Балабақшаларға қатысты талаптар өзгереді
Министрдің айтуынша, жеке меншік балабақшалардың лицензиясын қайтару үшін заңға өзгеріс енгізу керек. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов балабақшаларға қатысты талаптардың өзгеретінін мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Министрдің айтуынша, жеке меншік балабақшалардың лицензиясын қайтару үшін заңға өзгеріс енгізу керек.
"Ол үшін біз мәжіліске, сенатқа келуіміз керек. Осы екі палатада бәрін қорғап, депутаттардың қолдауын алуымыз керек. Оған уақыт қажет. Бұған дейін біз бірнеше рет осы норманы енгізуге тырысқанбыз. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін заңға енген жоқ. Бірақ біздің ұстанымымыз бір, лицензиялау қажет. Мейлі, мемлекеттік болсын, мейлі, жеке меншік болсын, барлық балабақшаға бірдей талап қою қажет", - деді Аймағамбетов сенат отырысынан кейінгі брифингте.
Министр балабақшаларға лицензия беру мәселесін аяғына дейін жеткізуге мүдделі.
Бұдан бөлек, тағы бір бұйрыққа өзгеріс енгізіліп жатыр.
"Біз 122-ші бұйрыққа өзгерістерді енгізіліп жатырмыз. Ол өзгерістер осы айда енуі керек. Онда біз мемлекеттік тапсырыс алатын балабақшаларға талаптар қоятын боламыз. Біріншіден, сонда істейтін тәрбиешілердің біліктілігіне талап қойылады. Олардың міндетті түрде тиісті білімі болуы керек. Екіншіден, саны бойынша, бізде типтік штат бар. Сол штатқа сәйкестік болуы шарт", - деп атап көрсетті Аймағамбетов.
Сонымен қатар, бейнебақылау жүйесін орнатуға қатысты нақты талап болады. Білім беру мен тәртіп мәселесі де ескеріледі.