Теміржолдың арғы жағында дүйім жұрт бар
Қазалы ауданы күннен күнге халық санымен де, көлемі жағынан да ұлғаюда. Тұрғындардың бағзыдан еңбекқорлығы мен кәсіпке деген құштарлығы және білім алуға ұмтылысы да көш ілгері десек жарасады. Бұл қазалылықтардың қиындыққа мойымай, қандай да бір екпінге төтеп бере алатын рухтылығының бір парасы болар.
Қазір мемлекеттік бағдарламалармен бой көтеріп жатқан ғимараттардан бөлек кәсіпкерлер де уақыт ағымына ілесіп, еңселі нысандар салуда. Соның шарапатымен Әйтеке би кентінде "Sulpak", "Технодом", "Эврика" сынды тұрмыстық бұйымдар сататын ірі сауда үйлері іске қосылды. Бұл халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға және жұмыс орнының көптеп ашылуына әрі әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуға ықпалы зор. Енді ел-жұрт сабылып үлкен қалаларға бармай-ақ осы жерден қалаған затын иемдене алады. Дегенмен жағдай жақсарған сайын өзге қызметтерге сұраныс та көбейетіні заңдылық. Соның ішінде халық "Kaspi bank" филиалының біздің ауданда да ашылғанын қалайды. Және осы банктің терминалы әкелініп қойылса, нұр үстіне нұр болар еді деген ұсыныстарын ара-тұра айтып қалады. Себебі соңғы жылдары қаржылық алыс-берісте цифрлық бағдарламаны алғашқылардың бірі болып іске қосқан банк заман талабына сай тұтынушылардың көңілін жаулап келеді.
15 мың халыққа көңіл бөлінбей тұр
Осыдан бірер күн бұрын редакциямызға хабарласқан 5-квартал тұрғыны Жанұзақ Советов теміржол беткейінің арғы жағында орналасқан ықшам ауданға да көбірек көңіл бөлінсе деген ойын ортаға салды.
Оның айтуынша, 15 мыңдай халқы бар бұл тұста тығыз шаруамен Әйтеке би кенті орталығына болмаса теміржол бекетіне асыққанда такси ұстау қиынның қиыны.
– Кезінде 5-кварталда 12 мыңдай тұрғын тірлік ететін. Енді халық саны 15 мыңға жетті. Кешегі бала өсіп, шаңырақ құрған соң жер алып өз алдына үй болуда. Тұрғындар саны мен квартал аумағы да үлкеюде. Оған қуанбасақ, реніш жоқ. Соның арқасында бір емес үш мектеп оқушыларға білім беруде. Үш балабақша, спорт кешені, аурухана, мешіт, екі дәріхана және шағын азық-түлік дүкендері халықтың көңілінен шығуда. Дегенмен арлы-бері кедергісіз діттеген жеріңе уақытылы жеткізетін қызмет түрі қарастырылса жақсы болар еді.
Тағы бір ұсынысым – №7 маршрутын С.Сейфуллин атындағы №165 мектепке дейін бағытын созуды және №6 маршрутты спорт кешеніне дейін өзгертуді қарастырғаны құба-құп, – дейді ауыл ақсақалы Жанұзақ Советов.
Бұдан бөлек, қария Жетес би көшесінің бойына мектепке қатынайтын оқушыларға арнап тротуар жүргізуді қолға алу қажеттігін ескертті. Оның мәлімдеуінше, қандай да бір жол жөнделгенде жанына жаяу жүргіншіге де арналған қатынас бағыты болуы тиіс. Соған орай бұл көшеге асфальт төселерде тротуар төсеуге жобалық-сметасы дайындалған. Бірақ ол мезетінде өкінішке орай орындалмады. Енді уағдалы жоба қашан іске асатынын сұрайды тұрғындар.
Осыған орай Әйтеке би кенті әкімінің орынбасары Дархан Алпысбаевтың мәлімдемесіне мән берсек, 2018 жылы аталған көшенің жолын жаңалауға қаржы бөлінгенімен, тротуарға ақша қарастырылмаған. Сол кездегі әзірленген сметалық жобаның мерзімі өтуіне байланысты аудан әкімдігіне биыл жаяу жүргіншілер жолын төсеу ұсынысы берілген. Оған аудан бюджетінен қаражат бөліп берілуі уақыт еншісінде. Бәлкім алдағы жылы шешімін табар деген пікірін жеткізді.
Сақтансаң – сақтайды
Осы сынды өтінішін білдірген "Әли Муса" мешітінің наиб имамы Болатбек Сағындықов имандылық үйіне жамағат үзбей келетіндігін айтты. Ол көлікті барынша жылдамдықта айдайтын жүргізушілердің қызуын басу үшін мешіт тұсынан арнайы тежегіш төмпешік қоюды (лежачий полицейский) ұсынып отыр. Тұрғындардың қауіпсіздігіне бейжай қарамаған дін өкілдері сақтық шараларын осылай жасау қажеттігін білдірді.
Бұған орай аудандық ішкі істер бөлімі бастығының бірінші орынбасары Ғани Құрманалиевке хабарласып, мән-жайды білген едік. Оның сөзіне сенсек, ауыл тұрғындары мен имамның өтініші назарға алынған. Келер жылы аталған ұсыныс орындалатынына сенім білдірді.
Ендеше көбі кетіп, азы қалған екен. Үмітті үзбеген 5-кварталдықтар алдағы жылдан жағымды жаңалық пен нақты нәтиже күтетіндіктерін жасырмады.
Қордаланған мәселе қашан шешімін таппақ?
Мәселе мұнымен тоқталмақ емес. 5-кварталдықтардың келесі уәжі – "Халық" банкінің тұтынушыларына арнап банкомат қою. Бұл жөнінде көпшіліктің пікірін ортаға салған Жамшит Сүгірбаев:
– Ауданда 80 мыңға жуық адам бар. Соның барлығына мен білетін кент ішінде он-он бірдей банкомат қызмет етеді. Өздеріңіз көріп жүргендей, жалақы, жәрдемақы, зейнетақы кезінде кезек саны адам шошырлық. Біз шет жақтан келіп кезегіміз жеткенше, қан қысымымыз көтеріліп кетеді. Шыдамымыз таусылады. Жүрек талмасымен ауыратындар бар араларында. Ал кезекте тұрған жастар ұрысып жол бермейді. Кім сарылып күткен өз орнын бере қойсын?! Бұдан шығар жол – біздің бетке де бір уақ мән беріліп, халық игілігіне бірнеше жерге банкомат қойылғаны. Бірі теміржол ауруханасына бұрынғыдай ішіне де, сыртына да екі данасы орнатылса, екіншісі С.Сейфуллин атындағы №165 мектебі мен "Намыс құрылыс" мекемесіндегі "Қазпочта" тұсына қойса тиімді болады, – деген ұсынысын жеткізді.
Ал осындағы жергілікті халықтың сұранысымен сайланған ақсақалдар алқасының төрағасы Аман Дінахметов халықтың бірқатар мұқтаждығы қанағаттандырылуын сұрайды. Ол жастардың бос уақытын тиімді өткізу бағытында жаңадан салынған ипотека маңы мен 6 квартал тұсынан тағы да бірнеше ойын алаңын салу.
Сондай-ақ тұрғындардың рухани танымын дамыту мақсатында жаңадан Мәдениет үйі бой көтерсе, Жастар орталығы ашылса, сонымен бірге осы кварталдан әкімдік пен ХҚК орталығы іске қосылса деген ұсынысын айтты.
– Бұл ұсынысыма ешкім қарсы болмас. Себебі мені халық ортадан үлкен ретінде сыйлап қажеттіліктерін тиісті орынға жеткізіп, орындасын деген мақсатта сайлағандықтан әрбір арыз-шағымды көкейде түю парызым. Неліктен билік тарапынан тыс қалуымыз керек. Бізге де жаңа нысандар қажет. Мәселен, Қазалы қаласында 8 мың халық бар. Оларға арнап, жастар орталығы, өртке қарсы бөлім, әкімшілік, тағы басқалары қала тұрғындарына қалтқысыз қызмет етеді. Ал бізде 15 мың тұрғын тіркелген. Әлі де болса, қаншама қордаланған қиындықтар көп. Оны жою үшін жұмыс атқарып жатырмыз. Тиісті сала мамандары да бұған көңіл бөлсе, – дейді ақсақалдар алқасының төрағасы.
Айтып айтпай немене, тыңдап отырсақ, 5-кварталда жабулы күйі тұрған мәселе шаш етектен. Мысалға, Қ.Ерімбет және Жетес би көшелеріне аяқсу тарту, Қ.Ерімбет пен Елховник көшесінің қиылысына бағдаршам орнату сынды тұрғындардың өтініші енді қашан қолға алынады екен оны бақылауда ұстаймыз. Тұрғындар мұқтажы шет қалмас деген үміттеміз.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА