Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Бастамаға белсенділік танытты

Бастамаға белсенділік танытты

Бесінші маусым қазақстандықтар үшін ерекше күн болып тарих бетіне жазылды. Өткен жексенбіде ел-жұрт Қазақстан Республикасының Ата Заңына енетін өзгерістер мен толықтыруларға қатысты өткен референдумда өз таңдауларын жасады.
Қазалы ауданында 40 референдум учаскесі жұмыс істеп тұрды. Оларда 46 389 дауыс беруші тіркелген. Тұрғындар таңғы сағат 7.00-ден бастап өздері шақыртылған учаскелік референдум үйлеріне бет алды. Саяси науқаннан шет қалмауға асыққандардың қарасы қалың болды. Оны таңертеңнен бастап аудан орталығы мен Қазалы қаласындағы референдум учаскелерінің алдында жиналған халықтың санынан аңғаруға болады.
Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаев аудандық оқушылар үйінің ғимаратында орналасқан №56 учаскелік референдум комиссиясына барып, өз дауысын берді. Халықпен бірге кезекке тұрып, олардың референдум күнгі көңіл-күйлері мен саяси шараға деген көзқарастарын сұраған аудан басшысы «Мен референдумға дауыс беруде қазалылықтар өздерінің балалары мен немерелері, тұрақтылық пен өркендеу үшін біркісідей дауыс береді деп ойлаймын», – деді.
№56 референдум комиссиясының төрағасы Ерлан Өтепбергенов ел ертеңіне бейжай қарамай, маңызды мәселеге атсалыса келген аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбановтың иығына шапан жауып, батасын алды.
Таңертең ерте мен дауыс беруге келгендердің қатарында медицина саласының ардагері Сержанқожа Берденұлы да бар. Ақсақал Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасын қолдап, Жаңа Қазақстанды бірге құру үшін дауыс беруге келгендігін атап өтті.
– Президент референдум өткізудің негізгі мақсаты – халыққа мейлінше еркіндік беру, демократия мен заң үстемдігін күшейту екендігін атап өтті. Ең бастысы «суперпрезиденттік» басқару үлгісінен мықты парламентке сүйенетін президенттік басқару үлгісі енгізілгелі отыр. Одан басқа Президент өз қолынан өкілеттіктерінің біраз бөлігін парламентке беріп, парламенттің өкілеттігін кеңейтпекші. Басқа да көптеген өзгеріс бар. Біз қасиетті Қазалы ауданының халқы Мемлекет басшысының бастамаларын бірауыздан қолдаймыз, – деді №61 референдум учаскесінде дауыс берген Сержанқожа Берденұлы.
Жанқожа батыр есімімен аталатын білім ордасындағы учаскеге келешек үшін ниет білдіріп, таңдау жасауға келгендер саны сағат таңертеңгі сағат 8:20 да 500-ден асты. Мұнда келген ең жас тұрғын Бақытжамал Ізат. Ол тарихи маңызды сәтте ел келешегіне қатысты шешім қабылдаудан тысқары қала алмағанын, мұндай мүмкіндік бұрын болмағанын айтты.

Науқан күні енді ғана шаңырақ көтерген жас жұп Қайыржан Тілеуқабыл мен Әйгерім Асан №59 учаскеде өз таңдауын жасады. Олар көпшілікті Жаңа Қазақстанды құру жолындағы маңызды сәттен қалыс қалмауға, оған бір кісідей атсалысуға шақырды.
№63 референдум комиссиясы да саяси шараға асқан жауапкершілікпен қарап, бәрін назарда ұстауға бекінген. Бұнда учаскеде азаматтардың дауыс беруіне арналған 5 кабина, бюллетеньді салуға арналған екі жәшік қойылған.
– Біз референдум учаскесіне келе алмайтын, мүмкіндігі шектеулі немесе егде жастағы тұрғындар үшін арнайы өкілді үйіне жіберіп, дауыс беруіне мүмкіндік жасадық. Денсаулық жағдайына байланысты келе алмайтын науқастарға жылжымалы дауыс беру шаралары ұйымдастырылды – дейді №63 референдум учаскесінің төрағасы Марат Құдайберген.
5 квартал аймағындағы С.Сейфуллин атын­дағы №165 мектепте орналасқан №91 референдум учаскесіндегі арнайы бекітілген қызметкерлер де таңның атысымен қызу тірлікке кірісті. Себебі осындай жауапты сая­си науқанда ешкім де назардан тыс қалмауы тиіс. Учаскеге қарайтын теміржол ауруханасында жатқандарға әдейілеп барып, 61 емделушіден дауыс алынды. Ғасыр жасаған кейуана Ілия Рысқұловаға да арнайы топ барды. 102 жастағы Ілия әжей ақ батасын беріп, референдум учаскесінің мүшелері иығына жеңсіз жауып, басына ақ жаулық тақты.
Арғы беттегі ағайын екі референдум учаскесіне дауыс берді. Соның бірі – Ы.Алтынсарин атындағы №204 мектепте орналасқан №93 референдум учаскесі. Талғат Әліпбаев басқаратын «Қамқор Вагон» ЖШС-нің «Қазалы вагон жөндеу депосы» филиалының ұжымы да тарихи сәттен қалыс қалмады. Теміржолшылардың айтуынша, референдум – бірліктің айғағы.
Ал Қазалы қаласы бойынша үш референдум учаскесі жұмыс істеді. Ата Заңға енетін өзгерістер мен толықтырулар көпшілікті елең еткізбей қоймайтындығын Қазалы қала­сының халқы да дәлелдеді. Сағат жеті болмай дауыс беру үйіне жеткен қалалық қарт Сағидолла Шөмкеевті мектеп ауласынан жолықтырдық. 68 жасты алқымдаған ақсақал:
– «Елу жылда ел жаңа» демекші барлығы уақыт өте келе өзгеруге жаңаруға тиіс. Халық – мемлекеттің ең басты қазынасы. Сондықтан көркейген, өркендеген ел болу үшін әрқашан онда өмір сүріп жатқан әрбір адамның жағдайы жақсы, тұрмыс деңгейі мен әлеуметтік ахуалының жоғары болуы аса маңызды. Мен Тәуелсіз Қазақстанның еркін азаматы ретінде өз таңдауымды жасауға келдім. Келешектен күтерім көп. Елде тек тыныштық болсын. Ұрпағымыздың қызығын көріп, бейбіт елде өмір сүре берейік, – деген тілегін жеткізді.
Қазалы ауданында референдум учас­келері орналасқан ғимараттар стандартқа сәйкес пандустармен толық қамтылып, барлығы да бірінші қабатта орналасты. Аудан бойынша кресло-арбамен жүретін 172 мүмкіндігі шектеулі азаматтардың референдум учаскелеріне келуіне қолайлы жағдай жасау үшін 3 инватакси қызмет көрсетті.
Жалпы аудан бойынша дауыс беруге құқылы 41 561 адамның өз таңдауын жасады.
Республикалық референдумның қорытындысы бойынша референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жалпы саны 11 млн 734 мың 642 адамды құрады. Дауыс беруге қатысқандар саны – 7 млн 986 мың 293 адам. Бұл референдумға қатысу құқығы бар азаматтар санының 68,6%-ін құрайды. Референдумды жақтап дауыс берген азаматтар саны – 77,18%. Бұл – 6 млн 163 мың 863 адам.
Ал «Алаштың анасы» атанған Қызылорда облысы республика бойынша Түркістан облысынан кейінгі екінші орынға жайғасты. Жалпы облыс жұртшылығының 79,89%-ы референдумға қатысқан.
Мұнымен қатар аудандар ішінде Қазалы ауданы жалпы 89,59 процентпен үштікті қоры­тындылайды.
Ұлболсын ТАЛАПБАЕВА

07 маусым 2022 ж. 289 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930