Қазақстанда қосымша құн салығына қатысты тәртіп өзгерді
Қосымша құн салығының асып кетуін қайтару қағидаларына өзгерістер енгізілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Қаржы министрлігінің хабарлауынша, ондағы негізгі өзгерістер қосылған құн салығын оңайлатылған қайтару кезінде тәуекелдерді басқару жүйесін енгізуге қатысты. Бұл «сұр» схемаларды қолдану нәтижесінде қосылған құн салығының асып кетуін қайтару мүмкіндігін жояды. «Бұған дейін, БАҚ-та құн салығының асып кетуін қайтарудың жаңа қағидалары бизнес-қоғамдастықпен талқылаусыз қабылданғандығы және Салық кодексінің нормаларына қайшы келетіні туралы ақпарат жарияланған болатын. Онда салық төлеушілер құн салығының асып кетуін қайтарудың оңайлатылған тәртібі құқығынан айырылатыны атап өтілген. Қаржы министрлігі жаңа қағидалар Салық кодексінің 136 және 429-баптарына сәйкес әзірленгенін және экспорттаушылар мен салық төлеушілердің басқа санаттарына құн салығын қайтару бойынша бюджетпен өзара қарым-қатынастарды реттейтінін хабарлайды. Өзгерістер биылғы 14 сәуірден бастап күшіне енді», - делінген ведомствоның хабарламасында. Актіні әзірлеу кезінде бизнес-қауымдастықтың ескертулері мен ұсыныстары ескерілген. 2022 жылғы 25 қаңтар мен 8 ақпан аралығында бұйрық жобасы жария талқылау үшін legalacts.egov.kz сайтына орналастырылды. Барлық ескертулер мен ұсыныстарға негізделген жауаптар да берілді. Тиісінше, нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер енгізудің барлық рәсімдері мен мерзімдері сақталған. «Жаңа қағидаларға сәйкес, енді тексерулер барысында өзара байланысты тараптар арқылы жеткізушілермен өзара есеп айырысуларға талдау жүргізілетін болады, бұл сұр схемаларды қолдану нәтижесінде пайда болатын құн салығының асып кетуін қайтару мүмкіндігін жояды. Сондай-ақ тексерулердің практикалық тәжірибесіне сүйене отырып, қағидаларға мәтіндік тұжырымдардың орнына есептеудің математикалық формулалары енгізілді. Формулалар заңнама нормаларын қолданудың біркелкі практикасын енгізуге ықпал етеді және соманы дұрыс анықтамау қаупін, тексерушінің субъективті бағасын жояды», - деп жазылған министрліктің хабарламасында. Бұдан басқа, бұрын қолданыста болған 15 теріс өлшемшарт 12-ге дейін қысқартылды, адал өндірушілерді қолдауға бағытталған қосымша 12 оң өлшемшарт енгізілді. Оны есептеу тәртібі де жетілдірілді, егер бұрын тәуекел фактісі үшін теріс балл берілсе, жаңа қағидалар бойынша баллдар тәуекел ауқымы бойынша беріледі. Осылайша, ведомство жаңа қағидалар оң салық тарихы бар адал өндіруші кәсіпорындарды ынталандыратынына және бизнестің барлық қатысушыларына тең жағдай жасауға ықпал ететініне сенімді.