Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қаржы жұмсауда кемшілік көп...

Қаржы жұмсауда кемшілік көп...

Кез келген жан ақша таба алады. Дегенмен ақшаны басқаруға келгенде табыстылардың өзі орта жолда ойланады. Бұл – дәлелденген тұжырым. Экономистер мен сарапшылардың жыл сайынғы зерттеуіне сүйенсек, Қазақстанның әрбір үшінші тұрғыны өзіне күмәнмен қарайды. Демек, ақшаны табу мен оны басқару арасында байланыс жоқ, нақтысы, қаржылық сауатсыздығымыз басым.
Елімізде оны арттыру және дамыту үшін мемлекет тарапынан бірнеше шара мен бағдарлама қарастырылған. Тек ел аумағында ғана емес, шетелдік тәжірибеге сүйене отырып түрлі тәжірибе жасау арқылы, әр аймақ, қалаларда семинар-тренинг жүргізіліп келеді. Себебі Ұлттық банк пен мемлекет талап еткендей, халықтың қаржы басқаруын арттыру күн тәртібінде тұрған маңызды мәселе екенін жақсы біледі.
Кіріс көзін әркім әрқалай әкеледі. Ай сайын қалтаға түсетін жалақы, уақытылы келетін зейнетақы мен жәрдемақы, кәсіптен түскен қаржы қандай да болмасын, табыс түсімін белгілейді. Ал оны тиімді жұмсау әр адамның өзіне тіреледі. Десе де, қазақстандықтардың дені ақшаны жаратудың жолында жаңылысады, себебі есеп жүргізбейді. Есеп жүрмеген жерде кіріс пен шығыстың арасы білінбейді. Сол себептен де соңғы кезде баланы ерте кезден бизнеске бейімдеу, қаржылық сауаттылығын арттыру қажеттігі ашық айтылып келеді. Бүгін «ақшаны қалай жаратып жүрміз» деген сауалға жауап іздеп көрмекпіз.

Отбасылық бюджеттің жоқтығы
Ақша – еңбектің өлшемі. Бірақ қазіргі уақытта ақша барлық мәселені шешеді. Білім алу, несие жабу, қарыз қайтару, құнды зат алу үшін де қомақты қаржы қажет. Ай сайын алақанға тиетін ақшаның қайда кететінін есептеп отыру шығынды азайтып, кірісті көбейтуге жол ашады. Алайда, отбасылық бюджеттің жоқтығынан жалақының келесі айға дейін жетпейтіні рас. Мұндайда қарыз алып күнелтудің жолын іздейміз. Бұл әлі де болса отбасылық бюджетті бекітуге немқұрайлы қарайтындығымыздың көрінісі. Себепті сырттан іздеудің қажеті шамалы. Әрине, қазір тауардың бағасы біркелкі емес, нарық құбылмалы деген кері жауаптың болатынын білеміз. Алайда, қаржы әлемін зерттеген маман Нұрбол Мұхаммедов: «Отбасылық бюджеттің жоқтығы табысы қомақты жандардың өзін табысқа жетелей алмайды», – дейді.
– Көпшілігіміз отбасылық бюджетті жүргізбейміз. Ақша келеді, кетеді. Артық қаражат жинауға тырыспаймыз. Көбейту жолдарын білмейміз. Тағы бір әттеген-айы Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау облысы қаржылық сауаттылығы төмен өңірлер қатарында. Ақша мәселесі бір күнде пайда болатын нәрсе емес, ұзақ жылдардың жемісі. Әрі бір мезетте шешіле салмайды. Бірінші, жалақыны алған күннен бастап кіріс-шығысты басқару, жинау, қосымша табыс табуға тырысу, білімін көтеріп, сол арқылы табысты жұмысқа орналасу, артық ақшаны кәсіпке салу – мұның бәрі жылдар бойы қалыптасады, – дейді Нұрбол Жалдыбайұлы.
Отбасылық бюджеттің сақталмауы үйдегі балалардың да біліміне әсер етеді. Мектепке баратын оқушылардың ақшаны дұрыс жұмсай алмауы, қажетсіз затқа қаржы шығындау, қолдағы ақшаның есебін білмеу баланы болашақта ақшаны басқаруға қауқарсыз етеді. Бұл үшін баланы ерте жастан кәсіпке, ақшаны жұмсай білудің жолдарына баулу керек. Мұны жас кәсіпкер Нұрбақыт Ділімбет те құптап отыр.
– Экономика сауда-саттықтан тұрады. Қазіргі уақытта алып-сатуды жақсы меңгерсең, кәсіпте біраз көмегі тиеді. Өйткені біздің мемлекет әлі де жас. Нарық бос, бәсеке көп. Бірақ өндіріс аз, қызмет көрсету саласы, тамақ өндірісі ширамауда. Оны игеру үшін баланы ерте жастан саудаға үйрету керек. Себебі уақыт талабы осы, – дейді ол.
Қаржы нарығында отбасылық бюджет ұғымына түрлі мысал мен анықтамалар беріледі. Ең бастысы, келіп түскен табысты жаратудың жолы мен артылған қаржыны тиімді жұмсау есепке алынады.

Кәсіпті білім ошағынан бастау
Баланы бизнеске бейімдеуде бірнеше жылдан бері «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін енгізуді көтерген болатын. Қаржылық сауаттылықты арттыруды көздейтін пәнді ҚР Білім және ғылым министрлігі қолдамасқа амалы жоқ еді. Нәтижесінде 2019 жылдан бастап еліміздің барлық мектептерінде факультатив ретінде оқытыла ­бастады. Мақсат – оқушыларға кәсіпкерлік ұғымына түсінік беріліп, алғашқы капиталды жинау тәсілдері, кәсіпкерліктің алғышартын үйрету.
Бастапқыда пилоттық жоба ретінде қолға алынған сабақ бүгінде аймақтардың жоғарғы сынып оқушыларына оқытылып келеді. Нәтижесінде аймақта «Кәсіпкерлік негіздері» пәні 35 мектепке енгізілген. Бұл туралы Кәсіпкерлер палатасы директорының әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ерлан Молдыраимов жеткізген еді.
– Жаңа бағдарлама аясында оқушыларға Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен пилоттық негізде әзірленген «Кәсіпкерлік пен бизнес негіздері» атты кітап таратылған. Оқулықта экономика, бизнес саласындағы терминдер, компания құруға дайындық, бизнес-­жоспар құрудың негізгі кезеңдері сынды материалдар қамтылған. Жылдан жылға бұл пәннің аясы кеңейіп келеді. Оқушылардың қызығушылығын арттыратын шара, семинар-тренингтер өткізіледі, – дейді ол.
Осы оқулықты көріп шығудың реті түсті. 93 беттік оқулықта кәсіпкерлік қадамдардың алғашқы әліппесі қамтылған. Әрине, тақырыптар арасында аударма берілгені де байқалады. Бизнес бағытындағы материалдарды топтастыру енді қолға алынғандықтан аудармалардың көрініс алатыны шындық. Әрі қарай Ы.Алтынсарин атындағы №204 орта мектептің 10 сынып оқушысы Арман Аманкелдіден сұрап білдік.
– Мен мектепте «Кәсіпкерлік негіздері» пәнін оқып келемін. Қазіргі уақытта керек пән. Себебі өзім қатарлы көп оқушылар келешекте қандай маман боларын білмей жүр. Қай салаға барсақ та, қаржылық сауаттылық қажет. Сабақ барысында ойша жеке компания құрып, оны басқарудың тәсілдерін үйренудеміз. Компания жұмысын табысты ету үшін әрбіріміз идея қосып, сабақты қызықты өтеміз. Бүгіннің өзінде бизнес туралы түсінігіміз қалыптасуда. Болашақта кәсіп ашуды армандаймын. Алған білімім жеке кәсіп ашуыма бағыт береді, – дейді ол.
Қазір мектеп жасындағы оқушының қолына ақша беріп бақыласаңыз, бала ақшаны басқара алмай, өзіне не қажет екенін білмейді. Демек, ақшаны игерудің жолдарын үйренбеген. Сол себепті де оқушыларға күнделікті тіршілікке ерте араластырып, нақты қаржылық жоспар құруды, кіріс-шығыстарды жазып жүруді үйрету керек. Бір кездері жастарға арналған қаржылық сауаттылық, отбасылық бюджет туралы дәрістер оқыдым. Ой түйе келе, ата-ана үйіндегі балаларына ақшаны басқару жолын үйретпейді, мектепте де айтылмауда. Мұның арты қаржылық сауатсыздыққа алып келеді.
Бизнесмен болу басты талап емес. Оқушылардың қабілетіне қарай кәсіпке икемдеу, ақшаны басқаруға үйрету мектеп мұғалімдерінің мақсаты. Еті тірі, бизнеске бейімі барлар жолын тауып, жоғары оқу орындарында кәсіп ашса, өзін-өзі жұмыспен қамти алғаны.

Жат елдік практикада не дейді?
Қаржылық сауаттылық әлем елдерінде бұрыннан бар. Жеке бизнесін ашуға мотивация беретін сабақты әр мемлекет әртүрлі үйретеді.
Мәселен, Британ билігі 2008 жылы елдегі дағдарыстың салдарынан шығу үшін оқушылардың қаржылық сауаттылығын көтеруді қолға алады. Бастапқыда факультативте оқытылса, кейіннен жалпы пән ретінде оқытыла бастаған. Бастауыш сыныпта жеке қаржы және оның жұмсалу жолдары туралы айтылады. Ал жоғары сынып оқушыларына несие, ақша жинау жолдары үйретіледі.
Еуропалықтар, әсіресе, чехиялықтар балаға келген табыс пен шығыстың арасын түсіндіреді. Тіпті, қарапайым оқушылар коммуналдық төлем, азық-түлік, киім-кешекке жұмсалатын ақшаны басқара алады. Бұл үшін қаржы және бизнес саласында тәжірибесі бар сарапшылар шақырылады.
Сол секілді АҚШ-тың қаржы министрлігі «Money as you grow» атты арнайы жоба жасаған. 3-5, 6-10, 11-13, 14-18, 18-ден жоғары жас ерекшеліктеріне сай бөлінеді. Елдегі әрбір штаттар мектептерде қаржылық сауаттылық туралы оқу курстарының материалдарын әртүрлі оқытады. Бірқатар мектептерде бұл жалпы математика пәнінде оқытылса, ендігі бір оқу ошақтарында арнайы оқу курсы ретінде беріледі. Инфляция, процент, салық төлемдерін есептеу жолдары айтылады.
2007 жылдан бастап күншығыс елі қаржылық сауаттылық пәнін мектеп пен жоғары оқу орындарында оқытады. Бұл үшін білім, мәдениет, спорт, ғылым министрліктері бірлесе қимылдайды. Мұнда арнайы білімі бар ұстаз бен қаржы әлемінде табысқа жеткен мамандар сабақ береді. Бала 6-7 жастан бастап қаржы туралы түсінігі қалыптасып, әрбір тауардың құнын білуге, 8-9 жасында жеке жоспар құрып, ақшаны тиімді жұмсаудың жолын үйренеді. 10-11 жасында жапон балалары депозит ашудың жолын біліп, 12-14 жасында үй бюджетін бекіту, кірістерге мән берсе, 15-17 жаста ұзақ мерзімді жоспар әзірлейді.
Сарапшы Жасұлан Серіковтың айтуынша, өмірде белеске жеткен бизнесменнің өмір жолы, кәсіп ашудағы кедергілері мен қадамдарын оқушыларға меңгерту қажет.
– Израиль Үкіметі бизнесте табысқа жеткен кәсіпкерлерді мектепке шақырып, оқушыларды кәсіпкерлікке үйретеді. Бұл оқу курсын оқып келген мұғалімнен әлдеқайда нәтижеге жақындайды. Ал бізде білім саласында бюрократия басым. ­Табысты кәсіпкер мектепке, не жоғары оқу орнына сабақ беру үшін оның арнайы педагогикалық білімі болуы керек. Кейде тәжірибелі маманның дәрісі әлдеқайда тиімді. Меніңше, біздің елде кәсібін жолға қойған кәсіпкерлерді шақырып, дәрісін алса, кез келген кәсіпкер оқушылармен кездесуден қашпайды. Мұны жергілікті білім басқармалары реттеу керек. Баланы бизнеске қызықтыру үшін өнеркәсіп ортасында, іскерлік алаңда сабақ ұйымдастырылуы керек, – дейді ол.
Несін жасырамыз, қазір «Үкімет өлтірмейді» деген қасаң қағидамен өмір сүретіндердің қарасы қалың. Алайда мұндай ойдан арылатын уақыт жеткен секілді. Бүгінде «құлаймын» деген қорқынышты жеңіп, шағын кәсіп ашып, алға жылжығандардың кезеңі болып тұрғанын сіз бен біз жақсы білеміз. Өйткені заман талабы осы. Ал ол үшін қаржылық сауаттылық қажет екені рас.
Хакім Абай да, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өзі де баланы ерте жастан кәсіп қылып, тірлік етуге шақырды.

А.БАҚЫТҰЛЫ
31 тамыз 2021 ж. 321 0

Қазақстанда күн жылынады

25 желтоқсан 2024 ж. 48

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031