Рәміздер орналасуында олқылық көп
Жуырда аудан әкімі жанындағы Мемлекеттік Рәміздер жөніндегі комиссия отырысы өтті. Жиында мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Нұржан Уәлиұлы сала бойынша рәміздердің қолданылуы туралы хабарлама жасап, нышандарды насихаттау мақсатында 29 онлайн шара өткізілгенін атап өтті.
Аудан басшысы Мұхтар Оразбаевтың: «Елдің мемлекеттілігін анықтайтын тәуелсіз Қазақстан Республикасының рәміздері. Еліміздің символы – мемлекеттік рәміздерді қастерлеп, құрметтеуде әр қазақстандыққа артылар жауапкершіліктің жүгі мол. Алайда кей мекемелерде рәміздердің жағдайы талапқа сай емес. Мәдениет бөлімінің тарапынан рәміздер жайлы талдау жұмыстары болды ма?» – деген сауалына жауап ретінде талдау жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды.
Бұл күні хабарламаны жасаған ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәурен Тілеумбетов:
– Рәміздердің талапқа сай болуы үшін мемлекеттік мекемелерге тоқсан сайын бақылау жүргізудеміз. Осы жылы бюджеттен 4 млн теңге қаржы бөлініп, оған 588 ту алынды. Әр ауылға 25 данадан берілді.
Насихаттау жұмыстары жүргізілгенімен, әлі де талапқа сай емес мекемелер бар. Мәселен, Ү.Түктібаев ауылдық клубында, Басықара ауылындағы №182 мектепте Туға түнгі жарық қойылмаған. Ал ауылдардың басым бөлігінде кітапхана төлқұжаты талапқа сай емес. Алдағы уақытта да тұрақты бақылау жалғасады, – деді.
Мемлекеттік Рәміздердің орналасуы, қолданылуы туралы арнайы заң бар. Соған қарамастан, олқылықтар орын алуда. Аудан басшысы Мұхтар Әуесұлы дербес бөлім басшылары мен ауыл әкімдеріне осы істе жауапкершілікті күшейтуді талап етіп, 10 күн ішінде қайтадан бақылау жүргізілетінін атап өтті. Жиынға қатысқан сала басшыларынан Туды ілуге міндетті емес мекемелерді бақылауға алу және кіреберістегі таспамен салынған Тудың түсіп қалған жерлерін қалпына келтіру туралы ұсыныс жасалды.
Дина БӨКЕБАЙ