Елімізде коронавирус жұқтырғандардың 33,7%-ы балалар
Індеттің инкубациялық уақыты 2-14 күнді құрайды, инфекцияның жеңіл, симптомсыз ағымы байқалады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Күләйім Біржанова мәлім етті, деп жазды inbusiness.kz.
"Бүгінгі таңда республикада алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 5 мыңнан астам нысан бар – олар дәрігерлік амбулаториялар, медициналық пункттер, алғашқы медициналық-санитарлық көмек орталықтары, емханалар. 12 мыңнан астам педиатриялық, терапевтік учаскелер бар. 32 мыңға жуық дәрігер мен 13 мыңнан астам орта медицина қызметкері бар", – дейді Күләйім Біржанова.
Бүгінде індетке шалдыққандардың 90%-ға жуығы амбулаторлық деңгейде ем қабылдауда.
"Денсаулық сақтау министрлігі коронавируспен ауыратын 1176 науқасқа талдау жүргізді. Нәтижесінде 18 жасқа дейінгі балалар 33,7% үлесті, ересектер - 66,3%-ды құрады", – деді Күләйім Біржанова.
Айта кететіні, елімізде өткен аптада өткен аптамен салыстырғанда сырқаттану көрсеткіші 3,2 есеге өсіп, 2558-ден 8156 жағдайға жеткен. Соңғы тәулікте 2490 жағдай тіркелді.