Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға арналған сабақ
Қызылорда гарнизонындағы әскери бөлімнің жеке құрамына жазғы оқу кезеңі қарсаңында қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтар өткізілді.
Әскери бөлімнің техникалық аумағында жеке құрамға қауіпсіздік шараларын жеткізу үшін арнайы оқу орындары құрылып, көрнекі құралдармен жабдықталды. Әрбір оқу орнында сабақ жетекшілері теориялық және тәжірибелік сабақтар өткізді. Алғашқы медициналық көмек көрсету, жанар-жағар май материалдарымен жұмыс істеу, қаруды дұрыс қолдану, дене дайындығы және шаруашылық жұмыстарды атқару, өртке қарсы қызмет кезіндегі қауіпсіздік шаралары таныстырылды. Сонымен қатар, қызмет көрсету тәртібі мен техникаларды пайдаланудың ерекшеліктері егжей-тегжейлі түсіндірілді.
– Қарулы күштерде өтетін қауіпсіздік шараларын сақтауға арналған жұмыстардың маңдыздылығы аса зор. Әрбір әскери қызметші қызмет өткеру кезінде кез-келген қауіптің алдын алуға дайын болуы керек. Жеке құрам теориялық білімдерін тәжірибеде қолдана алатынына сенімдімін, – дейді әскери бөлімнің жауынгерлік және арнайы дайындық жөніндегі аға офицері майор Біржан Омаров.
Қазақстан Қарулы күштерінде жаңа оқу кезеңі қарсаңында қауіпсіздік шаралары бойынша сабақтар өткізілуде.
Қызылорда гарнизоны баспасөз қызметінің бастығы
лейтенант Мұхит Қонаров