"Сынып оқушылары 100 пайыз вакцина алса ғана офлайн оқиды"
WhatsApp арқылы тарап жатқан ақпарат рас па? Балаларының 14 ақпаннан бастап мектепке барып оқитынына қуанып жүрген жамбылдық ата-аналардың "Ватсап" арқылы тарап жатқан ақпарат наразылығын туғызды.
Ата-аналардың ортақ чатына "Құрметті, 6-11-сыныптардың ата-аналары! Сынып оқушылары 100 пайыз ковидке қарсы вакцина алған жағдайда, сол сынып онлайн форматтан офлайн форматқа ауыстырылатындығын хабарлаймыз (Мысалы, 7 "А" сыныбының оқушылары 100 пайыз вакцина алса, мектепке келіп оқиды)" деген хабарлама түскен. "Мен ұлыма вакцина салдыруға қарсымын. Егер ол оқитын сынып оқушылары тегіс вакцина алса, сол сыныпты менің балама бола мектепке кіргізбей қоя ма? Екпе салғызбағандар сабақты қалай оқиды сонда? Вакцина алу, алмау ата-ананың өз еркінде емес пе?",- дейді тараздық Динара Әшімова. Әбігерге салған хабарламаға қатысты облыстық білім басқармасының басшысы Бейқұт Жамангөзов жауап берді. "Ватсап желісінде таратылып жатқан "Сынып оқушылары 100 пайыз вакцина алса, офлайн оқиды" деген ақпараттың жалған екендігін хабарлаймыз. Рас, еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің арнайы қаулысына сәйкес, оқушылардың вакцина алу мүмкіндігі қарастырылған. Алайда, балаға екпе салу ата- аналардың рұқсатымен ғана жүргізіледі", – деп мәлімдеді. Қазір облыста оқушылардың 23,5 пайызы, яғни 57427-сі онлайн форматта, 76,5 пайызы 186872-сі дәстүрлі түрде білім алуда. Ардақ Үсейінова Ұқсас материалдар: