Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жыр жаттаған бәйге алар

Жыр жаттаған бәйге алар

Сыр – жыр жерұйығы. Бүкіл түркітілдес ұлтқа ортақ тұлға Қорқыттың салған сара жолы өзен бойындағы жұрттың жадына өшпесі анық. Осыдан қызылордалық өрендердің жыр жаттауға үйір болмауы, тарих пен шежірені көзбен көргендей баяндай алмауы үлкен кемшілік болар еді. 2019 жылы бастау алған ауқымды жоба – «Тұлпар мініп, ту алған» жобасы Қорқыт ұрпағының шежіре жырды сақтаудан, оны келер ұрпаққа жеткізуден кенде емесін аңғартты. Мыңдаған шәкірт Қобыланды батыр жырын жарыса жатқа айтып, бәрінен зерегі қомақты ақшалай сыйлыққа ие болды. Өткен жылы карантин шараларына байланысты жоба тоқтатылып, биыл жағдай қалыпқа келген соң қайта жарияланды. Ендігі қатысушылар сыйыста тәрбие-тағылымға толы «Едіге батыр» жырын толықтай жатқа айтатын болады.
Бұған дейін «Nur Otan» партиясының Қызылорда облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ләйлә Төрешова, облыстық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Айжан Қиянбекова және “Qazaq epos” жобасының Қызылорда облысы бойынша өкілі Дәурен Омаров жиын өткізіп, байқаудың жаңа кезеңінің талаптарын түсіндірген еді. Додаға жырды жатқа білетін 6-10 сынып оқушылары қатыса алатын айтылды. Сонымен бірге бақ сынаушылар қосымша Алтын Орда мемлекетінің тарихи оқиғаларына қатысты сұрақтарға жауап беріп, мәтінде кездесетін көнерген сөздердің мән-мағынасын түсіндіреді. Қазақ әдебиеті пәнінің оқу бағдарламасы негізінде әзірленген сұрақтар да қойылады.
25 қыркүйекте басталып, 25 қарашада жеңімпаздар анықталатын алғырлар тартысының аудандық кезеңіне дайын балалар аз емес. Қазірдің өзінде қазалылық 17 оқушы сайысқа сақадай сай. С.Сейфуллин атындағы №165 мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Сағынтай Балкембай дайындық жұмыстары жүйелі жүріп жатқанын айтады.
– Сайыстың негізгі кезеңін асыға күтіп жүрміз. Жансұлу Оңдаш мен Асылзат Ұмытқан есімді қазақ тарихын жақсы көретін, эпосты жанына жақын тұтатын шәкірттерімнің де жеңіске деген жігері жалынды. Аптасына бірнеше рет көне сөздердің мағынасын ашып, ұғынуға дайындалып жүрміз. Сондай-ақ мәнерлеп оқу, сахналық шеберліктерін шыңдаудамыз. Толық дайынбыз деп сеніммен айта аламыз. Бастысы, өнегелі додада бармақтай бақ бұйырса дейміз, – дейді оқушылар жетекшісі.
Айта кетейік, жырды жатқа айтушылар алдымен аудандық кезеңде бақ сынасады. Жүзден жүйрікке 150 мың, екінші орынға 100 мың, үшінші орынның жүлдесіне 50 мың теңге тігілген. Бұдан кейін жобаның облыстық турында оза шапқан оқушыға 750 000 теңге бұйырады. Сәйкесінше, екінші орынға берілетін 350 000 теңге мен үздік үштікті қорытындылайтын балақайға табысталатын 200 000 теңге жүлдесі бар. Олардың бабын келтіріп, жобаға қосқан жетекшілері де қомақты қаржымен марапатталатын болады. Баба рухын ұлықтауға, қазақ құндылығын дәріптеуге арналған додада барлық қатысушыларға сәттілік серік болсын!

Ринат ӘБДІҚАЛЫҚ
02 қазан 2021 ж. 562 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930