Қарқынды тірлік – халық талабы
Аудан әкімі М.Оразбаев «халықтың тұрмыстағы бейнеті азайған секілді» дегенді тектен-текке айтып жүрген жоқ. Соңғы кездері аудан орталығынан шалғай жатқан елді мекендерде біреудің көбірек аяқ ізі түскен болса ол – Оразбаевтікі. Бірер күн бұрын редакция қызметкерлерімен кездесуде сондағы көрген-білгенін былай баяндады.
– Елге қызмет етуге келгеніме анау айтқандай көп уақыт өткен жоқ. Ел аралағанда мүмкін мен білмейтін, жұрт айтса ұялып қалатын мәселелер, азаматтардың орталыққа жетпеген даулы талап-тілегі көп болар деп алаңдағаным рас. Алайда алыс-жақын ауылдарға барғанда көптің көңілі тоқ екенін іштей сездім. Былтыр қуаңшылықтан қажыған ағайынның көңілі биыл жасыл желектей жайқалып тұр десем қателеспеймін. Әр тұста құрылыс, абаттандыру қызу жүріп, ауыларалық жолдар жайы жақсарып келе жатқаны да әсер еткені болуы керек, әкімдікке айтар талап, шағым азайған. Елдің риза көңілі мені түйіткілге одан әрі үңіле түсуге шабыттандырып отыр. Елге қызмет еткенге, соған сай көптің батасын алғанға не жетсін?! – дегеннен кейін біраз кідірді.
Шынында да, қуаңшылық қабаққа сызық болып түскені бар, одан бұрын қазақтың кең көңіліне күмән ұялатқан карантин өтті. Жұртшылық жайбарақат өмірдің қадірін түсініп, шүкірін түгендеді. Бұдан бөлек, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған ауылдарға «камаз-камаз» құрылыс заттары барып, көркін арттырып жатса, алақай демей немене?! Дегендей, М.Оразбаев бейсенбі күні халыққа есеп беру жиынында ауқымды жобаларға жекелей тоқталып өтті. Қойындәптердің 4 бетін толтырған тірліктің маңыздыларынан хабар бере кетейік.
«Жұбан мен Жалпақтағы ағайын санының аздығына қарамастан Оразбаев медициналық бекет салып берді» деп риза болған жұртты көрдік. 2017 жылы Кәукейге барып, аудан басшысынан бірнеше жылдан бері клуб салып беруді сұрап жүрген ауылдықтар мұңын жаздық. Араға бес жыл салып, кеше ғана 150 орындық клуб құрылыс басталды. «Қалада халық аз, күн сайын кеңейіп келе жатқан кентке салайық» деп жатқан ешкім жоқ. Қазалы қаласындағы «Өрімтал» балабақшасының да іргетасы құйылып, қаржысы ретімен шешілетін болған. Былтыр өңірде егін жинау жағынан үздік атанып, ауданның мал санын арттырғанын, кәсіпкерлерге 3,4 миллард теңге грант пен несие беріліп жатқанын көпшілік көріп, біліп отыр. Бұған көп іркілмей, Кәукейдің жолына аяңдайық.
Жол дегеннен шығады, былтыр 50 шақырым жол жөнделген. Оның ішінде елді мекендердегі 40 көше бар. Қазалы қаласы әкімі Рахметолла Ізтілеу бюджеттік өтінім беруге төселіп алған болуы керек, аудан әкімі он көшесін биыл аяқтап береміз деп отыр. Ал асығып-аптығып, күздігүні Кәукей жолына смола төсеген мердігердің тері текке төгілді. Биыл ойлы-қырлы күйдегі 2,5 шақырым жолды сүріп, қалтасындағы қаржыға қайта салады.
– Бұдан бөлек биыл Абай-Басықара жолының кемтігі толып, жұмысы бітеді. Құжат бойынша 4 шақырымына тас төселеді. Ертең «қаржысын жоқ қылды» деген әңгіме шықпас үшін айтып отырмын. Ақыры құрылыс басталғасын сондағы көпірді де жаңалап кеткенді жөн көрдік. Соңғы кездері көлік жүргізушілері аудан орталығынан Басықараға апаратын жолдың шұңқырына шағымданып жүр. Жыл аяғына дейін, сонымен бірге, Бекарыстан-Майдакөл, Майдакөл-Түктібаевқа айнадай етіп асфальт төсейміз, – деді аудан әкімі.
М.Әуесұлы Ажар, Шәкен, Шилі, Сарыбұлақты таза ауызсу желісіне қосып беруге уәде бергесін, халықтың көңілінде жайлылық орнайтыны даусыз. Өткенде Ойынды мен Майлыбас тұрғындары краннан су ішіп отырғанда сарыбұлақтықтар мұны армандап қойған болар. Дегенмен ол үшін «Байқожа» топтық су торабын тезірек іске қосу маңызды. «Арал-Сарыбұлақтың» 7-8 мың текше метр суы қыста қажеттілікке жеткенімен, жазда қоймасы үңірейіп қалады. Ал 4-5 мың текше метрге дейін тіршілік нәрін жеткізе алатын жаңа су торабы олқылықтың орнын толтыра алады.
Осыдан кемі он жыл бұрын кентте жарық өшіп, кешкілік майшам айналасынан шықпай қалатын кездер ұмытылған жоқ. Қызылқұм ауылдық округі мен Майдакөл ауылындағы ағайын кейде ескінің естелігінен әлі күнге арыла алмай отырғанына налитын. 40-50 жыл қызмет етіп, тозығы жеткен желі жаңарғасын бұл күндер де бұрын болмағандай. Ендігі кезекте электриктер Ү.Түктібаевтағы бағаналарды жаңартып, кенттің көне сымдарын ауыстыруға білек сыбана кіріскен.
Ұмытып барамыз, мәдениет үйі – сыртқы сәні келіскенімен көңілді жабырқатқан құрылыстың көшін бастап тұр. Қабырғасы қаланып басталған тұста қалалық екі жігіттің қаза тапқаны қазалылықтарды дүр сілкіндіріп еді. Көп ұзамай мердігер компанияның басшысы да бақиға аттанып кетті. Марқұмның ұлы үлкен істі аяқтамаққа бекінгенін де естідік, қолынан келмеген көрінеді. Дегенмен қаржысы шаң басып қалған мәдениет ошағы биыл қалай болғанда да пайдалануға берілетіні айтылды.
Әкім есебінен кейін биыл бітетін тірлік те тізіліп айтылады. Оны да түртіп алдық. Әлемжеліде әлеумет көтеріп, сон-соң шешілетін шаруадан бөлек, әкімдік жоспарында Қарлаң көпірін абыроймен пайдалануға беру, кенттің кіре берісіне серуеншіге сүйкімді саябақ салу, кент айналасын қоқыстан арылтып, лас қалдықты төгетін аумақты қоршау, кәсіпкерлермен бірлесіп «Жеңіс» паркін балаларға арналған ойын-сауық орталығы етіп жасақтау, көлік жүргізу куәлігін беретін автодрон құрылысын жылдамдату сияқты ауқымды жобалар бар.
М.Оразбаев бәрінен бұрын жер кезегінде тұрған 11 мыңнан астам қазалылықтың сұранысын қанағаттандыруды біржақты етемін дейді. Ол үшін кент пен қала ортасынан 600 гектар жерге су, жылу, жарық жеткізуді ойлап отыр. Әкімнің ойы мен жұмыстың жылдамдығы үйлесім тапса, келер жылы 3738 тұрғын тегін жер телімін ала алады.
Күрмеуі қиын сұрақ қойылмаса, мұндай науқан маңызын жоғалтады. Есеп аяқталған соң көп адам микрофонға ұмтылды. Елдік мәселе ретінде қаржы саласының ардагері Кемал Көпжасардың кәсіпкерлерге бағытталған шағымы орынды көрінді. Оның айтуынша, нысан салған азаматтар есік алдындағы берісі онжылдық ағаштарды тамырымен отап жатыр. Баяндамашыға фотодәлелдемесін де ұсынды. Зейнеткер сондай-ақ, учаскелік полицейлердің жұмысы сын көтермейтініне шағымданды. Ал аудандық қоғамдық кеңес мүшесі, кәсіпкер Асқар Далиев кент тұрғындары көшедегі тратуар салынуы тиіс жерді қоршап алғанын жеткізіп, жаяу жүргіншілер қауіпсіздігіне көбірек көңіл бөлінсе деген тілегін бүкпеді. М.Әуесұлы К.Көпжасарға «Қазалы» газетінеде жарияланатын мақалаларын жібермей оқитынын, Е.Бозғұлов атындағы №249 мектеп-лицейге автотұрақ салуды қаперге алғанын ұқтырып, басқа сұрақтар бойынша жауапты мамандарға ескерту жасады. Ал кәсіпкердің сауалына байланысты қоғамдық кеңесте бірге талқылап, мәселені шешетінін айтты.
Әкімді мақтады деп ешкім сөге қоймас, бүгінгі есеп беру кездесуі бұрынғыдан ерекше өтті. М.Әуесұлы қолға қағаз алмай-ақ, сағатқа жуық уақыт елдің жайын мүдірмей баяндады. Сон-соң идеологқа сай сабырлылық, қойған сұрақтың, қолға алған тірліктің байыбына терең бойлап, тыңдаушыны алаңдататын тұстарын өзі атап көрсетті. Бұдан кейін жиналғандар тарапынан дау көтерілмейтіні, интрига беретін сұрақтың саны қысқаратыны түсінікті жайт.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ