Цой ревакцинация жайлы: ДДСҰ-дан ақпарат күтіп отырмыз
Министрдің айтуынша, қазір ревакцинацияға қатысты нақты критерий жоқ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой коронавирусқа қарсы қайта вакцинациялауға дайындық қалай жүріп жатқанын түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Ревакцинация мәселесі қазір әлемдегі барлық елдің алдында тұр. Қазақстандағы санитарлық-эпидемиологиялық қызмет ғалымдары, клиницисттері, дәрігерлері және қызметкерлері арасында жұмыс тобы құрылды. Бұл жөнінде жетекші халықаралық агенттіктер мен Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымынан ақпарат сұрадық. Барлық тәжірибе ескеріледі», - деді Алексей Цой.Министр сөзін жалғай отырып, қазір ревакцинацияға қатысты нақты критерий жоқ екенін мәлім етті.«Қазір нақты критерий жоқ. Себебі, COVID-19 ревакцинациясы - жаңа мәселе. Қажетті деректер жиналғаннан кейін халықты иммундау жөніндегі консультативтік комиссия қорытындысы шығарылады. Осыдан соң сарапшылар тобы қорытынды береді, оны міндетті түрде таныстырамыз. Медициналық нысандар, екпе пунктері толықтай дайын. Дәрігерлер тиісті оқудан өтті», - деді Цой Үкіметте өткен брифингте.Денсаулық сақтау министрі осы жылдың наурыз айынан бастап 23 қыркүйекке дейін Қазақстанда 17 млн 402 205 ПТР-сынама тапсырылғанын мәлім етті. Әр тәулік сайын 56 мың зерттеу жүргізілген. Ал лабораторияларға түскен жүктеме 40 пайызды құрайды.Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі осыған дейін ревакциянация екпе күнтізбесіне вакцинацияның екінші компонентін алғаннан кейін тоғыз айдан соң енетінін айтқан еді.