Дәрігерлер коронавирустың балалар арасында таралу жағдайына түсінік берді
Мектептерде коронавирустан қорғануға қатысты түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бас маманы Желеухан Прімқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Оқу жылы басталды, оқушылар, студенттер дәстүрлі оқу форматына оралды. Әрине, бұл барлығымызға қуанышты жаңалықтардың бірі болды. Егерде жаз айлардағы жағдай қайталанбасын десек, денсаулықты сақтау мәселеріне тиісті мән беруіміз қажет. Білім беру мекемелерінде балалар арасында аурудың өршуіне жол бермеуіміз керек. Ол үшін ата-аналар мен мұғалімдер вакцина алу тиіс. Жүргізіліп жатқан вакцинациялау өзіңізді және балаларды індетті жұқтырып алудан қорғайды. Оқу жылының басталуымен қала мектептеріндегі медицина қызметкерлері оқушыларға нұсқаулық жүргізіп, балаларға эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мән беріп отыр. Қол гигиенасының маңыздылығы, бетперде тағу туралы түсіндірмелі жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді Желеухан Прімқұлов онлайн брифингіде. Оның айтуынша, сырқаттанушылықтың өсуі жаз мезгілінде байқалды. Маусым айынан бастап балалар айқын көрінген клиникалық белгілермен түсе бастады. «Балалардың отбасындағы екпе алмаған адамдармен байланыстан соң ауыра бастағаны байқалды. Яғни бірінші кезекте вакцина салдырмаған туыстары мен жақындары өз балаларына жұқтырып алып жүр. Қазіргі кезде КВИ-дың оң нәтижесі бар 43 бала стационарлық ем қабылдап жатыр. Реанимация бөлімшесінде балалар бізде жоқ. Жыл басынан бері КВИ-мен 10 мыңнан астам бала ауырып шықты», - деді басқарма өкілі.