Тоқаев: Бітімгершілік күштері елімізде бірде-бір оқ атқан жоқ
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жасаған жолдауында Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскері жайлы пікір білдірді. Мемлекет басшысы бітімгершілік күштердің елімізде оқ атпағанын ашып айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
“Тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар елді ыдырату үшін ойларына келген барлық тәсілді қолданды. Соның салдарынан Ұжымдық Қауіпсіздік туралы шарт ұйымынан көмек сұрауға мәжбүр болдық. Бұл қадам ішкі және халықаралық нормаларына сай жүзеге асырылды. Бітімгершілік күштері елімізде бірде-бір оқ атқан жоқ. Олар стратегиялық нысандардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Бұған алдын ала жасалған келісімнің нәтижесінде қол жеткіздік. Жағдай тұрақталған соң екі аптадан кейін олар Қазақстаннан толық шығарылды. Бұл көп тарапты қарулы контингент. Оның құрамында Қазақстан да бар. Бітімгершілік миссиясының маңызды рөлін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ түптеп келгенде біз содырларды өз күшімізбен жеңдік”, – деді Тоқаев.
Бұған қоса ол тәрптіпсіздіктер кезінде ерлік көрсеткен барлық азаматтарға алғысын айтты.
“Осы орайда бір мәселеге жеке тоқталғым келеді. Сатқындардың опасыздығы құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтірілмеуі тиіс. Онда қызмет ететін азаматтар да өз бауырларымыз. Олар елімен бірге екенін, туған халқы үшін қасық қаны қалғанша күресетінін дәлелдеді. Отан алдындағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқиярлықпен қорғады. Мен сын сағатында қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін. Сондай-ақ азаматтар ерікті түрде өз ішінен жасақ құрып, қоғамдық тәртіпті сақтауға ат салысты. Жауапты сәтте бірлік пен жанашарлықтың бірегей үлгісін көрсеткен барша азаматқа алғыс айтамын”, – деп қосты президент.