Бақыт – баланың қуанышында
Жылдағы дәстүр бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясын іске қосты. Балалар жылында бұл акция «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық» ұранымен өтіп жатыр. Акция осы жылғы 31 тамызға дейін, яғни жаңа оқу жылы басталғанға дейін жалғасады.
Игілікті іске кең жүректі кез келген адам қатыса алады. Қазалы ауданында да балаларға қолдау көрсетуге әрқашан әзір тұратын еріктілер, бизнесмендер, меценаттар, үкіметтік емес ұйымдар науқанға кірісіп кетті.
– Акция аз қамтылған, көп балалы отбасылардан шыққан мектеп оқушыларына, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қажетті көмек көрсету мақсатында өткізіліп отыр. Балаларды жаңа оқу жылына дайындауға кез келген адам көмектесе алады. Осылайша әлеуметтік себептермен балалардың мектепке бармауының алдын аламыз. Әрбір мектепте әлеуметтік көмекке мұқтаж балалардың атаулы, жеке тізімдері жасалған. Білім беру ұйымдарында «жедел желі» үздіксіз жұмысы ұйымдастырылған. Қиын өмірлік жағдайға тап болған барлық бала мен ата-ана көмек сұрай алады. Өз кезегінде бей-жай қарамайтын азаматтар, кәсіпкерлер, меценаттар акцияға қосылып, мұқтаж жандарға қол ұшын соза алады, – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.
Жыл сайын жаңа оқу жылы қарсаңында өткізілетін «Мектепке жол» акциясының 10 жылында 2 миллионнан астам балаға материалдық көмек көрсетілген. Биыл да бастама біраз баланың жүзін жайнатып, қуаныш сыйлайды деген үміт басым.
Аудандық білім беру бөлімі мамандарының айтуынша, «Мектепке жол» акциясы аз қамтылған және көп балалы отбасылардың оқушыларына көмек көрсетуге және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алуға бағытталған. Акция шеңберінде балалар кеңсе керек-жарақтарымен, киіммен қамтылады. Жылдан жылға демеушілік көмек көлемі артып келеді. Акцияға қатысуға ниеттілер аудандық білім бөліміне хабарласуына болады.
Қазалы аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешіті мен «Қайырымды жандар» еріктілер тобы да бұл шарадан қалыс қалған емес.
– Садақа – береке кілті. Ол Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген зат. Садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілсе де ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.
Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан. Бұл ретте қазалылықтар күш біріктіруде ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп келеді. Былтыр 100 баланың мектепке баруына қолдау білдірдік. Биыл да жақсылық жасаушылар саны аз болмайды деген ниеттеміз, – дейді аудандық орталық «Жанқожа батыр» мешітінің бас имамы Берік Сүлейменов.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА