Шынықсаң, шымыр боласың
Әрбіріміз спорт – салауатты өмір салтының негізгі бөлігі екенін жақсы білеміз. Себебі физикалық белсенділік денсаулыққа ғана емес, адамның психологиялық жағдайына да әсер етеді. Тұрақты орындалған жаттығулар көңіл-күйді көтереді және күйбең тірліктегі күйзелістен шығуға көмектеседі. Иммунитетті және төзімділікті арттырады. Дене шынықтыру кезінде өкпеде өзгерістер пайда болады. Өкпенің дұрыс жұмыс істеуіне байланысты, бронхит және пневмония аурулары туралы мүлдем ұмытуға болады. Жаттығулар жасау кезінде, жүрек-тамыр және жүйке жүйелеріне жақсы әсер ететін эндорфиндер шығарылады. Мидың ойлау және есте сақтау қабілеттеріне тигізетін пайдасы зор. Ал соңғы кездердегі созылмалы аурулардың пайда болуының басты себептерінің бірі – дене белсенділігінің болмауы. Сондықтан да ғылыми зерттеулермен дәлелденген кез келген жаттығу қан айналымын жақсартады және адамның сүйегін қатайтады. Спорт – адамның денсаулығын қалыпқа келтіретін құрал. Оның қандай түрін таңдасаңыз да, ең бастысы одан рахат алатыныңыз бесенеден белгілі.
Осыған орай аудандағы балалардың бос уақытын тиімді өткізу мен спортқа бейімдеу мақсатында ауылдық округтерде денешынықтыру спорт кешендерін салу ұсынысы туындады. Өйткені ауданда дене шынықтыру мен спортты дамытудың негізгі көрсеткіші тұрақты спортпен шұғылданушылар санын ұлғайту жоспары қолға алынған.
Бүгінде аудан бойынша дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысатындар қатары көбейіп, 26716 адамға жетіп отыр.
– Биыл жерлестеріміз Қазақстан чемпионатында 23 медаль – 8 алтын, 7 күміс, 8 қола иеленді, 41 спортшы Қазақстан Республикасының спорт шеберіне үміткер атанды. Сонымен бірге 6 спортшы түрлі спорт бойынша Қазақстан құрама командасына енді. Осы күні аудан спортшылары қатысқан облыстық, республикалық, халықаралық жарыстардың нәтижесі бойынша 19 алтын, 46 күміс, 41 қола медальға қол жеткізді, – дейді аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің бас маманы Әділбек Снадинов.
Спорт маманының айтуынша, Қазалы ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің алдағы міндеттеріне – ауылдық жерлерге спорт кешенін салу жобалары енгізілді.
«Жақсы жаңалық жан семіртеді» демекші, жақында Құмжиек ауылдық округі, Қ.Пірімов ауылынан спорт кешені құрылысын бас мердігер – «Ахат + ГС» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қолға алған еді. Бөлінген қаржысы да қомақты. Бүгінгі күні нысанның құрылыс-монтаж жұмыстары толығымен аяқталып, теңгерімге беру жұмыстары жүргізілуде.
Спорт зал ғимаратында жеке жаттығу бөлмесі, волейбол сеткасы, футбол, баскетбол қақпасы, жүгіру алаңы, үстел теннисі, бокс және күрес алаңдары қаралған. Спорттық зал күнделікті классикалық, еркін, грек-римдік күрес, самбо, дзюдо, бокс спорттық жаттығу сабақтарын өткізуге арналған.
Келесі кезекте Алға ауылдық округі, Ү.Түктібаев ауылынан ангар типті спорт кешенін салу көзделуде. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында ұлттық қордан қажетті қаржы бөлінген. Енді құрылыс-монтаж жұмыстары басталды. Оның бас мердігері «СМП – Қызылорда» ЖШС болып таңдалды.
Сонымен қатар аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, Әйтеке би кенті, Қазалы қаласы, Ғ.Мұратбаев және Жалаңтөс батыр ауылынан спорт кешенінің жоба-сметалық құжаттары әзірленуде.
Ал Қазалы қаласына және Ғани Мұратбаев, Жалаңтөс Баһадүр ауылдарына спорт кешендеріне жерге орналастыру жұмыстарына мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілген. Қазір жоба сметалық құжаттары әзірлену үстінде.
Спорт саласындағы бас маманның мәлімдемесіне қарасақ, біздің спортшылар біршама жетістікке қол жеткізген. Атап айтқанда, шілде айында №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінен Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында 2 қазалылық грек-рим күресінен қола жүлдеге ие болды. Талдықорған қаласында ұйымдастырылған Ауыл жасөспірімдерінің IV жазғы ойындарында 2 спортшы жүлделі орындарды иеленді.
Сонымен қатар №18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Франция елінде дүниежүзілік гимназиада ойындарында боксшымыз Ақтілек Орынбасаров жасөспірімдер арасында чемпион атанды. Мұнымен қатар тоғызқұмалақтан жас ерекшеліктер айырмашылығынан 2 спортшы Қазақстан Республикасының жүлдегері атанды.
Мән берсек, бұқаралық спортты дамытудың негізгі жолы – жарыстарды көптеп өткізіп, халықты спортқа тарту екендігі айдан анық. Осы мақсатта аудан аумағында 6 айда 75 бұқаралық спорттық іс-шара өткізілді. Оған 6000 мыңға жуық адам қатыстырылды. Бұл сайыстар дене шынықтыру және спорт бөлімінің аудандық спорттық шаралары бекітілген күнтізбелік жоспарына сәйкес жүргізіледі.
Биыл балалар жылы деп аталуына орай аудан көлемінде волейбол, гандбол, баскетбол және футболдан аудандық біріншіліктер ұйымдастырылып жүр.
Қазір аудандық біріншіліктердің 3 айналымы өткізілді. Қол добынан алғаш рет аудандық мектеп оқушыларынан құралған 8 команда арасында 4 айналымы ұйымдастырылып өз мәресіне жетті. Соның ішінде жылына екі мәрте қыстық және жаздық маусым Қазалы ауданында LLF әуесқой футбол лигасы өткізіледі. Лига 3 жас ерекшеліктері бойынша өткізіледі. Балалар жылына орай 2010-2011 жылғы жасөспірімдер арасында жазғы демалысын тиімді пайдалану мақсатында «Junior Liga» ұйымдастырылды. Оған Қазалыдан 9, Аралдан 1 және Қармақшы ауданынан 1 команда қатыстырылып отыр. 18 жастан жоғарғы лигада кент, қала ауылдық округтерден 10 және көршілес Арал ауданынан 1 команда бақ сынайды. Ал үшінші лига 35 жастан жоғары футбол командасына ауданнан 3 және көршілес Байқоңыр және Арал қалаларынан 1 командадан құралған.
26-31 шілде аралығында Астана қаласында өткен чемпионатта 35 жастан жоғары аяқдопшылар бақтарын сынады. Әр футбол ойындары LLF әуесқой футбол лигасының YouTube әлеуметтік желісінің тікелей арнасында көрсетіледі. Лига әр аптаның сенбі жексенбі күндері «Жалаңтөс Баһадүр» атындағы орталық стадионында өткізіледі.
Сондай ақ ұлттық спорт түрлерін одан әрі дамыту мақсатында қазақ күресінен «Алтын белбеу» аймақтық және аудандық турнирі ұйымдастырылады.
2022 жылы облыстық турнирге жолдама алған 35 палуан Қызылорда қаласындағы Қазақ күресінен XIII облыстық «Алтын белбеу» жарысында белдесті. Ауданнан 2 жарысқа қатысқан палуандар жүлделі ІІ және ІІІ орындарды иеленді.
Бұған қоса, ағымдағы жылдың 8-21 маусым күндері мемлекеттік қызметші күні мерекесіне орай облыс әкімінің жүлдесіне арналған ХХVII-дәстүрлі облыстық, қалалық және аудандық жергілікті атқарушы органдары мен аумақтық мемлекеттік орган қызметкерлері арасындағы спартакиада ойындарында Қазалы ауданының құрама командалары шағын футболдан бірінші, үстел теннисінен екінші, тоғызқұмалақтан бірінші, арқан тартудан үшінші орынды және спорттың қалған түрлерінен де жүлделерді ұтып алды. Нәтижесінде 30 команданың жалпы ойын есебінде Қазалы ауданының құрамасы төртінші орынға жайғасты.
Десек те әртүрлі деңгейдегі спартакиадалар, кешенді жарыстар және тағы басқа да облыстық, республикалық турнирлер ұйымдастырылып, халықты салауатты өмір сүруге және спортқа тарту бағытындағы жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
– Ауданда дене шынықтыру және спортты дамыту саласында өз күштерін біріктіру мақсатында 3 спорт федерацияларымен өзара ынтымақтастық туралы келісім жасастық. Олар: ат спорты, футбол, қол добы. Бұл күні үстел теннисінен аудандық федерация құру жұмыстары жүргізілуде.
Бұқаралық спортты дамыту мен қатар бәсекеге қабілетті біліктілігі жоғары спортшыларды әзірлеу жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұл жұмыстар бойынша әлеуметтік желідегі «facebook» парақшасында атаулы күндерге байланысты жерлестеріміздің түрлі жарыстардағы жетістіктері жайлы мәліметтер уақытылы жарияланып отырады, – дейді Әділбек Омарбекұлы.
Тізе берсек, ауданның спорт саласы қызу еңбек етуде. Яғни жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында №17 Қазалы ауданының олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде 1484 оқушы 13 спорт түрін таңдаған.
№18 Қазалы ауданының балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде 758 оқушы 9 спорт түрімен жаттығады. Қазалы спорт клубы бойынша 554 оқушы 8 спорт түрі бойынша тұрақты тер төгеді. Осы кезеңде барлығы 2796 спортшыны құрап отыр. Спорт ұйымдарына келушілердің санын арттыру бұдан әрі де жалғасын табатын болады.
Айта кеткен жөн, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен Бекарыстан би, Кәукей, Басықара, Жалаңтөс, Шәкен, Түктібаев, Тасарық, Мұратбаев, Майдакөл, Құмжиек, Ақтан батыр, Жанқожа батыр, Бозкөл және Ақсуат ауылдарында спорт түрлері бойынша бөлімшелер ашылып жұмыс жасауда.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА