Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әлихан Смайылов ҚР премьер-министрі болып тағайындалды

Әлихан Смайылов ҚР премьер-министрі болып тағайындалды

Парламент мәжілісі президент Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр қызметіне ұсынған Әлихан Смайыловтың кандидатурасын мақұлдады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мемлекет басшысы бүгін, 11 қаңтарда мәжіліс отырысына қатысып, премьер-министр кандидатурасына Әлихан Смайыловты ұсынды. Мәжілістегі үш фракция да оның кандидатурасын мақұлдады.
Қатысып отырған 89 депутат кандидатураны қолдап дауыс берді. Тоқаев жаңа премьер-министрге табыс тіледі.
Еске салсақ, 5 қаңтарда елдегі жаппай наразылықтан кейін президент үкіметті отставкаға жіберді. Премьер-министр міндетін уақытша атқару Әлихан Смайыловқа жүктелді.

ҚР Премьер-Министрі лауазымына тағайындалған Әлихан Смайылов Парламент Мәжілісінің отырысында сөз сөйледі.
"Маған үлкен сенім артқандарыңыз үшін алғыс айтамын. Бұл - мен үшін зор жауапкершілік. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының жетекшілігімен елдің егемендігі мен Ұлттық қауіпсіздігін, бейбітшілік пен келісімді нығайтуға, халық үніне құлақ асатын мемлекет құруға бағытталған өзгерістер жүзеге асып жатыр. Азаматтардың заңды талаптары ескеріліп, іске асырылады", - деді ол.
Әлихан Смайылов 1972 жылы дүниеге келген. 1994 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін "қолданбалы математика" мамандығы бойынша тәмамдаған.
1996 жылы ҚР Президенті жанындағы Қазақстан менеджмент, экономика және болжамдау институтының мемлекеттік басқару магистрі дәрежесіне ие болды.
1993–1999 жылдары — "А-Инвест" инвестициялық–жекешелендіру қорының бас маманы; бөлім басшысының орынбасары, ҚР Ұлттық статистика агенттігінің басқарма басшысы; ҚР Статистикалық жоспарлау және реформалар жөніндегі агенттігінің Статистика және талдау комитеті төрағасының орынбасары; бас сарапшы, экономика секторының меңгерушісі, ҚР Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы болып қызмет атқарған.
1999–2003 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.
2003–2006 жж. — ҚР сыртқы істер вице-министрі, "Экспорттық несиелер мен инвестицияларды сақтандыру жөніндегі мемлекеттік сақтандыру компаниясы" АҚ басқарма төрағасы.
2006–2009 жж. — ҚР қаржы вице-министрі, "ҚазАгро" ҰХ президенті.
2009–2014 жж. — ҚР Статистика агенттігінің төрағасы.
2014–2015 жж. — ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Статистика жөніндегі комитетінің төрағасы.
2015 жылдың желтоқсанында Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің көмекшісі болып тағайындалды.
2018 жылы ҚР Қаржы министрі болып тағайындалды.
2019 жылы 25 ақпанда президент жарлығымен премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі болып тағайындалды. 2021 жылы 18 қаңтарда президент жарлығымен осы лауазымға қайта тағайындалды.
2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап уақытша премьер-министр міндетін атқарады.

Марапаттары
"Құрмет" ордені, "Ерен еңбегі үшін", "Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл", "Қазақстан Конституциясына 10 жыл", "Астанаға 10 жыл" медальдері.
"1 рангты кеңесші" дипломатиялық рангы бар.
11 қаңтар 2022 ж. 731 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031