Қазақстанда жыл сайын 15 мың адам рак ауруынан көз жұмады
Елiмiзде жыл сайын 15 мың адам рак ауруынан көз жұмады. «Үздік денсаулық сақтау ісі - дені сау ұлт» тақырыбындағы парламенттік тыңдауда ҚР ДСМ Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры, м.ғ.д. Диляра Қайдарова осылай айтты, деп хабарлайды Baq.kz тiлшiсi.
«Соңғы 20 жылда елiмiзде онкологиялық ауру көрсеткiшi 1,5 есе артқан. Жыл сайын 36 мыңға жуық қазақстандық жаман ауруға шалдығып, 15 мыңға жуығы көз жұмады. Дегенмен, соңғы 20 жылда өлiм-жiтiм көрсеткiшi 20 пайыз төмендеген. Сүт безi обыры көп тарағандықтан көбіне онкологиялық аурумен әйелдер науқастанады. Ал, ерлер өкпе, асқазан рагi мен колоректалды обырмен жиi ауырады. Iндет 70 пайыз жағдайда еңбекке жарамды жастағы азаматтарда анықталады. Өкiнiшке қарай, олардың 20 пайызы ауырған алғашқы жылында көз жұмады. Бұл мемлекетке жылына 20 млрд теңге шығын әкеледi», - дедi Қайдарова.
Маманның айтуынша, онкологиялық ауру көрсеткiшi Павлодар, Қостанай, Ақмола, Солтүстiк және Шығыс Қазақстан облыстарында жоғары. Осы өңiрлерде қатерлi iсiктен өлiм-жiтiм көрсеткiшi де жоғары.
Сондай-ақ, Қайдарова елiмiзде онколог мамандар жетiспейтiнiн айтты. Сөз соңында ол елiмiзде жаман аурудың алдын алу мен онымен күресу жұмысы белсендi түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Baq.kz