Бір шәугім шай
«Бір құман шай беруге жарамсыз» дегенді бұрын үлкендердің аузынан жиі еститінбіз. Жақында бұл сөзді жерлесіміз Өмірқұл Айниязовтың әні ойға оралтқаны.
«Шай – қазақтың моторы» деген сөз тұрақты сөзге айналғалы қашан... Шайдың қазаққа қалай, қашан келгені туралы түрлі мәліметтер бар. Бірақ оған қызығушылық тудырып, ықылас танытып жатқандар кемде-кем. Ауылда өскен қара домалақ болғандықтан, мезгіл-мезгіл, кейде беймезгіл қайнатылып жататын шайдың дайындалу техникасын мұндағылардың бәрі біледі. Көзін ашқалы көретін көрініс болған соң, оны білу де өздеріне міндеттідей көрінсе керек. Арғысын беймәлім, біздің буын өскен өткен ғасырдың екінші жартысында әлі де қолданыста жез самаурынның бар кезі еді. Халық қандай қиындықты басынан кешірсе де, шайын тоқтатпады. Үйінде ішер асы, киер киімі болмаса да, ызылдап ән салып тұратын самаурыннан ажырамады. Көрші-көршіні, ағайын-ағайынды, ұжымдас, сырлас, сыйласқа күліп ұсынылған шай көп жағдайда әлеуметтік, әлеуеттік мәселелердің де біразын шешетін.
Қысы-жазы үй ысып кетеді, түтіндейді демей, иінінен «билеген» осы бір ыдыс қазақты шығарған жұртшылықтан да жақсы көретін шығар. Сексеуілдің шоғына қайнаған самаурынның қызуы ұзақ уақыт тұрады. Тіпті таусылғанша дыбыстатуға қауқарлы.
Біздің үй шағын, жас отбасы болды. Қыстыгүндері электрлі су жылытқыштар, ошақтағы шәйнек бола тұра, анамыз әр ас сайын отта қайнаған суды құйып, отын арасынан шаласы басылған, нарттай шоқты әтешкірмен алып, самаурынға салғанда ерекше шай дайын болғандай болатын. Бірде анамның ауылда тұратын жеңгесі Бақыткүл апа үйге келіп, осындай отта жанып жатқан шоқты самаурынға салып жатып, бірі жерге түсіп кеткенде, қып-қызыл шоқты қолымен салып жібергенді. Сонда терісіне ештеңе болмағанын көріп, таң-тамаша болдық. Әтешкір дегеннен шығады. Аралығы онша алыс болмаса да, оңтүстікке барып, қолданысқа барып, «әтешкір» мен «аққұманды» айтып, күлкіге қалғаным бар.
Аққұманның оттағы
Бүлкілдейді қақпағы,
Соған қарап белгілі
Паравозды тапқаны, – деген Шона ағамыздың бала кезден жаттап өскен жыры бар-тын. Кейін ойласам, әтешкірдің «отқысушы», аққұманның шәугімнен гөрі исі қазаққа таныс сөз екенін ол кезде дәлелдеуге ұяңдығым жетпепті.
Сол кезде бір самаурын шайды бір өзі тауысатын ақсақалдар, ақ жаулықты аналар болатын. Қазір ауыл-аймаққа барсаң, бірлі-жарымын сарай сөресінен кезіктіріп қалмасаң, оны тұтынушы таппайсың. Тіпті той-томалақтың өзінде газ плитасында дайындалған шай, расында, шөлді қандырып, мейірден шығады деп ойламаймын.
Кейде сол бір самаурынның өшкен үнімен бірге тұтастығымыз, ауыз біршілігіміз алыстап кеткен жоқ па екен деген ойда қаласың.
Алтын МЕЙІРХАНОВА