Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ғашықтар күнінде не сыйлауға болмайды?

Ғашықтар күнінде не сыйлауға болмайды?

15 сәуір - Қозы көрпеш Баян сұлу - Ғашықтар күні. Көпшілігі сыйлық алуды ұнатқанмен, сыйлық таңдауда қиындыққа ұшырап жатады. Бұл атаулы мерекеге орай қандай сыйлық жасауға болады? Tengrinews.kz кәсіби маркетологтар Сәуле Шынәділова және Сара Болатпен сөйлесіп, сыйлықтар тізімін жасап көрді.

Құмыра, тәттілер, жүрек пішініндегі бұйымдар секілді әдеттегі сыйлықтар сәннен шыққаны белгілі.

Кәсіби маркетолог Сәуле Шынәділова ең бірінші адамның қалауы мен талғамы ескерілуі қажет екенін айтты.

"Сыйлық берудегі ең басты қағида - сүйіктіңіздің көңілінен шығу. Сондықтан сыйлық берер алдында сүйіктіңіздің қалауын, не жақсы көреді, не жақсы көрмейді, қандай қалауы бар - бәрін ескерген жөн. Өйткені нарықта сәнге айналған, тренд болған қаншама бұйым, зат сіздің екінші жартыңызға мүлдем қажет болмауы мүмкін", - деп түсіндірді маман.

Ол неге мән беру керегін санамалап берді:

Сүйіктіңіздің қалауы
Қызығушылықтары
Көптен айтып жүрген өтініштері не өзі ұнатып жүрген дүниесі
Маман бұдан кейін сыйлық таңдау сатысына өтуге болатынын айтты.

"Сыйлық ең алдымен уақытқа, ниетке, әрине, бюджетке тікелей байланысты болады. Сыйлық, тосынсый дайындар алдында осы шарттарға назар аударыңыз", - деді ол.

Сәуле Шынәділованың айтуынша, психология, өзін тану тақырыбына байланысты махаббаттың 5 тілі бар.

"Психология, өзін тану тақырыбын қарастырып жүргендер махаббаттың 5 тілі бар екенін біледі. Сыйлықтарды да осы махаббаттың 5 тіліне қарай лайықтап бергім келіп тұр. Сүйіктіңіздің махаббат тілін анықтау арқылы қажет сыйлықты дәл тауып, көңілінен шыға аласыз", - деді маркетолог.

Махаббаттың 5 тілі бойынша кәсіби маркетологтан ұсыныс:

Қолдау көрсету, жылулықты жақсы көретіндер үшін: әдемі тілектер жазылған ашықхат, өз қолыңыздан алғыс, жақсы тілек кітапшасын дайындап беру.
Бірге уақыт өткізуді, көңіл бөлгенді қалайтындар үшін: бірге театрға, киноға, кешкі асқа, әдемі эмоция сыйлайтын жерлерге бару, т.б.
Сыйлық алғанда өзін ерекше сезінетіндер үшін: сүйіктіңіздің қалауы мен сіздің бюджетіңізге қарай: сүйікті авторының кітабы, ерекше өзіне арнап жасалған блокнот, әдемі көйлек, жейде, зергерлік бұйымдар, әшекейлер, ерекше бокстар, косметика, әтір, техникалық бұйымдар (наушник, телефон, т.б.)
Көмек көрсеткенді, қолдауды ерекше бағалайтын жандар үшін: бірге жобалар ойластырып, орындау, көптен ойлап жүрген ісін жүзеге асыруға материалдық, моралдық тұрғыда көмектесу (демеушілік көрсету, қажет әрекеттерді жасауға ықпал ету, т.б.). Мысалы, арманы шетелде оқу болса, шетелге оқуға түсуге көмектесетін компанияға ақылы консультацияға апару, тіл курстарына жазылуына көмектесу, т.с.с.
Махаббаттың 5-тілі - физикалық байланыс. Бұл жағдайда ылғи сіздің құшақтағаныңыз, жанында болғаныңыз маңызды. Сүйіктіңізді қандай да бір физикалық әрекеттерді бірге орындайтын жерлерге шақыра аласыз. Мысалы, бірге биге бару, бірге парашюттен секіру, бірге коньки тебуді үйрену деген секілді.
"Әрине, мұның бәрі ұсынысымыз ғана. Дәл сіздің сүйіктіңізге не ұнайтынын сіз ғана анық білесіз. Ең бастысы көңілінен шығып, махаббаттарыңыздың лаулай беруіне тілектеспін. Ғашықтар күні құтты болсын!" - деді ол.

Маркетолог Сара Болаттың айтуынша, 15 сәуір - жай ғана мереке емес, екі жастың есінде қалатын мереке. Сондықтан мәні бар сыйлық жасаған дұрыс.

"Қыздар қауымына заттай сыйлық, гүл алып беру 15 сәуірде ғана емес, басқа кезде де жасалуы қажет. Өйткені бұл - көңіл бөлу. Ал 15 сәуірде ерекше көңіл бөлу қажет. Ең бастысы - әсер сыйлау", - деп түсіндірді маман.

Маркетолог Сара Болат ерекше сыйлықтар тізімін атады.

"Мысалы, қыздың барғысы келіп жүрген жеріне апару. Сонымен қатар, қала сыртына шығу, тауға шығу, пикник ұйымдастыру - ең ұтымды тәсілдер. Шетелге тур әперуге болады", - деді ол.

Қазіргі таңда стилистердің көмегіне жүгіну сәнге айналған.

"Стилисттің көмегіне жүгінуге болады, ал стилист сүйіктіңізге лук алуға көмектеседі", - деді маман.

Сонымен қатар, ерекше жерлерге апару нәзік жандарға эмоция сыйлайтыны сөзсіз.

"Спа-салондарға, шоппингке, құмыра, сурет салатын жерлерге сертификат алып беруге болады", - деді Сара Болат.

Сара Болат 15 сәуірде мейрамханаға апару, гүл сыйлау, киноға апару дұрыс емес екенін айтты. Оның айтуынша, бұл қалыпты күнде де жасалады. Сондықтан есте қалмауы мүмкін. Керісінше жігіт қандай да бір футбол клубының жанкүйері болса, оған сол құраманың киімін әперуге болатынын жеткізді.

"Қазір дамыған заман. Соған орай жігітке өзі қызығып жүрген онлайн курс болса, соны сатып алып беруге болады. Ол бір жағынан даму, бір жағынан пайдалы сыйлық", - деді ол.

Жігіттер қауымына сүйіктісіне сыйлауға болатын сыйлықтар тізімі:

Ер азаматтар сыйлық басты нәрсе емес екенін, бастысы көңіл екенін ұмытпауы қажет. Өйткені ол қарым-қатынастың берік болуына ықпал етеді. Сондықтан ертерек жоспарлау, уақытын белгілеу, қамқорлық, жылулық көрсету, тосынсый жасау өте маңызды. Әйелдер қауымы әдемі жүргенді ұнататыны, сұлулықты сүйетіні ақиқат. Сондықтан белгілі брендтің, танымал дүкендердің көмегіне сапалы бояу үшін жүгінуге болады. Ал таңдау жағынан қиналсаңыз, кез келген дүкендегі көмекшілер кеңес береді. Спортқа бейім болса, спорттық киім немесе фитнеске, биге сертификат әперуге болады. Қазір 1 жылға арналған толық курс түрлері өте көп. Бұйымдар мен әшекейлер ешқашан сәннен қалмайды. Өйткені қазір ерекше стильдегі, талғамға сай әшекей таңдауға мүмкіндік көп. Техникалық жабдықтар да дәл осындай. Әйел адамның жеке қажетіне орай, техникалық құрал таңдауға болады.

Қыздар қауымына сүйіктісіне сыйлауға болатын сыйлықтар тізімі:

Ер адамға сыйлық алу қыздарға қарағанда әлдеқайда қиын. Алайда ерлер қауымына сыйлық аларда, оның жасы, жынысы, қызығушылығы мен талғамы, кәсібі, ұнататын түсі ескерілуі қажет.

Бұл орайда сағат - жігіттерге арналған басты сыйлықтардың бірі. Сондай-ақ, оның талғамына сай сүйікті дүкеніне сертификат ұсынуға болады.

Қыздар қауымы да, ерлер де сыйлық таңдарда, сыйлық аларда шынайы болуы қажет және қыздарға ақша сыйламаған дұрыс. Өйткені бұл оның көңілін қалдырып, "көңіл бөлмеді, уақыт таппады" деген теріс ой қалыптастырады. Сонымен қатар, сыйлықты ұсынар кезде де ерекше тәсілмен беру көп мәселені шешеді. Өйткені романтика ешқашан артық етпейді.
15 сәуір 2022 ж. 358 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031