Байболатовтардың бақытты мекені
Отбасы – қай кезде де бақыт мекені саналады. Ұлттық құндылықты ұлықтап, өнегелі жанұялар қатарынан көрініп жүргендер жанымызда көптеп кездеседі. Олардың ішінде дәрігерлер, теміржолшылар, мұғалімдер династиясы да бар. Солардың қатарына Байболатовтар әулетін қосуға болады. Бұл отбасында үш адам медицина саласында қызмет етеді.
Атап айтқанда, әулеттің келіні Ләззат Мұратбай Қазалы теміржол ауруханасында лаборант-зертханашы қызметін атқаруда. Ол Қызылорда жоғарғы медициналық колледжінде фелдьшер-лаборант мамандығын меңгеріп шыққан.
Ләззат 2015 жылы теміржол ауруханасының “Зертхана бөлімінде” лаборант лауазымына түсті. Ол жерде пациенттің барлық анализдерін тексеріп, зерттеп нәтижесін шығарады.
– Алғаш келгенімде жаңа ортадағы әріптестерім бірден өздеріне баурап алды. Жұмыс барысын көрсетіп, тәжірибе жинауыма демеу жасады. Анализдерді қалай анықтауды үйрендім. Сол бойынша дәрігер диагноз қойып, емін береді. Кейін Полимеразды тізбекті реакция (ПТР) зертханасына орналастым. Індет кезінде күніге 50-60 адамның анализін қабылдадық.
Қазір 20-30 адамның нәтижесін шығарамыз. Негізінде “Амфликатор” автоматты жабдығымен және басқа да аппаратпен жұмыс істейміз. Бұл құрылғылар күніне 100 анализге дейін қабылдай алады. Мұнда басаяғымызға дейін арнайы бір реттік залалсыздандыру киімін киеміз. Кәсібім жаныма рахат сыйлайды, – дейді Л.Әділбекқызы.
Ләззат Ақтан батыр ауылында тұратын анасы Айбаршаға еліктеп, осы жолды таңдады. Шешесі ұзақ жыл ауылдық амбулаторияда халыққа көмек көрсетіп, зейнетке шықты. Ол учаскелік медбике болып, ауылдағы науқастардың жай-күйін бақылады. Балаң қыз анасының жанында жүріп, осы мамандыққа қызығушылығы артқан. Жұмысқа орналасқан соң тағдырдың тоғысымен учаскелік фельдшер қызметіндегі Мұратпен кездесіп, шаңырақ көтерді. Осы күні Алинұр мен Ахмедияр деген алтындай ұлдарды тәрбиелеп отыр.
Ауызбіршілігі мол шаңырақта енесі Айман Өтеулиева да аудандық ауруханада тұрғындарға көмек көрсетеді. Әуелгіде ол жұмыс өтілін перзентханадан бастап, кейін хирургиядағы ота жасау бөліміне медбикелік қызметке ауысты.
Ләззаттың Құдай қосқан жұбайы Мұрат Байболатов Көкшетаудағы медициналық колледжде фельдшерлік білімін жетілдірді. Сол жақтағы ауруханада мейірер болған. Кейін туған жерге ауысып, теміржол емханасындағы “Рентген бөліміне” келеді. Сосын аурухананың рентген, компьютерлік томографиясында КТ лаборант қызметіне орналасады. Тәжірибеден өтіп, қажетті біліктілігін толықтырды.
Қазір өзі компьютер арқылы томография жасай береді. Онымен бірге Жадырасын, Биболат және Мақсат деген ақхалаттылар ауысыммен жұмыс істейді. Жігіттер бір күн толық жұмыс істеп, үш күн демалады.
Мұрат ультракүлгін сәулесінің денсаулыққа зияндылығына қарамастан өз кәсібін жан тәнімен ұнатады. Мұнда Қармақшы, Арал аудандарынан және Байқоңыр қаласынан, сонымен бірге аудандық ауруханадан жолдамамен келгендерді қабылдайды. Арнайы медициналық құрылғы көрсеткен нәтижені компьютерге енгізіп, ортақ базаға салады. Осы жерден дәрігерлер оқып, диагнозын қояды.
Мұраттың сөзіне сенсек, алдағы уақытта “Магнитті резонансты томография” аппараты келеді. Мұндай жағдайда облысқа бармай-ақ, Қазалыдан қорытындысын білуге мүмкіндік тумақ. Білікті маман басында дәрігер болуды армандаған. Сондықтан ол өзін дамытып, ізденіп, медицина институтына құжат тапсыруға дайындық үстінде. Әріптестерінің айтуынша, Мұрат алғыр, әрі зерек кез келген ауырлықтағы бағдарламаларды тез меңгереді екен. Өздігінен ешқандай көмекке сүйенбей, укол, система құяды. Зайыбы Ләззатпен әрдайым ақылдасып, ойласып оған жан-жақты қолдау көрсетеді. Мұрат адамгершілігі мол, ұжымда сыйлы, науқастарға жаны ашып дер кезінде қол ұшын созуға әзір тұрады. Соның арқасында қазалылықтардың алғаусыз алғысына бөленуде.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА