Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Киберұрылар кімді көздейді?

Киберұрылар кімді көздейді?

Технология мен интернет банкинг дамығалы бері қалта тонаушылар мен ұрыларға тықыр таянды. Біреудің затын қолынан жұла қашатындар алысқа бармайтынын біліп, күнін басқа кәсіптен іздеуге көшкендей... Заман мен адам қатар дамыған сайын олар ойлап табатын қулық та таңданарлық дәрежеге жетті. Қоғамдық көлікте, көпшілік орындарда қасқой ақшаңызды ұрлауды азайтқанымен, банк картасындағы теңгеріміңізді тегістеп кете алады. Бар болғаны оған мүмкіндік беретін функцияны ашық қалдырсаңыз болғаны.

Ұрылар саны ұлғайып келеді
Бір қызығы, өткен жылғы интернет ұрлықтың жартысынан астама АҚШ-та орын алған. Бұл интернет-банкингті жаппай пайдаланатындар жиі ұшырайтынын білдіреді. Жаңа заман алаяқтары көбінесе несие ұсынысы арқылы алдайды. Елде жүргізілген зерттеуге сәйкес оған қатысқан респонденттердің 64 проценті алаяқ айласына қарсы тұра алмаған. Бәрі құрбанның жеке деректерді растауынан кейін басталады. Яғни құпия сөз, банк картасының нөмірі, ПИН-код, CVV-код сияқты құпия деректі сұраныс жасаған адамға жария ету банк картасындағы қаржыны иемденуге еркін жол ашады. Орташа есеппен желіде алаяқтыққа тап болған әрбір қазақстандық шамамен 12 000 теңгесін жоғалтқан. Мұны «Касперский Лабораториясы» компаниясының директоры Евгений Питолин мәлімдеген.
Ал Еуразиялық банктің атқарушы директоры Светлана Королева 2020 жылы ғаламтордағы ұрлық коронавирус пандемиясы кезінде еселеп өскенін айтады. Зардап шеккендердің нақты санына жету мүмкін емес.
Полицейлердің мәліметінше, 2020 жылдың маусым-шілде айларында Қазақстанда кибер алаяқтыққа қатысты 40-қа жуық қылмыстық іс ашылған. Алайда қазақстандықтар мұндай оқиға туралы полицияға шағым түсірмейді. Мұның алгоритмін алаяқтардың араға уақыт салып ұрлық қылуымен түсіндіруге болады.

Қарап тұрып қапы қалма
Алаяқтың тұтқасын көтеріп, абайсыз жеке мәліметтерін беріп қойғандар кінәні өзінен іздері анық. Алайда ешқандай орынсыз әрекетке бармай-ақ шотындағы ақшасынан айырылғандар қаншама?! Бұған интернетте сауда жасайтындар, зат сатып алып, букмекерлік кеңселерге ақша аударатындар жиі ұшырайды. Киберұрылар үшін бұл ең оңай олжа десек қателеспейміз. Өйткені бұл үшін біреуді алдап-соғып, құпия мәліметтерін алуға уақыт жұмсамайды. Оңай ақша табуға керекті барлық мәлімет қызмет ұсынушы компанияның сайтында тұр. Тек амалын тауып, деректер қорына қол жеткізсе болғаны. Шотындағы ақшасынан айырылғандар қатарында қазалалықтардың да қарасы қалың.
– «Alibaba», «Satu» сияқты басқа да қосымшалардан тауарға тапсырыс беріп, ғаламтормен төлем жасайтынмын. Бәрі ойдағыдай жүзеге асып жүрді. Бірақ жақында банк картасындағы ­баланс азайғанын байқадым. Аударымдар тарихын қарасам 5-10 мың теңгеден ай сайын, кейде апта сайын ұрланып отырған екен. Дереу банктың жедел желісіне хабарласып, кім шешіп алғанын сұрадым. Бірақ кеңесші ешқандай көмек көрсете алмайтынын, қауіпсіздік үшін қосымшадағы «Интернеттегі төлем» қызметін өшіріп қою керектігін айтты. Содан кейін ғаламторда сауда жасаудан жүрексініп қалдым, – дейді кәсіпкер Батыр Сманов.
Тәңірберген есімді жігіт те букмекерлік кеңсенің күн сайын Kaspi bank қосымшасынан 2 000 теңге тартып алатынын байқаған. Компанияға шағым түсіру көп уақытты қажет ететіндіктен, ол да банк қызметкерінің кеңесінен құлақ түргеннен басқа амал таппағанын айтып отыр. Дегенмен қаржы ұйымдары шоттағы қаржының ұрланбайтынына кепілдік бере алмайтынына қапалы. Азын-аулақ ақша үшін полицияға шағымдануды жөн көрмеген. «Оның үстіне құмар ойынның кесірінен қапыда қалған жанға көпшілік қайырыммен қарамайтыны анық, – дейді киберұры құрбаны.

Қалай қорғанамыз?
Кибершабуылдан қорғанудың арнайы кітабы жоқ. Пәлендей қиын да емес. Бұл туралы «Халық банктың» аудандық филиалының кеңесшісі Нұрболат Серіков айтып берді.
– Өзін банк қызметкері ретінде таныстыратындардың қоңырауынан сақ болыңыз. Әңгімені дереу тоқтатып, банкке өзіңіз хабарласқаныңыз дұрыс. CVV-ге және SMS-тен бір реттік кодты ешкімге айтпау керек. Толық карта нөмірі мен оның қолданылу мерзімін жариялау да қаржы ұрлығына әкелуі мүмкін. Жақындарыңызға мессенджер арқылы жолдаған картаның суреттерін өшіріп тастаған абзал, – дейді маман.
Сондай-ақ банк картасының қолданушылары картаны сенімді қосымшаларға байланыстырғанда немесе төлем жасағанда мұқият болғаны маңызды. Виртуалды төлем үшін, тіпті сенімді платформаларда да, 3D Secure функциясы қосылған бөлек картаны қолданған дұрыс. Мессенджерлердегі немесе SMS хабарламаларындағы күмәнді сілтемелерді ашу да тақырға отырғызуы ғажап емес. Банк кеңесшісі цифрлық сауаттылықты арттыру келеңсіздіктің алдын алудың ұтымды шешімі екенін айтады.

Сауат – сенімді қорғаныс
Кибершабуылшыларға кеңес дәуірінде өмір сүрген егде азаматтар көбірек тап болатынын көз көріп жүр. Қарт адамдар көбіне сөзге сенгіш. Олар күмәнді жағдайға тап болса, жаңа технологиядан хабары бар отбасы мүшелерінен кеңес сұраса жеткілікті. Бұдан бөлек интернетке жиі кіретін балалардың аңғалдығы да алаяқтарға алақай болып отыр. Ата-анасының ұялы телефоннан белгісіз сілтемелерге абайсызда өтіп, қиындыққа кезіккендер де аз емес. Қуаныштысы сол, келер жылдың қаңтар айынан бастап елдегі, соның ішіндегі Қазалы ауданындағы мектептерде «Цифрлық сауаттылық» пәні оқытыла бастайды. Бұл келешекте тұрғындар ұшырауы мүмкін көптеген келеңсіздіктің алдын алуға септесетініне сенеміз.

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ

16 қазан 2021 ж. 354 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031