтауға септеседі деген де сенім бар. Оны үйдің оң босағасына, қорасының айналасына байлап іліп қояды. Оны киесі туралы ел ішінде мынадай қызықты аңыз бар. «Ертеде бір байдың қорасын қырық қарақшы торуылдайды. Бірақ, қанша тырысса да, малын ала алмаған екен. Байдың қорасын қарулы жасақ күзетіп тұрыпты. Бірақ, таң ата қарауылдар көзден ғайып болады екен. Ұрылар тылсым жайды түсінбейді. Ертесіне біреуін тыңшылыққа жұмсайды. Ол байға жолаушы кейпінде келіп сыр тартады. Байдың жалғыз ұлы мен бәйбішесінен өзге ешкімі жоқ екен. Тыңшы қайта келіп: – Байдың малын күзететін не жалшы, не күзетшісі жоқ. Бәрін барладым. Көршілерінен де сұрадым. Ешбір жасағы жоқ. Бізге елестеген болуы керек, – дейді. Ұрылардың басшысы: – Ендеше, бүгін шабамыз, – деп атқа қонады. Бұл жолы да ұрылар қораға тақап келгенде қарулы жасаққа кезігеді. Ұрылардың бірнешеуі жараланып, кейін шегінеді. Ертесіне ұрының басшысы байға өзі барып:
– Байеке, мен ұры едім. Он күн болды сіздің малыңызды торып жүргеніме. Бірақ, қораңызды күзеткен қалың әскер алдырмайды. Күндіз көзден ғайып болады. Не сыр, не киеңіз бар, айтыңызшы? – деп ағынан жарылыпты.
Бай ұрыны ертіп алып, қорасында ілулі тұрған кәрі жілікті көрсетеді:
– Әкем марқұм дүниеден өтерінде: «Кәрі жілік көрсең, қораңа байла. Малыңа қорған болады» деуші еді. Өсиетін орындап, кәрі жілік іліп қойдым. Содан бері малға қасқыр да шаппады, ұры да түспеді, бірде-бір малым жоғалмады, қайта мыңғырып өсіп келеді. Соның шарапаты болмаса, менде басқа кие жоқ, – дейді.
Дайындаған
Арайлым ЖҮСІПОВА
16 тамыз 2022 ж. 903 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031