Қырқар нені білдіреді?
Қазақ батырлары жаугершілік заманда бес қаруға ерекше мән берген. Қасиетті зат ретінде ер қаруы көшпелі қоғамда өте ерте заманнан діни ғұрыптың символдық белгісі болып қалыптасты. Бес қарудың ішінде кесу қаруы қылыш пен семсер және қанжар батырлардың ажырамас серігі саналған. Олардың өзіндік атаулары да түрліше болған. Мәселен, қырқар – қылыштың бір атауы халық ауыз әдебиетінде кездеседі. Адамдардың бұл қарумен қатынасы өте ерте заманнан бастап ғұрыптық форманы қабылдады. Дәстүрлі мәдениет аңшылық кәсіпте, әскери істе кәсіби құралдарды – қаруларды кие тұтып, олардың өз атына тыйым салынып, құпия жанама атау берілді. Бұл ескі діни наным түрі – сөз магиясына, зат пен есімнің арасындағы материалдық байланысқа сенуге негізделді. Жанама атаулармен айту қарудың иесіне қауіптілігін зиянсыздандыру жолы-тын. Әскери істе қарудың өз атауын эфемистік атаумен ауыстырудың бірнеше әдісі болды.
Атап айтқанда, қылышты «кескір», «қырқар», «кесер» деген сөздермен ауыстырған. Алғашқыда әскери істе қарудың магиялық атауы болып қалыптасқан. Кейін халық ауыз әдебиетінде поэтикалық сөздерге айналып, көркемдік құрал қызметін атқара бастады. Тілімізде эфемизмге айналған қылыштың «қырқар», «кескір», «кесер» сияқты тұспалды атауларында қару адам сияқты жанды саналып, белгілі деңгейде белсенділік пен еркіндікке ие болады. Сондықтан қазақтарда жауынгердің қаруы өз бетімен әрекет ете алады деген көне анимистік сенімнің негізінде қаруға қатысты түрлі тыйым қалыптасты. Нақтылағанда, қылыш немесе пышақты адамға кезеуге болмайды.
Сонымен қатар кездік деп аталатын құрал да болған. Ол – қыны кісе белбеуге тағылатын, аңшылықта қолданылатын басы бір жүзді кішкене пышақ. Осы секілді кесетін қару – пышақтың атын да аңшылық кезінде тура атамай, кездік, кестік деп (кескір құрал) деген мағынада атаған. Ол шайқаста атты жауынгердің қосымша құралы қызметін атқарған. Бұл пышақ қазақтың ұлттық костюмінің ажырамас бөлігіне айналып, ерлердің «кісе белдігіндегі» қынапта үнемі пышақ жүретін болған. Қынап пен оның белдікке тағатын ілмегі кестеленіп, металмен безендірілген.
Анимистік түсініктерге сәйкес дәстүрлі мәдениетте қарудың алдыңғы жаққа бағытталуы – тыныштық, әрекетсіздік болып қабылданды. Жоғарыға бағытталуы – жоғарғы дүниемен, әлемге билігін жүргізетін рухтар Құдайлар әлемімен байланыс. Төменгі жаққа бағытталу – өлілер әлемімен байланыс болып түсінілді. Қарудың басының жоғары қарай тұруы, жүзінің алға қарай бағытталуы активті позиция – қарудың жандануы, әрекеттенуі, төмен қарай түсірілуі әрекетсіздік, қарудың жансыздануы, тынышталуы, әрекетсізденуі болып табылады. Сондықтан да қазақтардың тыйым салттарында қаруды адамға бергенде басы мен жүзін алға бағыттауға болмайды. Өйткені пышақ ұзарып, адамды жаралауы мүмкін. Яғни пышақ тіріліп, жанды зат ретінде өз бетімен әрекет етеді деп санаған.
Қазақ ертегілерінде жауға сілтегенде қылыш, семсерлердің ұзаруы жиі айтылады. Ал керісінше, қаруды адамға сап жағымен ұсыну оны жансыздандыру, әрекетсіздендіру, зиянсыздандыру деп түсінген. Жорыққа, салтанатты шеруде жауынгерлердің қарудың басын жоғары көтеріп алып, жүруі қаруды активті позицияға көшіру, оның күшін, алдағы әрекетке дайындығын көрсеткен.
Сондай-ақ сол кездегі салт-дәстүр бойынша қылышты себепсіз біреуге көтеруге болмайды. Оны көтергеннен кейін қылышты пайдаланбау адамның өзіне қауіпті саналады. Суырылған қылыш тек қан шығарылып ғана қынабына қайта салынуы тиіс. Аталмыш жайтқа байланысты жауынгер ертеректе тым болмағанда өз бармағын кесіп, қан шығарып болғаннан кейін ғана қылышын қынабына салады екен.
Этнографиялық деректерге қарағанда, бейбіт жағдайда қарудың басы төмен қаратылып, әрекетсіздік күйге көшіретін болған. Көшпелі халықтардың жерлеу рәсімінде батыр қаза болғанда, иесі өлген қаруды басын төмен қаратып, жерге, мүрде басына шаншып қою дәстүрін ұстанған. Бұл түркілердің, қазақтардың молаларында кездеседі. Ол заманда қарудың басы төменгі дүниеге, өлілер әлеміне бағытталып қойылды. Бұл сенімнің көрінісін қазақтың батырлық ертегілерінен табуға болады. Батырдың жанын сақтаушы ретінде қару батырмен бірге жасап, онымен бірге өледі деп сенетін. Көшпелілердің жерлеу ғұрыптарында өлген жауынгердің қаруын сындырудың астарында осы көне діни сенім жатыр. Түркі халықтарының жерлеу ырымында қаруды бұзу, қазақтарда мұрагері жоқ батыр өлгенде, қаруын отқа жағу дәстүрі осыған саяды. Қаруды бұзу барысында ондағы адам жаны немесе қарудың өз жаны босатылады деп қабылдаған. Сол себепті көшпелілер мазарында қарудың сынған қалдықтары, бүлінген қарулар жиі табылады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА