Маңызды мәселелер талқыланды
Ертең еліміздің барлық аймақтарындағыдай біздің ауданда да жаңа оқу жылы басталады. Оқушыларға сапалы білім алуына және карантиндік талаптарды сақтай отырып, қолайлы жағдай жасау үшін білім беру ұйымдарының дайындықта болуы өте маңызды. Осыған орай бүгін аудан әкімдігі мәжілісінде «2021-2022 жаңа оқу жылына білім беру мекемелерінің дайындығы туралы» мәселе қаралды.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев төрағалық еткен басқосуда аудандық білім бөлімінің басшысы Әділхан Жөлекешов күн тәртібіндегі мәселеге байланысты хабарлама жасады.
Бөлім басшысының айтуынша, жаңа оқу жылында 1756 оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттап, 1 сыныпқа барады. Аудандағы барлық білім беру ұйымдары санитарлық-дезинфекциялық құралдармен жабдықталып, «Ashyq» қосымшасына тіркелген.
Оқу прецесі «Бір сынып – бір кабинет» қағидаты бойынша оқытылады. Эпидемиологиялық ахуалға байланысты қоңырау кестесі әр сынып үшін әртүрлі уақытқа қойылған. Мектептерде бұқаралық, мәдени және спорт шараларын өткізуге шектеу қойылған.
Білім беру ұйымдары 100 пайыз оқулықтармен қамтамасыз етілген. Білім күні 1 сынып оқушыларына «Әліппе» оқулығы тапсырылатын болады.
Сондай-ақ, Әділхан Оңдасынұлы «Мектепке жол» акциясы аясында демеушілік есебінен 100 оқушы қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев бөлім басшысына ұстаздар арасындағы вакцинация, жылу беру маусымына дайындық жұмыстары және ыстық тамақ мәселесі қалай шешіліп жатқанын сұрады.
Атап айтап болсақ, «Жұмыспен қамтудың кейбір мәселелері туралы», «Егін жинау жұмыстарына дайындық, егінді малдан қорғау және мал азығын дайындау барысы туралы», «Әлеуметтік желілермен жұмыс туралы» мәселелер қаралды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Совет Бабанаев хабарлама жасап, атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.Күн тәртібіндегі екінші мәселеге байланысты атқарылған жұмыстарды аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Аманбай айтып берді.
Ал, үшінші мәселе жөнінде аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Дәурен Тілеумбетов баяндап, әлеуметтік желідегі тұрғындармен кері байланыс және ақпараттандыру жұмыстарын күшейту жөнінде ұсыныстарын жеткізді.
Аудан әкімі Мұхтар Оразбаев аппарат мәжілісінде қаралған мәселелердің барлығы да маңызды екеніне тоқталып, бұл мақсаттағы жұмыстарды жүйелі үйлестіру қажеттігін қадап айтты.
– Қазіргі таңда елімізде жұмыссыздықты азайту үшін түрлі бағдарламалар бар. Осының барлығын тиімді пайдалануымыз қажет. Ол үшін халыққа түсіндіру керек. Кейбір ауылдың бірде-бір тұрғыны жеңілдетілмеген несие алмаса, тағы бір ауылдарда «Жастар тәжірибесі» бойынша мамандар жұмысқа тартылмаған. Сондай-ақ, тұрақты жұмысқа міндетті түрде жұмыспен қамту орталығында тіркеуде тұрған жұмыссыздар алынуы қажет, – деген аудан басшысы жұмыссыздықты жоюға бар мүмкіндіктер жасалып жатқанын айтты.
Басқосуда Мұхтар Әуесұлы ауданда жем-шөп дайындау жұмыстары әлі сылбыр жүріп жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар, бірқатар елді мекендерде пада ұйымдастыру жұмыстары дұрыс жолға қойылмағанын сынға алды.
Маңызды мәселелер талқыланған мәжіліске аудандық мәслихат хатшысы Бақытжан Жарылқап, аудан әкімінің орынбасарлары Күнтілес Назымбеков, Жалғас Сүйеубаев, қала, кент әкімдері, дербес бөлім және мекеме-кәсіпорын басшылары, эпидиемилогигиялық ахуалға байланысты ауылдық округ әкімдері онлайн қатысты.
"ҚАЗАЛЫ" ақпарат