Педагогтерді аттестаттау ережесі өзгерді
ҚР Білім және ғылым министрі 2021 жылғы 12 қарашадағы бұйрығымен балабақшаларда, мектептерде, колледждерде және басқа да ұйымдарда жұмыс істейтін педагог қызметкерлерді аттестаттаудан өткізу қағидалары мен шарттарына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Осылайша, педагогтерді аттестаттаудан өткізу үшін білім беруді басқару органдарында комиссиялар құрылады.
Педагогтерді аттестаттау жөніндегі комиссияның құрамына кемінде 10 жыл жұмыс өтілі, «педагог-зерттеуші» немесе «педагог-шебер» біліктілік санаттары бар педагогтер, оқу-әдістемелік кабинеттердің (орталықтардың), біліктілікті арттыру ұйымдарының әдіскерлері, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, кәсіподақтардың өкілдері, білім беруді басқару органдарының, ведомстволық бағынысты ұйымдардың мамандары кіреді.
Білім беру ұйымдарының басшылары мен басшыларының орынбасарларын аттестаттауға арналған комиссияның құрамына мемлекеттік органдардың, еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның өкілдері, кәсіподақтардың, үкіметтік емес ұйымдардың, білім беру ұйымдарының алқалы басқару органдарының, қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ аттестаттаушы органның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері кіреді.
Тиісті деңгейдегі Комиссия аттестатталушының құжаттарын жылына екі рет қарайды.
Аттестаттау келесі кезеңдерді қамтиды:
Педагогтер үшін:
- НКТ;
- Эссе;
- Біліктілік бағасы;
- Қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау.
Білім беру ұйымдары басшысының орынбасарлары мен әдіскерлер үшін:
- Біліктілік бағасы;
- Қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау;
- Аттестаттау комиссиясының отырысында қызмет нәтижелерін таныстырумен әңгімелесу (комиссияның өзін-өзі бағалауы мен бағалауы сәйкес келмеген кезде).
Білім беру ұйымдарының және әдістемелік кабинеттердің басшылары үшін:
- НКТ;
- Біліктілік бағасы;
- Қызмет нәтижелерін кешенді талдамалық жинақтау;
- Комиссия отырысында қызмет нәтижелерін таныстырумен әңгімелесу (комиссияның өзін-өзі бағалауы мен бағалауы сәйкес келмеген жағдайда).
Құжаттың толық мәтінімен мына сілтеме арқылы танысуға болады.
Бұйрық 2021 жылғы 5 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі.