Өз баласына өгей әке
Өткен жылы базар маңынан өтіп бара жатып, әлдекімдерді тоқтатып, ақша сұрап жүрген балаларды көзім шалды. «Сонда бұларды дүниеге әкелген ата-анасы қайда қарап отыр екен» деген ойға шомып, тұрған менің жаныма өздері де жетіп келді.
– Аға, 100 теңге беріңізші, – деді шамамен 7-8 жастағы ересектеуі.
– Оны қайтесің?
– Бәліш жегіміз келіп еді, – деді төмен қарап. Әңгіме барысында ақша сұраған балақайдың әкесі мен шешесі ажырасып кеткенін, анасы аурушаң, әлеуметтік көмекпен ғана күн көріп отырғанын білдім. Ал кішкентайы «үйдегілерден неге алмайсың?» деген сауалға: «Өй, олар арақ ішеді», – деп қысқа қайырды. Өз қызығы үшін өмірге әкелген баланың да өмірін қызықты, қарынын тоқ ете алмаған қайырымсыз әкелерге деген іштегі ашу-ызаны айтып жеткізу мүмкін емес. Балалардың не жазығы бар еді? Бүгін көшеде кездескен әркімнен ақша сұрап жүрген баланың болашағы қалай болады? Қайырымсыз әкелер осы сұрақты өздеріне қояды ма екен? Бұлай бас ауыртар болса Қазалыдағы 19 үйдің баласы қалағанын алып жеп, қатарларымен бірдей киінер ме еді?
Негізінен көкек әкелер үшін алимент төлемеген жағдайда әкімшілік және қылмыстық жауаптылық көзделгенін көп адам біле бермейді. Заң баланың анасы арызданса бергісі 5 айлық есептік көрсеткіште айыппұл төлетеді, іс насырға шапса 2 жылға дейін бас бостандығынан айыра алады. Ал балалардың құқығының сақталуын аудандық прокуратура айналысып отыр.
Былтыр алимент төлеуден жалтарған азаматтарды жауапкершікке тарту кешенді түрде жүргізілген. Мәселен, сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде алимент төлеуден жалтарған азаматтың бірі сот үкімімен кінәлі деп танылып, 1 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұдан бөлек, борышын өтеуден жалтарған 20 борышкер аудандық прокуратурамен әкімшілік жауаптылыққа тартылып, олардың 13-і абақтыға жабылды. Қалғанына мән-жай айыппұл арқылы түсіндірілген. Жыл басталғанына екі ай өтпестен тағы бір әкеге қатысты аудандық прокуратурамен қылмыстық іс тіркеліп, екеуі түрмеге қамалған. Мәселе мұнымен біткен жоқ. Нәтижесінде 62 борышкерден туған 79 балаға тиесілі қаражат өндіріліп, қамқоршыларына үлестірілген.
Құзырлы орган өкілдері алдағы уақытта балалардың құқығы қорғалып, алимент төлеуден жалтарған борышкерлер жауапкершікке тартылатына сендіріп отыр. Өзінің арының алдында таза, қоғам алдында тікеңселі, баланың көзіне өгей көрінгісі келмеген әке туғанына қайырымды болуы тиіс. Ал ізін жалғар жеткіншекке мойын бұрып қарамаған азаматқа жұрт тарапынан қандай да бір құрмет көрсетілуіне жол бермеу – әділ қоғам алдындағы парыз.
Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ