Еліміздің мектеп күзетшілері оқушыларды қорғай ала ма?
Жақында Ресейдің Казань және Пермь қалаларындағы білім ордаларында атыс болып, бірнеше оқушы қайтыс болды. Осыған орай сенатор Ақылбек Күрішбаев еліміздегі білім беру нысандарындағы қауіпсіздік мәселесін көтеріп, Ішкі істер мен Білім және ғылым министріне депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
"Білім беру мекемелердегі қауіпсіздікке байланысты елімізде кемшілік жетерлік. Мәселен елорда мектептері мен университеттерінде жұмыс істейтін күзетшілердің айлығы, 70 мың мен 100 мың теңгенің арасы. Осылайша бұл жұмысқа не зейнет жасына жақындаған, не зейнеткерлер барады. Осыдан кейін қандай қауіпсіздік туралы айтуға болады?", — деп сұрайды сенатор.
Оның айтуынша, олар құқық бұзушыларды ұстайтын құралдармен, тіпті, рациялармен қамтамасыз етілмеген. Ал бірқатар университеттерде күзеттің міндеті оқу ордасында жұмыс істейтін бақылаушыларға, вахтерларға жүктелген.
Ақылбек Күрішбаев білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жүйесінің қаншалықты осал екенін көрсету үшін мысал да келтірді.
"Студенттер Нұр-Сұлтандағы университеттердің күзет қызметінің сапасын тексеру үшін эксперимент жүргізіп көрді. Тәжірибе нәтижесінде сол оқу орнында оқымайтын адамдар 12 университеттің 10-ына кедергісіз кіріп-шыққан. Олардан ешкім, тіпті, рұқсат қағазын сұрамаған. Бұл елордадағы жағдай. Ал өңірлерде не болып жатыр? "Мекемелерді қорғау жөніндегі заңнаманың талаптарын күшейттік. Оқу орындарындағы қауіпсіздік ережесін ретке келтірдік" деп есеп береміз. Бірақ іс жүзінде мәселе түбегейлі шешілмей тұр, — дейді Сенат депутаты.