Бабында тұрған бапкер
Қашан да мемлекет мерейі даму көрсеткішімен бірге спортшылары арқылы мәртебелі болады. Ел байрағын желбіреткен осындай озық оғландарды күрес өнеріне баулып, мерейді тасытып жүрген бапкер Самат Оспановтың есімі бүгінде көпке таныс.
«Жігітті кеткен күшімен сынама, еткен ісімен сына» дейді халқымыз. Білек пен білікті бір арнаға тоғыстырып, ел ішінен болар балаларды танып, оларды шынықтырып, ілкімді ісімен танылып жүрген мақтаулы маманмен жолығу оңайға соқпады. Іздеген адамымыз біз телефон шалғанда бірде шәкірттерін жарысқа қатыстырып жатса, бірде өзі бозкілемде белдесуге бара жатқанын айтты. Бұл жайттар қырықтан асса да оның өз бабында тұғандығын байқатты.
2002 жылы Түркістан облысы, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттен дене тәрбиесі және спорт мамандығын меңгеріп шыққан түлекті оқу орны өздеріне алып қалады. Тәжірибесіздігіне қарамай, жас маманға арнайы күрес пәнінен дәріс беруді тапсырады. Еңбек жолы басталған бірінші жылдың өзінде С.Оспановтың алғашқы шәкірттері грек-рим күресінің техникаларын меңгеріп, топ жарып, жетістіктерге қол жеткізеді. Алайда «Ер туған жеріне» деген ұстанымды ту еткен азамат, арада көп уақыт өтпей, өзі туып-өскен жеріне оралып, №17 Қазалы аудандық спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналасады.
Осы жиырма жылға жуық уақыт аралығында жас маман жан-жақты шыңдалып, шәкірттерін шыңға шығарады. Мақтаулы маманның баулыған балуандары санатында ҚР чемпионатында ересектер арасында бірнеше медальді қанжығалаған Айдос Сүлеймен, Түркия елінде, Грецияда өткен Халықаралық жарыста топ жарған Наурыз Әбибуллаев, Ернар Жолдас, ҚР біріншіліктерінің жүлдегері Раухан Серік, Әлихан Іздік, Ақтілек Жағал, Ербол Сахи, Абылай Демекбай, Арон Өмірзақтар бар.
Жыл сайын ауданда өтетін Халықаралық, республикалық Елеу Көшербаев атындағы турнирде үнемі баптаған балуандары топ жарып келеді.
Бұған дейін турнирдің Халықаралық сынында үміт үдесінен көрінген Ернар Жолдас биыл республикалық сынында күміске күптесе, Шымкент қаласында өткен Мардан Сапарбаев атындағы Халықаралық жарыста Айдос Сүлейменов екінші орын биігінен көрінген. Айдос Бұғыбай Қостанай қаласында ұйымдастырылған Қазақстан ауыл спорты ойындарында алтыннан алқа тағып, аудан абыройын асқақтатқан.
Біз хабарласқанда жаттықтырушы Ақтөбе қаласында өтетін Есенгелді Батырғалинді еске алуға арналған турнирде қос балуаны Ардақ Бұғыбай мен Дінахмет Қожамұраттың топшысын қатайтып, топқа түсіруге бара жатқан беті екен. «Ақ жол!» дестік.
Үстіміздегі жылдың 21-24 қарашасы аралығында Грецияның Лутраки қаласында грек-рим күресінен әлем чемпионаты өтті. Осы сындарлы жарыста ардагерлер арасында бақ сынаған Самат Оспанов ел құрамасынан барған елуліктен табылады. Күрестің төл отанындағы жергілікті жанкүйерлердің қарсыласын жан-жақты қолдауына қарамай, Самат грек балуанының жауырынын жерге тигізіп, үздік бестіктен табылады.
Өз ісіне адалдық танытып, үнемі жан-жақты ізденіс үстінде жүретін Самат Қобландыұлының тәрбиесімен түлеген Олжас Сүлейменов, Ербол Сахи, Ербол Сүлейменов, Әлихан Іздік, Әзиз Жақсылық ұстазының жолын жалғап, жас спортшыларды додаларға дайындап жүр.
«Әр баланың өзіндік бейімі, қабілеті болады. Біз, ұстаздар, соны танып, білуіміз керек. Өзіне үміт артып, ертеңіне жетерлік қабілетті бойына дарытып, өзіндегі талантын тәрбиелей алған кез келген өреннен жетістік, жеміс күтуге болады. Мәселен, Ернар есімді шәкіртімді 5 оқитын кезде Арал ауданы, Сексеуіл кентінен, ата-анасына өтініш айтып, алып келіп, күрес өнеріне баулыдым. Үйімде жатып, мектеп оқытып, жаттығуларын орындатып, бойындағы талантын шыңдауға атсалыстым. Нәтижесі жаман болған жоқ», – дейді кейіпкеріміз сөзінде.
Біз де білікті бапкердің күрес үйірмесі болашақта спорт саңлақтарының ұстаханасына айналатынына сенім білдірдік.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА