Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдағы ағайынның тілегі тыңдалды

Ауылдағы ағайынның тілегі тыңдалды

Ендігі аудан әкімдерінің халықпен өтетін кездесулері бұрынғыдай болмайды. Мемлекет басшысы бұйырғандай, бұдан былай аудан басшылары тоқсан сайын тұрғындармен кездесіп, халықтың талап-тілегін тыңдап, әл-ауқатын білуге міндетті. Жуырда осындай есепті кездесудің куәсі болдық. Нақтыласақ, аудан әкімі Мұхтар Оразбаев өткен сейсенбі күні Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов және Басықара ауылының жұртшылығымен жүздесті. Қойын дәптер мен қаламсапты кеудеге қысып, біз де сол жерден табылдық.

Аудан басшысы ең алдымен Қарашеңгел ауылдық округіне аялдады. Жиында бірінші кезекте биылғы өзгерістер, алдағы міндеттер айтылды. Бізді қуантқаны, Мұхтар Әуесұлының уақыттың көп бөлігін тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін тыңдауға арнағаны.
Сол тұста сөз алған ауыл ақсақалы Сайын Дәуіт және тұрғындар Сапар Құлтанов, Мұхит Жанқуат Әйтеке би кенті мен Басықара ауылының арасындағы жолды асфальттау, электр бағаналары мен желілерін жаңарту секілді мәселелерді көтерді. Сонымен қатар биыл ғана бастау алған елді мекенді газдандыру жұмыстарының көңіл қуантып, қарқынды әрі қызу жүріп жатқанын жеткізді. Ал аудан әкімі тұрғындардың көкейінде жүрген түйткілдерге жеке-жеке тоқталып, санадағы сауалдарға толық жауап берді.

Келесі келелі кездесу Қ.Пірімов елді мекенінде жалғасты. Ауылдық клубқа жиылған көпшілік жеке бастың емес, жұртқа ортақ ойларын ортаға салды. Мәселен, округтегі жолдардың асфальтталуын күтіп тұрғанына біршама уақыт болған. Сол секілді көшелерді жарықтандыру, балабақша тұрғызу, Басықара ауылдық округіндегі Масақбай учаскесіне шлюз салу сияқты мәселелер қозғалды.
Осындай күрмеуі қиын түйткілдер Басықара ауылында да жоқ емес. Ол жайлы сондағы ағайын ауылдық клубта баяндап берді. Мұндағы жұрттың тілегі – ең әуелі округтегі амбулаторияны қайтадан емханаға айналдыру. Олардың айтуынша, амбулатория болғалы дәрі-дәрмек қоры азайған. Тіпті кей уақытта адам жанына қажетті дәрілер табылмай, аудан орталығына сандалуға тура келеді екен. Бұл сауалға Қазалы ауданаралық ауруханасының бас дәрігері Бақыткүл Әлішева жауап берді. Білікті басшының сөзіне сенсек, 2016 жылы дәрігерлік амбулатория жабылып, фельдшерлік-акушерлік пункт болып қалған. Оған себеп – сондағы халық санының азаюы. Аталған жайт жуырда облыстық денсаулық сақтау басқармасына ескертіліпті. Алдағы уақытта бір шешімі табылатын болады.
Елді мекендегі тағы бір өзекті мәселе жергілікті мектептегі спортзалды кешкі мезгілде тұрғындарға пайдалануға беру. Мұны аудан әкімі жауаптыларға жүктеп, білім ордасы кешкілік сондағы жұртқа қолданысқа берілуін тапсырды. Ал тазалықты және басқа да шаруаларды бақылап отыратын нұсқаушы бекіту қажет екенін де тілге тиек етті.


Жоғарыда Қ.Пірімов тұрғындары сөз еткендей, Масақбай учаскесінің жайы мұндада қозғалды. Яғни, су дауы көтерілді. Нақыласақ, аталған көлде екі ауылдың малы жайылады. Артынан түсініксіз жайттар орын алып, ағайыны аралас, қойы қоралас жұрттың арасында кикілжің туындайды. Демек арнайы шлюз қажет. Жиын барысында бұл сауалдың шешімі табылатын күнде алыс емес екеніне көзіміз жетті.
Қос елді мекен тұрғындары тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлерді Мұхтар Әуесұлы мұқият тыңдап, барлығына тұщымды жауап берді. Халықтың айтқан әрбір ұсынысын үнемі назарда ұстап, олардың оңтайлы шешілу жолдары қарастырылатынын жеткізді.
Айта кетейік, халықпен кездесуге аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, облыстық мәслихат депутаты Ібайдулла Тілеп, аудандық қоғамдық кеңес төрағасы Талайлы Бөріқұлақов, Қазалы ауданының прокуроры Бақытжан Мырзабаев, аудандық полиция бөлімінің бастығы Болат Кабизов, аудандық мәслихат депутаттары Әбдуәли Рахметов, Ғазиз Әліш және бірқатар дербес бөлім мен мекеме-кәсіпорын басшылары қатысты.


Жұма күнгі аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың есепті кездесуі Сарыкөл, Көларық және Арықбалық ауылдық округтерінде жалғасты. Бұл күні түске дейін Хәкім Абай атына берілген елді мекенге табан тіреген аудан басшысы клубқа жиылған жұртшылыққа былтырғы және биылғы жыл басынан бері ауданда атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Мұнан соң ауыл тұрғындары сөз алып, өздерінің мұң-мұқтажын айтты. Тыңдай келе, Абайлық ағайындарды көшелердің асфальтталуы, жарықтандыру, округке қарасты жайылымдылық жерлерді суландыру секілді сауалдардың толғандыратынына көз жетті. Сондай-ақ, газдандыру мәселесін жеделдету жөнінде ұсыныс та сөз етілді.
Түскен кейінгі Ақтан батыр мен Жанқожа батыр ауылдарының мәдениет үйлерінде өткен басқосуларда аудан әкімі Мұхтар Оразбаев Әйтеке би кентінде 250 орындық мектеп, ауысымына 250 келушіге арналған емхана, Қ.Пірімов ауылында спорт кешені, Қазалы қаласында 140 орындық «Өрімтал» балабақша, Кәукей ауылында 150 орындық клуб және тағы басқа да құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
Кезек ұсыныс-пікірлерге берілгенде қос ауылдың тұрғындары елдің мәселелерді көтеріп, халықтың талап-тілектерін жеткізді. Ақтан батыр ауылының тұрғындары балабақша салу, газдандыру және мектепке қосымша құрылыс салу жөнінде айтса, арықбалықтық ағайындар ауыл маңындағы жайылымдылық жерлерді көбейтіп, оларды суару, құрылысқа қажетті топырақ алатын карьер, полигонның орнын ауыстыру және тағы басқа бірқатар өзекті мәселелерді қозғады. Әңгіме барысында Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Ахмедия Төлеш балабақшаға қатысты сұрақтарын қойып, округке салынған мал қорымына қатысты ұсынысын баяндады.

Аудан басшысы тұрғындарды мұқият тыңдай келе, 2021 жылы Жанқожа батыр ауылында ауыз су сервистік желіге қосылып, елді мекенге аяқ су айдайтын насос алынғанын жеткізді. Ал биылғы жылы бөлінген қаржыға «Аққолқа» каналына тазаланғанын, мұнымен қатар, «Атсойған» каналына да механикалық тазалау жұмыстары жүргізілгендігін тілге тиек етті.
Кейбір мәселелерге байланысты аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай, аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Еркін Сейітов, аудандық ветеринария станциясы бастығының орынбасары Темірлан Мұратов түсініктеме беріп, тиісті жауаптарын қайтарды
.
Жанқожа батыр ауылына сапары кезінде аудан әкімі Мұхтар Оразбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап елді мекен тұрғыны Жетібай Қарасаевтың жайқалған жасыл бағына барып, көркейту-көгалдандыру ерекше үлес қосқан азаматқа алғысын айтты.
Сонымен қатар аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Жасұлан Сыдықовқа Жанқожа батыр ауылына кіре беріс жолдың бұзылған учаскелерінің нақты есептемесін шығарып, қажетті қаржы көлемін нақтылауды тапсырды.

Абзал ЖОЛТЕРЕК

14 мамыр 2022 ж. 538 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 52

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930