Бала жөтелін тыныс алу жаттығулары көмегімен емдеу
Бала дамуы үшін тыныс алу органдарының толық қуатпен жұмыс істеуі, ал пайда болған бұзылулардың жылдам кетуі маңызды. Тыныс алу гимнастикасы — тыныс алуды жаттықтыруға арналған жаттығулар жүйесі. Мұндай жаттығулар тыныс алу жолдарының шырышты қабығын тазартатындықтан және тыныс алу бұлшықеттерін қатайтатындықтан, олар обструкциялық бронхит, созылмалы тұмау, гайморит секілді аурулармен күресуге көмектеседі.
Балаларда созылмалы тұмау және мұрынмен тыныс алудың бұзылуы болса, оларға тыныс алу жаттығуларын жасату пайдалы. Ол үшін анасы бірінші бір жақ, содан соң екінші жақ танауын кезекпен-кезек басып тұруы керек, ал бала ауаны оң жақ танау арқылы жұтып, сол жақтан шығару керек. Күніне 2-3 рет осындай 3-5 тыныс алулар жасағанның өзі балаға жақсы жаттығу болады. Бала бұл жаттығуды әбден меңгеріп алған кезде оны сәл күрделендіресіз: ауаны жылдам жұтып, келесі танаудан барынша баяу шығару керек. Одан кейін талап өзгереді: ауаны баяу жұтып, жылдам шығару керек.
Жөтел кезінде қақырық шығуын жеңілдету үшін балаға алақаннан қауырсынды үру арқылы ұшыртыңыз, ысқырық немесе шар үрдіртіңіз, стақандағы суға түтікше арқылы үріп, көпіршіктер жасатыңыз. Қажетті әсерді алу үшін мұндай жаттығуларға күніне 5-10 минут бөлу жеткілікті.
Мектепке дейінгі жастағы балаларға арналған тыныс алу жаттығулары:
- Балаға шамды үрдіртіңіз. Оны мұрынмен және ауызбен кезектестіріп үрдіруге болады. Сондай-ақ балаға сабын көпіршіктерін үру пайдалы.
- Балаға сұрақ қойып, жауап беруін сұраңыз: «Пойыз қалай гуілдейді?», «Көлік қалай гуілдейді?» және т.б. Баладан дауысты дыбыстарды созып айтуын сұраңыз: а-ааа, о-ооо, у-ууу.
- Балаға тақпақтар айтқызу пайдалы. Олар тыныс алуға нақты ырғақ береді.
Тыныс алу жаттығуларын бастамас бұрын міндетті түрде бөлмені желдетіп алу керек. Жаттығуды тамақ ішкенге дейін бір сағат бұрын немесе тамақтан соң 1,5 сағаттан кейін жасау ұсынылады. 2-5 жас аралығындағы балаларға қарапайым тыныс алу гимнастикасы жарайды және ол ойын түрінде орындалуы керек. Баланы қызықтыру үшін жаттығуларды онымен бірге жасаған дұрыс.